Жалған ақпарат жарға жығады

Уақыты: 20.07.2024
Оқылды: 432
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жаркент қаласындағы Мәдениет үйінде облыстық ақпараттық-түсіндіру тобы «Әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарату және интернет, БАҚ-да этносаралық араздық пен алауыздықтарды болдырмау жолы» деген тақырыпта өңір жастары және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесу өткізді.

Басқосуда түсіндіру тобының мүшесі, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Мәди Алжанбай тақырыпқа байланысты кең көлемді әңгіме өрбітті.

Қазір интернет адамзатқа ауқымды қызмет түрлерін пайдалануға мүмкіндік берумен қатар, ақпарат ағынын арынды етуге де жол ашты. Алайда сол мүмкіндікті теріс пиғылда пайдаланатын адамдар да аз емес. Жалған мәліметтер мен теріс пиғылын көпшілікке ұсынатын, даңғаза атақ алуды көздейтіндер де көп. Мұндай ақпараттардың салдары кейде жазықсыз адамдардың жандарына жара салып, тіпті ұлт араздық оқиғалардың туындауына себепші болып жатады. Ақпараттық топ мүшелерінің негізгі мақсаты осындай келеңсіздіктердің алдын алуға әрекет ету.

Жетісу облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Асқар Қыстаубаевтың әңгімесі негізінен интернет алаяқтарының арбауына түсіп, азаматтардың сыртынан банктен несие рәсімдеу, жалған хабарламаларымен адамдарды қорқытып, қаржы талап ету, жалған ұтыс ойындарын жарнамалау мәселелеріне негізделді.

Өз кезегінде «Аманат» партиясының облыстық филиалы баспасөз қызметінің басшысы Қымбат Сейдахмет еліміздегі ұлттар татулығына көлеңкесін түсіретін жат пиғылды ағымдардың әрекетіне тосқауыл болудың жолдарын талдап, түсіндірді.

Басқосуда интернет арқылы ақпарат тарату мәдениетін қалыптастыру жөнінде жүйелі ойлар айтылды.

Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы