Субұрқаққа шомылмаңыз

Уақыты: 20.07.2024
Оқылды: 504
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жаз – энтеровирустық инфекциялар күшейетін маусым. Энтеровирустық менингит – бұл субұрқақтарда сапасыз суды тұтынумен тікелей байланысты. Белгілері –  дене қызуының жоғарылауы, құсу, бас ауру.  Энтеровирустық инфекция – бұл Коксаки және ECHO сияқты энтеровирустық серотиптерден пайда болады.  Ауру  әртүрлі клиникалық көріністермен сипатталады. Патологиялық процеске орталық жүйке жүйесі, тері жабындылары, жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабаттары, ішек, ішкі ағзалардың қабынуы кіреді.

Ауру дене қызуының 38-40 градусқа дейін көтерілуі, әлсіздік, бас ауруы, жүрек айнуы, құсу, жарықтан қорқу сынды әсерлермен басталады. Бұл белгілер жүрек, іш, бұлшық ет, тамақ ауруы, бадамша бездердегі және ауыз қуысындағы бөртпелермен бірге жүруі мүмкін. Кейбір жағдайларда мұрыннан су ағу және жөтел сияқты  белгілер байқалады. Аурудың 1-2-ші күнінде бөртпе пайда болады. Егер бұл шағымдар байқалса дереу дәрігерге қаралу қажет.

Субұрқақтардағы су дезинфекцияланбайтындықтан  ондағы бактериялар   ыстықтан көбейеді. Осындай суға түскенде инфекцияны немесе паразиттерді жұқтырып алу қаупі жоғарылайды. Шеңбер бойымен айналатын субұрқақтардың суы дезинфекцияланбайды, ағып кетпейді, сүзілмейді.  Энтеровирустардың көбеюі үшін «қолайлы» орта саналатын субұрқақ шомылуға арналмаған.

Онда  шомылғаннан кейін жай ғана суық тиіп қана қоймай,  жіті ішек инфекциясы, конъюнктивит, энтеровирусты инфекция,  вирустық «А» гепатиті сияқты ауыр ауруларға шалдығуыңыз мүмкін. Иесіз жануарлар мен құстар субұрқақтарда жүзуді ұнататынын ұмытпаңыз.  Олар да әртүрлі инфекциялардың тасымалдаушысы саналады. Субұрқақта шомылатындарға төнетін тағы бір  қауіп – құбыр, сорғы және шам. Олар әртүрлі ауыр жарақаттардың себебі болуы мүмкін. Сонымен қатар  ток соғу қаупі жоғары. Сондықтан жаз мезгілінде салқындаймын деп әр жерге суға түсе беруге болмайды.  Субұрқақтар  қауіпті сырқаттардың ошағы болуы мүмкін.

Индира Күнбасова,
облыстық СЭДБ басшысының орынбасары
Фото: depositphotos.com