Алакөлде кауіпсіздік қатаң қадағалануда

Уақыты: 20.07.2024
Оқылды: 408
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биылғы шомылу маусымы басталғалы жалпы Алакөл аумағында 1 адам суға батып көз жұмса, 12 адам құтқарылған.

Олардың 4-і кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім.

Мамандардың мәліметінше, бүгінде Жетісу өңірінде 40-тан астам ірі су айдындары бар. Оның 4-і көл, 15-і өзен, 8-і су қоймасы, 16-сы әр түрлі тоғандар. Осыған байланысты, аймақта қайғылы оқиғалардың алдын алу, бойынша түрлі шаралар қабылданған. Мұнда бірінші кезекте демалыс аймағының иелерімен оқытылған құтқарушылар және құтқару техникасымен жабдықталған ведомстволық құтқару бекеттерін ашу қолға алынған. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы азаматтардың суға барғанда қауіпсіздік ережелерін сақтау, өзін-өзі ұстау қағидаларын түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар департаменттің барлық аумақтық бөлімшелерінде облыс аумағында орналасқан табиғи және жасанды су айдындарында қадағалау кестелері жасалып бекітілген.

 – «Бүгінде Алакөлге барған адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған Ақши ауылында бір құтқару бөлімшесі жұмыс жасайды. Онда 6 арнайы техника, 13 жүзу құралы, 15 құтқарушы бар. Жақында туристердің көбеюіне байланысты аталған бөлімше тағы 4 қызметшімен толықтырылды. Сондай-ақ, қазір көл аумағы тұрақты түрде қадағаланып, күн сайын демалушы тұрғындар арасында және балалар лагерлерінде түсіндіру жұмыс жүргізіліп тұрады», – дейді Жетісу облыстық төтенше жағдайлар саласының жауаптылары.

Осыған байланысты қазіргі кезде аймақта қауіпсіздік акциясы ұйымдастырылуда. Акцияның басты мақсаты – үгіт-насихат парақшаларын таратып, демалушыларға сақтық шараларын түсіндіру. Бүгінге дейін тұсіндіру жұмыстарымен қатар 3500 данаға жуық үгіт парақшалары таратылған. Осы орайда құтқарушылар азаматтарға ішімдік ішіп, мас күйде суға шомылуға, балаларды қараусыз қалдыруға болмайтынын ескертеді. Егер ережені бұзғандар болса ӘҚБтК-нің 412-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ.

                                                          Айдын КӘЛІМХАН