КӨШБАСШЫ САЙЛАНДЫ

Уақыты: 20.07.2024
Оқылды: 213
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қоғамның қозғаушы күші, ел ертеңі саналған жастардың иығында үлкен жауапкершілік жүгі барын еске салсақ, тегеурінді екпін, терсіңді еңбек ету қажет. Ол үшін де адамның бойында мемлекетке, елге, өзі өмір сүріп жатқан қоғамға жарқын іс, жалынды жігермен үлес қосарлық сүйіспеншілік, елжандылық, еңбекқорлық қасиеттің болуы ауадай керек.

Ойын осылай деп салмақтаған «АMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын «Жастар Рухы» Жастар қанаты Жетісу облыстық филиалының IІ есеп беру-сайлау конференциясының мәні мен маңызына тоқталды. Аталған конференцияда «Жастар рухының» жаңа көшбасшысын сайлауға, аталған филиалдың 2018-2023 жылдар аралығындағы атқарған жұмысы туралы есебін тыңдауға жиналғандықтарын атап өтті.

Облыстағы белсенді жастар, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері қатысқан жиында әуелі «Jetysy jastary» КММ директоры Еркебұлан Ақболатов «Жастар Рухы» Жастар қанаты Жетісу облыстық филиалының 2018-2023 жылдар аралығында атқарған жұмысы туралы баяндама жасады. 

Өз кезегінде Халықаралық жазушылар одағының мүшесі,  «Алакөл» аудандық газетінің бас редакторы, «AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Алмат Есенбеков, «Kaz Eco Patrol» Жетісу облысы бойынша филиалының директоры, «JASYL BOLASHAQ» волонтерлік экологиялық клубының және волонтерлік қозғалысты дамыту және қоршаған ортаны экологиялық қорғау үшін мобильді экожүйенің негізін қалаушы Динара Бакирова сөз алып, жалынды жастардың қоғамдағы орны мен сапалы жұмысы туралы тебіренді. 

Ал, 3 мыңға жуық мүшесі бар «Жастар Рухы» Жастар қанаты Жетісу облыстық филиалы төрағасының қызметіне жалпы дауыс бойынша Батырбек Қайыпбай сайланды. Жиын барысында  «Жастар Рухы» ЖҚ төрағасы Ақерке Искандерова сөз алып, жетісулықтарға, жаңа қызметке отырған әріптесіне сәттілік тіледі.

АРДА БИ