Ерліктің даңқы өшпейді

Уақыты: 10.08.2024
Оқылды: 373
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Ұлттық бірегейлігімізді нығайтумен қатар, ел қорғаған ерлердің есімін жадымызда жаңғырту да маңызды», – деп атап өткен еді. Егемендіктің қадір-қасиеті – жердің тұтастығы мен елдің тыныштығына байланысты.  

Осы тұрғыдан келгенде  туған жердің шебін күзетіп, тұтастықты сақтау – әрбір азаматтың қастерлі парызы. Талдықорған қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Ерліктің даңқы өшпейді» атты облыстық  әскери-патриоттық конференцияда осы мәселелер сөз болды.. 

Шара барысында Талдықорған қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының  қызметтік істер бөлімінің бастығы Нұрсұлу Мұсабаева білім беру ұйымдарында оқушылардың  әскери оқу орнына түсуіне үгіт-насихат жұмысы және Ерлік сабақтары тұрақты жүргізіліп тұратынын айта келіп, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні аясында «Жастар сарайында» жасөспірімдер арасында «Мен сарбаз болғым келеді» атты кездесу,  9 мамыр – Жеңіс күніне арналған шаралар облыстық деңгейде ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.  Ұлы Отан соғысының батырлары Сағадат Нұрмағамбетов және Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған ерлік сабақтары да жоғары деңгейде өткен.

Келесі кезекте конференцияға қатысқан зерттеушілер мен өлкетанушылар Жетісу өңіріндегі ұлы шайқастар мен ерлік істер жайлы баяндады. Әрине, қазақ тарихының әр кезеңдегі тарихи оқиғаларымен еншілесетін Жетісу жері ел қорғау жолындағы ерлік істермен өрнектелген ұлы шайқастардың да мекені. Арысын айтсақ, қазақ-жоңғар арасында орын алған «Орбұлақ» шайқасынан қазақ жерін басқыншылардан толық азат еткен Тоқта тауындағы Соңғы шайқасқа дейінгі талай тайталасқан күрестер осы өңірде өрістеді. Сондықтан конференция мазмұны ХVІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген қазақ батырларының  ұрпақ тәрбиесіндегі алатын орнын айшықтауға бағытталды.

Панфилов ауданы «Жауынгерлік даңқ» музейінің директоры, өлкетанушы Қали Ибрайымжанов «Орбұлақ шайқасы» – ерліктің асыл үлгісі», өлкетанушы-журналист Қажет Андас «Қызылжар шайқасындағы 100 батырдың ерлік рухы», география ғылымдарының кандидаты, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жаратылыстану жоғары мектебінің қауымдастырылған прфессоры (доценті) Еркін Тоқпанов «Соңғы шайқас орын алған тарихи орын», әскери тарихшы Қайрат Қарамандаев «Қабанбай батырдың соғыс тәсілдері» деген тақырыптарда баяндама оқып, батырлардың жаужүрек рухын барынша ашып көрсетуге тырысты. Сонымен қатар, жарыссөзге шыққандар қазақ қыздарының да ел қорғау жолындағы ержүректігін еске алды. Өлкетанушы-кәсіпкер Имаш Абдырахман Қызылжар шайқасындағы 100 батырдың қатарында қаза болған Гүлайым Құдайназарқызы туралы айтып, бұрымды батырдың есімін мектеп оқулықтарына енгізу туралы ұсыныс көтерді. Ал Ермырза батырдың ұрпағы Әнуар Ермырзаев Алакөл өңірінде өткен батырлар мұрасын түгендеп, Алаш полкінің шолғыншы жасағын басқарған Қален батырды насихаттауға қатысты ойымен бөлісті. Екінші дүниежүзілік соғыс пен Ауған соғысына қатысты тың ақпараттар айтқан әскери тарихшы Қайрат Қарамандаевтың Ресей, Қазақстан, Тәжікстан архивтерін ақтарып жүріп, құрастырған «Баһадүрлер» атты кітабы таныстырылды. Бұл еңбекте Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес одағының батыры атағына ұсынылғанмен ала алмаған 161 адамның дерегі архив құжаттары бойынша жинақталған. Бұл еңбекте жетісулық 10 батыр туралы да дерек бар. 

Қорытынды сөз сөйлеген 54380 әскери бөлімі командирінің орынбасары Асхат Оспанов  конференцияның жоғары деңгейде өткенін айта келіп, мұндай кездесуді жиынжайларда ғана емес, сарбаздардың арасында, әскери бөлімшелерде ұйымдастырудың қажеттілігіне тоқталды.

Соңында бірқатар өлкетанушы ҚР Қорғаныс министрінің және Талдықорған қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.

"Жетісу-Ақпарат"