Жетісуда «Таза Қазақстан» акциясы аясында республикалық жол жиектері тазаланды

Уақыты: 22.07.2024
Оқылды: 313
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Жетісу облысында республикалық жолдардың бойында тазалық шаралары жүргізілді. Мәселен, өткен аптада Көксу, Ескелді аудандары мен Талдықорған қаласы аралығындағы ұзындығы 69,5 шақырым болатын «Алматы-Өскемен» республикалық тас жолының бойында абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға 150 адам, 21 бірлік техника жұмылдырылды. 84 тонна қоқыс шығарылып, 5 шақырым қоршау сырланды, 4,5 шақырым арық желілері тазаланып, қураған ағаштар мен шөптер шабылды.

Бұдан бөлек, облыста ғимараттардың сыртқы келбетін жақсарту, балалар, спорт алаңдарын салу, аумақтарды көгалдандыру, елді мекендерді абаттандыру бағытында іс-шаралар өткізілуде. Биылғы жылға облыстың аудандары мен қалаларын абаттандыру үшін жергілікті бюджеттен 5,5 млрд. теңге бөлінді. Соның арқасында 122 аула абаттандырылады, 117 балалар және спорт алаңдары салынады, 44 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары мен қасбеттері жөнделеді, 24,1 км арық желілері абаттандырылып, жөнделеді. Сонымен қатар, 8 саябаққа ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 115 мың ағаш көшеті отырғызылады, соның 59 мыңы егілді, қалған 56 мыңы күзгі кезеңде отырғызылады. Осы іс-шаралардың бәрі өңірдің тазалығын сақтап, келбетін көркейтуге үлкен ықпал етіп отыр.

Еске салсақ, Жетісу облысында 6 сәуір мен 18 шілде аралығында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына жалпы саны 163 мыңнан астам адам атсалысты. Соның нәтижесінде өңірде 29 514 түп көшет отырғызылды, тазарту іс-шараларына 1 220 техника жұмылдырылып, 6 369 тонна қоқыс шығарылды, 2 226 км арық желісі тазаланып, 25 826 м² автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі