Жаңа технология жанданса

Уақыты: 25.07.2024
Оқылды: 321
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әлемде тұщы судың қоры жыл санап азая бастағаны мәлім. Сондықтан егін шаруашылығында тамшылатып,  жаңбырлатып суару технологиясын жандандыру күн тәртібіне қойылып отыр. Жетісу облысында қазіргі таңда 9 мың гектарға жуық алқап осы әдіске көшіріліпті. Соның жартысына жуығы Жаркент өңірінің еншісінде.

Панфилов ауданында 37940 гектар суармалы егістік бар болса, соның 20 мың гектардан астамына жүгері дақылы өсіріледі. Жүгері дақылының тұқымы да алдымен суарылған жерге ғана себіледі.  Одан кейінгі өніп, өсу кезеңдерінде өсімдік суды көп қажет етеді. Орта есеппен жүгері жетілгенше 5-7 мәрте, тіпті кейбір құмдауыт, тастақ жерлерде 10 ретке дейін суарылып тұруы шарт. 

Соңғы жылдары құрғақшылықтан, су тапшылығынан, аудан шаруашылықтары мен шаруа қожалықтарының көбеюінен су бөлуде күрделі мәселелер туындап, егіншілер қажетті мөлшерде суару жұмысын атқара алмай жүр. Бұл мәселені аудандағы су шаруашылығы қызметкерлері қожалықтарға берілген су мен уақытты тиімді пайдалануды реттеу арқылы жолға қойып келеді. Алайда жыл өткен сайын бұрынғы су жолдары тозып, жарамсыздана бастағандықтан қиындықтар туындауда. Бұған жаз мезгілінде өзендердегі су деңгейінің төмендеп кетуі де кері әсерін тигізуде.

Биыл аудан бойынша 23378 гектарға жүгері өсірілді. Дақылдың егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4 мың гектарға кеміп отыр. Оған өткен жылғы жүгері дәнінің құнсыздануы кері әсерін тигізгені сөзсіз. Бұдан басқа 36 гектарға майлы дақылдар, 15146 гектардан астам алқапқа мал азығына арналған көп жылдық шөп, 3 мың гектарға қант қызылшасы, 1620 гектар бақша, картоп, көкөніс тұқымдары егіліп, бапталуда. 

Өңірдегі мол өнімнің негізі су шаруашылығы мекемесінің жұмысына тығыз байланысты. Қазір «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Панфилов аудандық филиалының өндірістік учаскесінде Басқұншы, Қорғас, Жоғарғы-қалалық, Бурақожыр, Үшарал, Еңбекші, Тышқан деп аталатын 7 гидроучаске бар. Онда 4 бөгетті гидроторап, 438 дана гидротехникалық құрылғы және 182 гидробекет жұмыс істейді. Биылғы  жылы мемлекеттік суландыру жүйесінен 370,0 млн. текше метр су беру жоспарланған. Су пайдаланушымен келісімшарт жасалып, 39788 гектар жерге ылғал берілді.

Өңірдегі тау өзендерін бөгеп, үлкен су қоймаларын жасау көптен бері айтылып жүрген арман. Дегенмен тау баурайларындағы өзендерді бөгеп, ірі су қоймаларын жасау оңай шаруа емес. Біріншіден, бұл іс орасан мол қаржыны талап етсе, екіншіден, елді мекендердің басым бөлігі ойпатқа орналасқандықтан су бөгеттерінің халыққа қауіпсіздігін қатаң ескеру шарт.

Қазіргі жағдайда мәселені шешудің ең тиімді жолы  егістік алқаптарына тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін кеңінен қолдану. Осы әдістерді қолдану арқылы егіншілікке қажет ылғал мәселесін шешумен қатар мол өнім жинап жүрген шаруашылықтар бар. Мысалы Айдарлы ауылдық округіндегі «Жаркент- Фрукт» ЖШС 1110 гектар алқапқа өсірген интенсивті жеміс бағының 1050 гектарын тамшылатып суарып, құмды шөлейтте жеміс бағын жайнатып отыр. Сол сияқты «Көктал-Агро» ЖШС 603 гектар жүгері алқабын тамшылатып, 400 гектар егінін жаңбырлатып суарып, гектар өнімділігін өте жоғары деңгейге жеткізді. Өткен жылдан бастап «ОТ-Агрохолдинг» ЖШС 250 гектар егістік алқаптарына осы әдісті қолдана бастады. Сол сияқты Қоңырөлең ауылдық округіндегі «Мәдина» ЖШҚ 50 гектар шабындығын, «Айсұлтан» ШҚ 50, «Нұрқайрат» ШҚ 40, «Айгерім» ЖШҚ 55, «Илиманов» ШҚ 30 гектар егістігін тамшылатып суаруға көшірсе, ауданда жаңадан 590 гектар алқапқа жаңбырлатып суару әдісін қолдана бастады. Олар «Көктал – Агро» ЖШС 400, «Аширов. Г» шаруа қожалығы 140, «Беширов. Ю» ШҚ 50 гектар алқабын жаңбырлатып суарып, жазда туындайтын құрғақшылықты жойып отыр.

Жаңбырлатып және тамшылатып суарудың тиімділігі – әдеттегі егін суаратын суды 25-30 пайыз үнемдеумен екі есеге жуық мол өнім жиналатындығында. Сондай-ақ, жаркенттіктер  егінді жинап алған соң күзде алқаптарын суарып алуға ерінбегені абзал. 

Туындаған су тапшылығына байланысты өңір егіншілері алқаптарды тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісіне көшуге талпынуда. Алайда жаңа технологияға көшу шаруаға көп қаражат талап етеді. Сондықтан мамандар шаруаларға егін алқаптарын күзде суаруды қолға алуға кеңес беріп келеді. Бұл жұмыс күн ысып, таудың қары ерігенін күтіп мамыр, маусым айына дейін қарап отырмай сәуір, мамыр айында егінді уақытынан кешіктірмей дер кезінде егуге мүмкіндік береді. Шаруа қожалықтарының көпшілігі осы әдісті соңғы жылдары тиімді пайдаланып жүр. Өткен күзде 20 мың гектардан астам жердегі жүгері, көпжылдық шөп егілетін алқап суарылыпты.

Биыл өңірде жауын жиі жауып, егіншілер судан көп тарықпады. Дегенмен айтылып отырған мәселеде таразы басын тең ұстау мүмкін емес. Өйткені бір жыл екінші жылға ұқсамайды. Бұған алдыңғы жылы жаңбырлы, өткен жылы құрғақшылық болғанының өзі айқын дәлел. Сондықтан ауылшаруашылығы өндірісіне егін суарудың тиімді технологияларын кеңінен енгізудің шараларын қарастырған абзал.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы