Бекзат күткен қойкезек

Уақыты: 25.07.2024
Оқылды: 289
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ауыл баласының ешбір күні бос өтпейді. Ерте жастан үй шаруасына араласып өсетін олардың бұғанасы ерте қататыны да содан. Алакөлдегі жазғы сауықтыру лагерінде Бекзат Сепқажы есімді баламен таныстық. Сөзге тартып көріп едік, ойын бүкпесіз жеткізіп, өміріндегі түрлі оқиғалармен бөлісті. Айтар әңгімесі де қызық.

– Есімім Бекзат. Туған жерім Қызылащы ауылы. Біз үйде 5 ағайындымыз. Ағам және үш қарындасым бар. Ауылымның табиғаты өте керемет. Тауымен сұлу көрінеді. Адамдары ақкөңіл, мейірімді.

Мен лагерьге келгелі бір нәрсеге қатты өкініп жүрмін. Бұл жаққа келерде оны ойламаппын да. Маған қатты ұнайтын дүние – ол қойдың кезегін жаю. Алакөлге демалуға келгенде өзім күтіп жүрген қойдың кезегін өткізіп алдым. Соған іштей ашуландым. Туған ағам Мағжан өзі жалғыз малды жайып келіпті. Сол күні жетекшілерімнен «Қойдың кезегін жайып, қайтып келейін» деп едім, жібермеді. Ол кісілер де қызық.

Ауылда 15 үй бірігіп, қойды кезекпен жаямыз. Кезегіміз екі аптада бір келеді. Сол аралықта демалып аламыз. Ал, оқуымыз басталған шақта кезегімізді демалыс күндеріне ыңғайлап көршілермен ауыстырамыз. Олар көбіне қарсы болмайды.

Бізде 80-нен астам ұсақ мал бар. Күнде оларды түгендеп отырамыз. Жоқтарын іздеп, үйлерді аралап жүріп тауып, қораға әкеліп қамаймыз. Әкем маған жылқы мен сиырды еш уақытта бақтырған емес. Соған қарағанда ол менің өскенімді күтіп жүр.

Қазір лагерьде демалып жатырмыз. Бұл жақта бәрі жақсы. Доп ойнаймыз, суға түсеміз. Түрлі шараларға қатысамыз. Бірақ бәрібір ауылыма жетіңкіремей тұрады. 

Медет ЖҰМАБАЙ