Жан дүниені тыныштандыратын өнер

Уақыты: 25.07.2024
Оқылды: 327
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Көнеден келе жатқан өнердің бірі – би. «Адамзаттың бірінші ұстазы» атанған ежелгі грек философы Аристотель: «Би – адамдардың мінез-құлқын, ішкі жан-дүниесін, әрекетін көрсететін таза ырғақтың көрінісі»  деген тұжырым айтады. Елімізде бишілердің тобы өте көп. Олардың арасында халықаралық деңгейдегі белестерді бағындырып жүргендері қаншама?!

Аружан Саятқызы Алакөл ауданы, Қабанбай ауылындағы Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы. Оның би үйірмесіне қатысып жүргеніне биыл 8 жыл. «Еркем-ай!» би ансамблінің мүшесі ретінде осы топтағы орны айрықша бишілердің бірі.

– Мен осы уақытқа дейін түрлі би конкурстарына қатысып келемін. Алған марапатым өте көп. Айтар болсам, аудандық деңгейде өткен би жарысында біздің ансамбль 1-орын алды. Жақында ғана облыстық сайыста үздік деп танылып, республикалық «Ақ шағала» конкурсына жолдама ұтып алдық. Ол жерде де жақсы нәтиже көрсеттік. Тұғырдан түспедік. Жалпы би менің өмірімнің бір бөлшегіне айналып кетті десем қателеспеймін. Жан дүниемді осы арқылы тыныштандырамын, – дейді ол.

Аружан хореографы Гүлдана Маратқызына алғыс айтады. Білік-білімі жоғары маман деп жетекшісін мақтайды. Оның «Еркем-ай!» би ансамбліне сіңірген еңбегі орасан екенін, тәрбиелеген шәкірттері үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүрген бишілер екенін сөз арасында атап өтті.

Медет ЖҰМАБАЙ