Әзіл-шыны аралас...

Уақыты: 27.07.2024
Оқылды: 421
Бөлім: КҮНДЕРЕК

АУДАНДА  ТҰРАТЫН АҚЫННЫҢ  АЙТҚАНЫ

Әлі ел-жұртқа танылмаған ақынмын,
Сонда дағы өлең жағын қатырдым.
Поэма ма, баллада ма, басқа ма,
Бірінен соң бірін жазып жатырмын.

Тыңдамадым еш мықтының ақылын,
Баспада да жоқ ешқандай жақыным.
Өзге қызға өлең жазсам өртеніп,
«Өртеймін!» деп өрекпиді қатыным.

Керегі не одан асқан сыншының,
Демек, мен де нағыз ұлы жыршымын.
Содан үш күн бармай қоям жұмысқа,
Қызметіме көңіл толмай қырсығып.

Өлеңім бар актуальді, Ескірген,
Соның бәрі шықпаса да кештім мен.
Келер ұрпақ талантымды бағалар,
Ал әзірше кем емеспін ешкімнен.

Рас, өлеңнің есігінен кеш кіргем,
Өзгелерден кештеу барып бөстім мен.
Шайқылығым дәл солардан кем емес,
Шарапты да кем ішпеймін ешкімнен.

Ұлылар көп өз заманы ұқпаған,
Тимесін деп тілеймін тек сұқ маған.
Ақын достар таныстырып қояды:
«Мықты ақын, – деп – еш кітабы шықпаған».

Алғандай-ақ сосын жырдың қамалын,
Өз-өзімнен қоқырайып қаламын.
Асқар таумын аспанменен таласқан,
Айдын көлмін, жатқан сайын даламын.

Келсең маған сол кезде кел, ағайын,
Той алауын маздатып бір жағайын.
Шалқытып жыр оқып берем,
Сын айтқан
Білгіштердің бұзып берем танауын.

ӘРТІС  ПЕН   ТАРТЫС (сықақ)

Ауылға Әртіс келді,
Әртіспен  бірге  ырың-жырың  тартыс келді.
Белсенділердің  жиналуы тез болды,
Қонақты  күтіп алу жайы  сөз болды. 

Қалақ тұрып: 
– Мұндай  мықты күнде келе бермейді,
Ол келген соң  сахнада
Езуі көпіршіп екі сағат  сөйлейді.
Сондықтан  су  көп болу керек,
Бүгінгі күн талабына  сай
Арақ-шарап дегенің жоқ болу керек, – деді. 

Жалақ тұрып:
– Әй, Қалақ, сен де сөйлейді  екенсің,
Көзің  бақырайып тұрса да
Ештеңе  көрмейді  екенсің.
Мұндай  адамның  алдында
Ағыл-тегіл ас болу керек.
Шипалы шұбат пенен
Құйқасы сап-сары болып піскен бас болу керек.
Содан кейін...кәнешні...
Есінен  айырылғанша мас болу керек,  – деді. 

Алдыңғы  екеуінің де  сөзіне  қосылмаған  
Салақ тұрып:
– Бас қатырып жатамыз ба  сондайға,
Сол бір  жын-сайтандарға
Әткретке бере салсақ болмай ма?
Бас дегенді  бастықтар  жейді ғой,
Мұндай бақсыларға  қой сойып
Құрта береміз десеңіздер мейлі ғой... – деді.

Сонымен ырың-жырың тартыс болды,
Турасын айтқанда
Әлгі  теледидардан көретін  айтыс болды.

Сөйтіп жатқанда Әртіс кеп қалды,
Белсенділердің  арасында
Тағы да  тартыс боп қалды.
– Алдынан   сен шық!
– Сен шық!
– Мен тоқалдан  туып па ем, өзің  шық!
– Көзің шықсын...
– Қолтығыңдағы безің шықсын!..
– Үй,  әкеңнің...
– Байдан қайтып кеп отырған  тәтеңнің...
– Ішіңнің…
– Запыранға ұқсап  сарғайып кеткен  тісіңнің...

Белсенділердің арасында осындай тартыс болды,
Қып-қызыл айтыс болды. 
Тартыс төбелеске  айналған соң
Бұғалтыр  Бүйректің  жүрегі шыдамай
«Қайтыс» болды.

Кеңседе  осындай  шу болды,
Әртіске барлық  дайындалғаны жарты шелек су болды.
Халайық жиналған  соң  концерт басталды,
Байқұс Әртіс аш қалды.

ҚАЙТА  ҚҰРУ  КЕЗІНДЕГІ ӨТІРІК  ӨЛЕҢ

Біздің ауыл жаққа да
Соқты сәуір самалы.
Күннен күнге тіршілік
Оңайланып барады.

Нарық деген жақсы екен,
Сәудегерді қатырды.
Сары май мен темекі
Емін-еркін сатылды.

Жастар қойды бұл күнде
Қала жаққа қашуды.
Ортасынан ауылдың
Клуб үйі ашылды.

Кезек деген кеселің
Баяғыда тарапты.
Жаңа ғана ап қайттым
Үш-төрт банкі томатты.

О, сұмдық-ай, барлық зат
Арзан болып кетіпті.
Сатып алдым сексенге
«Импортный» етікті.

Көзбояудың заманы
Алыс кетті деседі.
Келмесе де еш бастық
Тазаладық көшені.

Ұрлық-қарлық тыйылып,
Ішкіш қойды арақты.
Содан кейін мілитса
Жұмыс болмай тарапты.

Өтірік жоқ сөзімде,
Келмей отыр күлкім де.
Суретімді комбинат
Шығарыпты бір күнде.

Төрт құбылам түгел сай,
Әйелімді қатырдым.
Күнде айта берген соң
Телешебер шақырдым.

Қайсыбірін айтайын,
Көп осындай жаңалық.
Тек тексере көрмеңдер
Әр сөзіме қадалып.

Нүсіпбай ДОДАБАЙҰЛЫ