ДОСТЫҚТЫҢ ТУЫН КӨТЕРІП...

Уақыты: 27.07.2024
Оқылды: 397
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Нағыз достық деген не? Бұл тек бірге уақыт өткізу немесе ортақ мүдделер емес, өзара қолдау мен түсіністікке негізделген терең байланыс. Өміріміз қиындықтарға толы және мұндай сәттерде достық біз үшін күш пен шабыттың қайнар көзіне айналады. Осы орайда өзім үшін нағыз табандылық пен даналықтың үлгісіне айналған Есболған Садақбаевпен достығым туралы айтқым келеді.

2013 жылы «Ерлік» мүгедектер қоғамдық бірлестігінде Инватакси қызметіне диспетчер болып жұмысқа орналастым. Сол жерде есепшінің көмекшісі болып істейтін Есболғанмен таныстым. Жұмыстың алғашқы күндерінен бастап ол өзін кез келген жағдайда көмектесуге дайын, ісіне жауапкершілігі мол адам ретінде көрсетті. Жұмыстың қыр-сырын шыдамдылықпен түсіндірді.

Есболған жай ғана әріптес емес, өз өнегесімен шабыттандыра алатын жан. Бала кезінен арбаға таңылғанына қарамастан оның өмір жолы жетістіктерге толы.
Есболған Бақтыбай ауылында туып-өскен. Ата-анасының қолдауының арқасында мектепті үйден бітіріп, ағылшын тілін өз бетімен жетік меңгереді. Ал «Ерлік» мүгедектер қоғамдық бірлестігінде мүмкіндігі шектеулі жастарға ағылшын тілін, шахмат және компьютер үйретті.

Досымның тағы бір белесі – Оңтүстік Кореядағы білім алмасу бағдарламасына қатысуы. Аталған бағдарламаға Есболғанды қосқанда 10 мемлекеттен 10 қатысушы қатысты. Үш кезеңнен тұратын іріктеуден сәтімен өтіп елімізге оралды. Бұл тәжірибе оның білімін толықтырып қана қоймай, оның өз қабілетіне деген сенімін нығайта түсті.

Анасы ұлын өмір бойы асырап келеді, ана махаббатының, сенімі мен қолдауының арқасында Есболған колледжге сәтті түсіп, «есепші-экономист» мамандығы бойынша білім алады. Еңбек жолы Роза Ақжаркенованың ықпалымен «Ерлік» қоғамдық бірлестігінде басталып, осында 10 жыл еңбек етіп, кейін Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚО) ауысты. Онда әріптестері мен басшылығының көмегімен Есболған тәжірибелік дағдыларды меңгеріп, білікті маман атанды. Оның ендігі тірегі – отбасы, жары мен екі ұлы жаңа белестерді бағындыруға итермелеп келеді. 

Оның табандылығы мен дарындылығының тағы бір дәлелі, Есболған шахматтан Қазақстан Республикасы чемпионатының қатысушысы. Бұл оның кәсіби тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар өзінің жеке хоббиінде де дамуын жалғастыратынын көрсетеді.    Біздің достығымыз жылдар өткен сайын нығая түсті. Оның жұмыс кестесі мен өміріндегі өзгерістерге қарамастан араласуға және кездесуге уақыт табамыз. Бұл сәттер біз үшін жай ғана көңілді уақыт емес, ақыл мен кеңес айтып, сырласу сәті. 

Есболған Садақбаевпен арадағы достық мен үшін баға жетпес байлық. Мен оны қорғауға және бағалауға тиіспін. Бұл асыл қасиет бізге қиындықтарды жеңуге күш беріп, жаңа биіктерге жетуге шабыттандырады. Достық физикалық қабілеттерге немесе өмірлік жағдайларға байланысты емес; ол шынайылық, сыйластық және өзара қолдау негізінде құрылады. Сондықтан да әр адам достықты бағалап, құрметтеуі тиіс деп санаймын.

Эльмира СМАҒҰЛОВА