ҰЙЫМШЫЛДЫҚПЕН ӨТКІЗДІ

Уақыты: 19.04.2018
Оқылды: 1059
Бөлім: КҮНДЕРЕК

    Жазиралы  Жаркент  өңірінің  жұрты   жерден  қар  кетісімен  елді  мекендердің  көшелері  мен  үй аулаларын тазалауға кіріскен болатын. Әз  Наурызды  мұнтаздай  тазалықпен, үлкен  сән-салтанатпен  қарсы  алған  тұрғындар енді  бау-бақшасын  байытып,  жеміс  ағаштарының  көшеттерін  егуге  білек сыбана кірісті. Биыл аудан  бойынша  жалпы 2 мыңға жуық саялы ағаш  көшетін егу жоспарланған.

 

    Игілігі  мол  осы  мақсатты  жүзеге  асыру  үшін  қазір  жаркенттіктер  көше  мен  жол  бойларына  сән  сыйлайтын  саялы  ағаш  көшеттерін    отырғызуда. Арнайы    өсірілген  терек  көшеттері  мекемелер  мен  кәсіпорындарға  таратылуда. Сәуір  айының  алғашқы  онкүндігіне  дейін ауданда  1547  тал  егіліпті. Бұл  іс  әлі  де  жалғастырылуда.
    Өңірдегі  13  ауылдық,  қалалық  округте  апта  сайын  өткізіліп  келе  жатқан  сенбіліктерге белсене  қатысқан  тұрғындар  қазір  87  көшені, 4906 ауланы,  46  шақырым  су  жолын, 30  шақырым  автожол бойын  күл-қоқыстан  тазартып,  30  көшені  жарықтандырып, 38  шаршы  метр  қоршау  шарбақтар  орнатыпты.
    Аудандық  тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылық бөлімінің  басшысы  Арман  Тазабековтың  айтуынша, айлық  кезінде ауыл  мен  қала  тұрғындары, ұйымдары  мен  кәсіпорын  ұжымдары, студенттер елді  мекендерді санитарлық  тазалық  пен  көгалдандыру акцияларына  белсенділікпен  атсалысқан. Соның  нәтижесінде  қаладағы  саябақтар, Алматы – Қорғас  тасжолының  бойы  қоқыстардан  тазаланып, жол  бойындағы  ағаштар  бұталып,  әктелген. 
    Өздері  тұратын  елді  мекендердің  көркейе  түсуіне  барлық  ауыл,  қала  тұрғындары  атсалысқаны  байқалады. Ортақ  істі  атқаруға  жергілікті  кәсіпкерлердің  әртүрлі  техникалары  мен  тұрғындардың  ат арбалары  да  жұмылдырылған. Жұмыстың  пәрменді,  тоқтаусыз  жүргізілуі  үшін  қаржы  бөлініп,  округтерге  әк,   жанармай  сатып  алынып,  жеткілікті  мөлшерде  берілген. Қорыта  айтсақ,  елді  мекендердің  тазалығына  қатысты  жалпы  жағдай  жылдағыдан  жоғары  деңгейде. Нәтижесінде  аудан  орталығы  мен  ауылдар  көріктене  түскен.

Мырзағали  НҰРСЕЙІТ
   Панфилов  ауданы