МЕКТЕП ЖАҒДАЙЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 27.04.2018
Оқылды: 976
Бөлім: КҮНДЕРЕК

   Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Талғар қаласындағы «Спиртзауыт» ықшамауданында орналасқан №4 мектеп-лицейге арнайы ат басын бұрды. Оған іргесі сонау 1936 жылы қаланған ескі мектептің сын көтермес жағдайы себеп болған екен.

 

   Жалпы білім беретін 480 орынды бұл мектепте қазір 612 бала білім алуда. Олардың арасында 27 оқушы биыл 11-сыныпты бітіріп, ҰБТ тапсырмақ. Мұнда 11 бастауыш сынып комплекті, 2 мектепалды топтары бар.
– Ескі мектептің кабинеттері стандартқа сай келмейтіндіктен жетіспейді. Физика, химия кабинеттері лабораториялық құрылғылармен мүлдем жабдықталмаған. Спортзалы да талапқа сай емес. Терезелері ескірген. 3 кабинеттің жылу жүйелері дұрыс жұмыс істемейді. Жауынды күндері төбеден су тамшылап, салдарынан кабинеттер көгеріп кетті, – дейді №4 мектеп-лицейдің директоры Гүлмира Кусекбаева.  
   Айтқанындай-ақ, 10-сынып оқушыларының жартысына жуығының көктің иісі аңқып тұрған кабинетте маскамен (бетперде) отырғандығын көзіміз көрді. 82 жылдық тарихы бар, екі қабаттан тұратын мектепке осы уақытқа дейін ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмепті. Сондықтан болар, әбден тозығы жеткен білім шаңырағының сау-тамтығы қалмаған. Бұл жерге арнайы келген Жақсылық Омардан жақсылық күткен мектеп ұстаздары мен ата-аналар жамыраса жағдайларын айтып қалуға тырысып бақты.
– Қыста балаларымыз сырт киіммен отырып оқуға мәжбүр. Салқын тиіп, жиі ауырып қалады. Балаларымыздың қауіпсіздігіне де алаңдаймыз. Электр сымдарының тозығы жеткен. Су құбыры бір-ақ жерде бар. Шіріген еденге балаларымыздың аяғы түсіп кетеді. Спортзалы мүлдем сын көтермейді, – деген мектептің қамқоршылық ұйымының төрайымы Нұргүл Бекенқызы қолына көтерген папкасын ашып, мектептің тозған көріністерін айғақтайтын альбомды алдымызға жайды.
   Мектеп сыныптарын аралаған Жақсылық Мұқашұлы сөз арасында оқушылармен пікірлесті. Олардың оқу үлгерімдерімен қатар қандай үйірмелерге қатысатындығы, не қызықтыратыны жайлы да сұрап-білді. «Балалы үйде ұрлық жатпас» деп бекер айтпаған ғой. Жақсылық Мұқашұлының жүзіндегі жылылық пен мейірімді сезінген балалардың жарыса білдірген ойлары бір арнаға тоғысып жатты. Ол, әрине, мектептің жаңалануы қажеттігі. Өздері үлгермесе де артынан ілескен іні-сіңлілері жарқыраған мектепте еш алаңсыз білім алса екен дейді. Дәретхана іште болып, спорт алаңдары да заман талабына лайық жабдықталса дегендей тілектер де айтылды. 
   Аталған мектептің бастауыш сыныптары оқитын ғимарат пен балалар асханасы сын көтермейтін қалыпта. Аядай асханада балалар тікесінен тік тұрып ас ішуге дағдыланған. Мектептің қоршалмай, ашық-шашық болуы да  ата-аналардың тынышын кетіретін көрінеді. 
   Жақсылық Мұқашұлы Елбасының апатты және үшауысымды мектептерді болдырмау тапсырмаларына орай алдағы жылы бұл мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, қосалқы ғимарат салу мүмкіндіктерінің қарастырылатындығын айтты. Сондай-ақ, мектеп басшылығына ғимараттың ескілігінің білім сапасының төмендеуіне кері әсерін тигізбеуі тиіс екендігін ескертті.

Ұлболсын ИСАБЕК.
Талғар ауданы.