АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: СҮЙІНБАЙДЫҢ СҮЙЕГІ ҚАЙТА ЖЕРЛЕНДІ

Уақыты: 25.11.2019
Оқылды: 1141
Бөлім: КҮНДЕРЕК

1418 күнге созылған сұрапыл соғыста Кеңес Одағы құрамындағы барша азамат жеңісті жақындатуға атсалысты.

Сол соғысқа Ұйғыр ауданы, Сүмбе ауылының тұрғыны Нүсіпбай ақсақалдың қос ұлы Тұңғышбай мен Ұзақбай және інісі Сүйінбай қатысып, майданда қаза тапты. Нүсіпбай мен Әскелең ана қос ұлдары мен бауырлары Сүйінбайды жоқтап жүріп, өмірден өтті. Не дейік, Ресейдегі «Патриот» іздестіру жасағының ерен еңбегінің арқасында Сүйінбай Мазыбаевтың сүйегі Ресейдің Воронеж облысы, Семилуки ауданы аумағынан табылып, туған жеріне қайта жерленді.

Қаралы жиында Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахунов сөз алды. Ресейдің Воренеж облысына қарасты Семилуки ауданына қарасты «Патриот» іздестіру жасағының мүшесі Сколевой Андрей Алексеевич сөз сөйледі. Содан соң облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Талғат Дәулетханов, «Аталар аманаты» республикалық Ұлы Отан соғысында із-түзсіз жоғалған жауынгерлерді іздестіру» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әлия Сағымбаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Сейітов, сол ауылдың түлегі Тұрарбек Төлендиев, майдангер атамыздың жиені Марс Нүкеев ой-тілегін ортаға салды.

Ауылдың бас имамы Бақтияр Ахметов аруақтарға арнап құран бағыштады. Осылайша, Сүйінбай Мазыбаевтың сүйегі Жаңасай ауылының шетіндегі зиратқа жерленді.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Ұйғыр ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды