"4 ПАЙЫЗЫ ҒАНА ОРЫНДАЛҒАН": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЕҢ СОҢҒЫ ОРЫНДА

Уақыты: 26.11.2019
Оқылды: 866
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Облыстағы экологиялық мәселелердің ең күрделісі әрі өзектісі – тұрмыстық қатты қалдықтарды реттеу. Сонымен бірге, тұтыну қалдықтары көлемінің артуы, сәйкесінше тұтыну қалдықтарын орналастыру нысандарының, яғни, заңсыз қоқыс орындарының артуы қоршаған табиғи ортаға залалын тигізіп, адам өмірі сапасының төмендеуіне әкеп соғуда.

Республикалық деңгейде көтеріліп отырған мәселені шешу мақсатында былтыр ҚР Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетімен жерді қашықтықтан зондтау жүйесін (Геопортал) құрды. Өткен айда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы және аудандар мен қалалардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдерінің басшыларымен Геопортал жүйесі мәліметтерін қолдана отырып, заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау, оларды жою және қалдықтардың заңсыз орналасуына жол бермеу мәселелері бойынша жиын өтті.

Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдарға Геопортал деректеріне сәйкес қысқы кезең басталғанға дейін облыс бойынша анықталған 867 заңсыз қалдық үйінділерін жою және тазарту бойынша санитарлық жұмыс жүргізу, заңсыз қалдық үйінділерінің тазартылғаны туралы ақпарат беру тапсырылды.

Биыл экология департаментінің мамандары аудан және қалалардың жергілікті мемлекеттік атқарушы органдары мамандарының қатысуымен Геопортал деректеріне сәйкес 437 нысанға зерделеу жұмысын жүргізді. Нәтижесінде, 437 нысанның 422-інде қоқыс үйінділері анықталып, анықталған дерек бойынша зерделеу актілері рәсімделіп, фотоматериалдармен толықтырылды. Сәйкесінше жергілікті әкімдікке белгіленген уақытқа дейін қоқыс үйінділерін арнайы орындарға шығару туралы тапсырма берілген болатын.

Жақында аудандар мен қалалар әкімдіктерінің 11 айлық есебі мен биылғы жылдың алдын ала қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіровтің қатысуымен жиын өтті. Онда облыс бойынша экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділов Геопортал деректері бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізілмей жатқан жұмыстар мен олқылықтарды, кемшіліктерді баяндап, аудандар мен қалалардың әкімдеріне геопортал деректерін қолдана отырып, елді мекендерді заңсыз қоқыс үйінділерінен тазарту жұмысын жеделдету тапсырылған еді. Соған қарамастан республикалық Геопортал «Ғарыш сапары» орталығынан алынған ақпараттарға жүгінетін болсақ, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы және жергілікті атқарушы органдар тарапынан аталған мәселе бойынша атқарылған жұмыс көңіл көншітпей тұр.

Өйткені, экология департаменті тарапынан бірнеше рет берілген тапсырма мен ескертуге қарамастан Қапшағай қаласында 9, Ақсу ауданында 13, Текелі қаласында 15, Көксу ауданында 34, Ескелді ауданында 46, Жамбыл ауданында  60, Талғар ауданында 72, Талдықорған қаласында 76, Қарасай ауданында 87, Қаратал ауданында 96, Еңбекшіқазақ ауданында  99, Іле ауданында 219 заңсыз қоқыс үйіндісі болып отыр. Геопортал деректерімен анықталған заңсыз қоқыс үйінділері жойылмаған және осы күнге дейін арнаулы полигондарға шығарылмаған.

Жақында өткен бейнеконференцияда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті тарапынан осы мәселеге қатысты жұмыстың 4 пайызы ғана орындалғаны қатаң сынға алынды және облысымыздың ел бойынша соңғы орында екені аталып өтті. Экология департаменті облыстағы барлық деңгейдегі әкімдіктер мен жергілікті атқарушы органдардың арнайы мекемелеріне таяуда жоғарыда аталған заңсыз қоқыс үйінділерін жойып, ақпарат беруді жүктейді. Тапсырма орындалмаған жағдайда облыстық әкімдікте есептері тыңдалып, қатаң шара қолданылатынын ескертеді.

ҚР Экологиялық кодексінің 292-бабының 1,3-тармақтарында «Жергілікті атқарушы органдар коммуналдық қалдықтардың қауіпті құрауыштарын бөлек жинауды, сақтауды, ұдайы әкетуді, қайта өңдеуді, кәдеге жаратуды және залалсыздандыруды, сондай-ақ, елді мекеннің аумағын тазартуды көздейтін, коммуналдық қалдықтарды жинаудың ұтымды және экологиялық қауіпсіз жүйесін ұйымдастыруға жауап береді» және «Жергілікті атқарушы органдар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін коммуналдық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау, қайта пайдалану, полигондарда орналастыру жөніндегі қажетті ин- фрақұрылым құруды және оның жұмыс істеуін көздеуге тиіс» делінген.

Бүгінге дейін жергілікті атқарушы органдардың департамент тарапынан берген тапсырмаларға салғырттық танытқаны үшін мәселені шешу бағытындағы жұмыстардың орындалмай қалу қаупі бар екенін ескертеміз.

Ерасыл БЕКЖАНОВ,

Алматы облыстық экология департаментінің бас маманы