"БІЗДІҢ БАҚЫЛАУЫМЫЗДА": ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КЕҢЕС БЕРДІ

Уақыты: 27.11.2019
Оқылды: 861
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Jetisy Media» алаңында қысқы маусымдағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, жылу маусымында пешті және электр құрылғыларын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау ережелері баяндалған баспасөз мәслихаты өтті.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Асқар Тасболатұлы баяндамасында қысқы маусымда көлік жолдарында орын алу мүмкін төтенше жағдайларға баса назар аударды.

– Қысқы маусымға дайындық барысында қар басып қалу ықтималдығы жоғары тасжолдар анықталды. Төтенше жағдай бола қалған жағдайда 13 жылыту және 6 медициналық пункт жұмыстары жүйеге қойылды. Одан бөлек, 383 техника апаттық құтқару жұмыстарын жүргізуге дайын тұр. 274 эвакуациялық техника да көмекке әзір. Қазіргі таңда көлік жолдарының қысқы маусымға әзірлігін анықтайтын комиссия өз жұмысын жүргізуде. Одан бөлек, облыстағы қар басып қалу қаупі бар теміржолдар да біздің бақылауымызда,– дей келе, облыс тұрғындары мен қонақтарына және көлік жүргізушілеріне күтпеген төтенше жағдайларға дайын жүруін өтінді.

Жиында мамандар көлікте міндетті түрде алғашқы медициналық көмек жабдықтары, жылы киім, су мен алғашқы қажеттілік заттардың және күрек, дөңгелекке арналған шынжыр, парафинді майшам және басқа да төтенше жағдай кезінде қажетті заттардың болуы керектігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, аяз бен боранда жолда қалып қойған болсаңыз, көліктен алыс ұзамай, жолдағы басқа көліктердің немесе арнайы көмектің келуін күту керектігі айтылды. Мамандар жолдағы оқыс оқиғаны болдырмау үшін сапарға шығар алдында үнемі ауа райын бақылап отыруға кеңес берді.

Айсұлу ЧЕЛЕКЕН

Алматы облысы