"КУРСТАР ҰЙЫМДАСТЫРДЫҚ": ХАЛЫҚТЫҢ ЦИФРЛЫҚ САУАТЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Уақыты: 27.11.2019
Оқылды: 939
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жыл басынан бері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офистері арқылы 6,3 миллион электронды цифрлық қолтаңба берілді.

Электронды үкімет порталының қызметтерін онлайн алуға мүмкіндік беретін кілт иелерінің белсенділігін ХҚО-ға келушілер санының азаюынан байқауға болады. 10 ай ішінде мемлекеттік корпорация тарапынан 24,4 миллион қызмет көрсетілді, бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 4 миллионға немесе 16,4 пайызға азайса, қызметтерді өз бетінше алғандардың үлесі 3,7 миллионға көбейген. Бұл туралы Үкімет отырысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева айтып берді.

«Халықтың цифрлық сауатының артуына былтыр барлық облыстарда ашылған Цифрлық қызмет көрсету орталықтары әсер етті деп ойлаймын. Біз ол орталықтарда электронды үкімет порталын пайдалануды үйрететін курстар ұйымдастырдық. Қызметкерлеріміз әр облыс, қала, аудандарда 73 мың семинар-лекция өткізіп, электронды қызметтерді алуды үйренгендерге 1,3 миллион сертификат табыстады», – деді басқарма төрайымы.

Цифрлық ХҚО-лардың ерекшелігі «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету аймағының болуында. Бұл – фронт-офис қызметін трансформациялау тұжырымдамасы аясында енгізілген жаңашылдық. Оған сәйкес фронт-офистің 60 пайызы өзіне-өзі қызмет көрсету, 40 пайызы операторлар қызмет көрсететін аймақтан тұрады. Биыл еліміздегі барлық «Connection point» секторында 13 миллионнан аса азаматқа түсіндірме-кеңес беру жұмыстары жүргізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 миллионға артық көрсеткіш.

Мемлекеттік корпорация қызметкерлері, сондай-ақ, көшпелі акциялар ұйымдастырып, әскери бөлім, емхана, мемлекеттік органдар қызметкерлерін оқытып, колледждер мен ЖОО студенттеріне egov.kz-пен жұмыс істеуді үйретті.

Жоспар бойынша 2020 жылы тағы бір цифрлық ХҚО Алматы қаласында ашылады, ал egov.kz-пен жұмыс істеу дағдыларын 1,4 миллион азаматқа үйрету көзделіп отыр.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ баспасөз қызметі