"ЕРЛІК ЖАСАЙТЫН ШАҚ": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖАС КӨШБАСШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 29.11.2019
Оқылды: 1375
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған қаласындағы "Көктем Гранд" көпқабатты кешенінде Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы-2019» жастар сыйлығын табыстау салтанаты өтті.

«Жастық шақ – ерлік жасайтын шақ», - деп Стендаль айтпақшы, еліміздің жалынды жастары мемлекетіміздің серпінді дамуына өз үлесін қосып келеді. Әсіресе, Алматы облысы жастарының қарқыны ерекше. Облыс әкімдігі тарапынан мемлекеттік, қоғамдық істерге белсене араласып, әр салада жарқырай көрінген жастарды ынталандыру мақсатында жыл сайын «Көшбасшы» жастар сыйлығын табыстау дәстүрге айналған.

Биыл барлығы 20 номинация бойынша жастар жұмысы сарапқа салынып, өзінің қарым-қабілеті, озық ойы, ақыл-парасаты, атқарған істерімен даралағандар анықталды.

Биылғы марапаттау бұрынғыдан өзгерек. 3D форматындағы шоу, жастардың қызыл алаңмен келуі - барлығы әр сала үздігі өзін шынайы жеңімпаз ретінде сезіну үшін жасалған.

Салтанатты шарада Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ сөз алып, жастарға мемлекет мол үміт артатынын, еліміздің болашағы өскелең ұрпақтың қолында екенін, сондықтан жастарды білім мен спортқа бейім, жігерлі, ұшқыр ойлы, бастамашыл болуға шақырды.

- Облысымызда 400 мыңнан астам жас бар. Олармен жұмысты жүйелі түрде жүргізу мақсатында аймақта ауқымды істер атқарылуда. Жоғары және арнаулы орта оқу орындарында 206 студентке облыс әкімінің арнайы грантын тағайындап, оған 174 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, бүгінде "Дипломмен - ауылға" бағдарламасы, "Жастар тәжірибесі" арқылы жас мамандарға зор қолдау көрсетіліп отыр, - деген аймақ басшысы әрбір істің артында орасан еңбек пен жастарға шексіз қамқорлық жатқанын жеткізді.

Көшбасшы атанғандардың қатарында "Жетісу" газетінен екі тілші бар. Нақтырақ айтсақ, "Үздік жас журналист" аталымында әріптесіміз Мәулен Әнербай топ жарды. Ал сыйлыққа биыл бірінші рет енгізілген "Үздік жас әдебиетші" аталымын Мұхтар Күмісбек иеленді. Бұл - біздің газет жастарының алғырлығын, қай салада да қатарластарының алдында жүретін бастамашылдығын көрсететін айқын дәлел.

Көшбасшыларға Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың арнайы дипломы, естелік мүсінше және 250 000 теңгенің сертификаты табысталды. Барлық жеңімпаздар арасынан жасы небәрі 16-да болса да, "Үздік жас ерікті" атанған Жазель Серікқызы құттықтау сөз сөйлеп, жастар барлық салада көшбасшы болуға бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.

- Ерікті ретінде жұмыс істегеніме екі жылдан асты. Былтырдан бері "Жетісу еріктілері" тобына жетекшілік етемін. Колледж кезінде тобымыздағы білімгерлермен бірге "Айналайын" балалар үйіне бардық. Сонда бір кішкентай балақай жаныма келіп: "Ана, мені қашан алып кетесің?" - дегенін естігенде, көзіме жас үйірілді. Жаным ашыды. Содан бастап өзіме жағдайы төмен жандарға қолымнан келгенше көмектесемін деп серт еттім. Бүгінгі марапат мені одан сайын ынталандырып, жігерімді жани түсті. Бағытымның дұрыстығына көз жеткізді. Талай жұмысты бастауыма серпін берді, - деген жас ерікті ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Сахна төріне 2009 жылдан бүгінге дейін өз кезінде үздіктердің үздігі атанған жандар - әр жылдың көшбасшылары көтерілді. Олар жеткен межесінде тоқтап қалмай, жігерлене отырып биікке ұмтылған. Бірі проректор болса, енді бірі - бір ауылдың әкімі. Тарқатып айтсақ, 20 аталым бойынша топ жарған үздіктердің тізімі мынадай:

1. «Үздік жас мемлекеттік қызметші» - Чепель Владимир Сергеевич (Ақсу ауданы);
2. «Үздік жас спортшы» - Ақбаева Баян Мұсағалиқызы (Талдықорған қаласы);
3. «Үздік жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы - Қалибек Әсем Абайқызы (Талдықорған қаласы);
4. «Аудандық жастар ресурстық орталығының үздік маманы» - Ілебаев Айбек Қасымханұлы (Еңбекшіқазақ ауданы);
5. «Ауыл шаруашылығының үздік маманы» - Бекмырза Ержан Ердосұлы (Панфилов ауданы);
6. «Үздік студент» - Есімжанқызы Еркежан (Талдықорған қаласы);
7. «Үздік жас әскери - қызметкер» - Әлібаев Бауыржан (Алакөл ауданы);
8. «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының үздік көшбасшысы - Тохтажынов Ерсұлтан Ержанұлы (Талдықорған қаласы);
9. «Үздік жас ғалым» - Қалдарбекұлы Өмірұзақ (Талдықорған қаласы);
10. «Үздік жас отбасы» - Әбішевтер отбасы (Кеген ауданы);
11. «Үздік жас кәсіпкер» - Есеншораева Әдемі Ұланқызы (Балқаш ауданы);
12. «Үздік жас батыр» - Рыйзабеков Алмас Ермекұлы (Ескелді ауданы);
13. «Үздік жас әдебиетші» - Мұхтар Күмісбек (Талдықорған қаласы);
14. «Үздік жас ерікті» - Дакубаева Жазель Серікқызы (Талдықорған қаласы);
15. «Үздік жас өнерпаз» - Мадиев Асхат Талғатұлы (Талдықорған қаласы);
16. «Үздік жас дәрігер» - Нұрмадиев Дархан Серікжанұлы (Ескелді ауданы);
17. «Үздік жас ұстаз» - Жайлаубаева Назгүл Нұрланқызы (Талдықорған қаласы);
18. «Жасыл ел» жасағының үздік сарбазы - Тұрғанбаева Зере Айбынқызы (Талдықорған қаласы);
19. Жастар үкіметтік емес ұйымының үздік көшбасшысы - Бақыткелдіұлы Бақтияр (Кеген ауданы);
20. «Үздік жас журналист» - Әнербай Мәулен Даниярұлы (Талдықорған қаласы).

2019 жылдың үздігі атанған 20 жас маман көпке үлгі болып қана қоймай, жетістіктен жетістікке жету арқылы елге еңбек сіңіріп, алдағы уақытта үлкен істердің жанынан табылатындарына сендірді.

Еңлік ҚАБДЕШ

Алматы облысы