"ҚАТАҢ ЗАҢ КЕРЕК": ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚАҢҒЫБАС ИТТЕР ҚАУІП ТӨНДІРІП ТҰР

Уақыты: 06.03.2020
Оқылды: 1982
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ит – адамның досы, жеті қазынаның бірі. Әйтсе де, бүгінгі қоғамдағы адам досының рөлі әртүрлі. Мәселен, біреу үйде күзет ретінде пайдаланса, енді бірі арнайы басқа иттермен төбелестіру үшін баптайды. Одан қалса, асыл тұқымынан тараған күшіктерін саудаға салатындар да баршылық. Жә, бұларды қойшы, бұл заман талабына сай қалыпты жағдай. Дегенмен де, көше кезіп жүрген қаңғыбас бұралқы иттер мәселесі майшаммен қаралатын сауалға айналып бара жатқандай.

ҚАУІП

Үй жануары көшеде қалғанда жаңа ортаға бейімделе отырып, жабайыланады не болмаса өлім құшып жатады. Ал аман қалғандары болса, жадында сақталған дерек бойынша жылу мен тамаққа қарай ұмтылады. Сондықтан, оларды үй маңынан жиі кездестіреміз. Ит қоқыс маңын жағалап, аштан өлмес үшін тағам қалдықтарын іздеуге көшеді.

Жылдан-жылға иттің адамға шабуылы көбеймесе, азаяр емес. Жеңіл-желпі жарақатпен шектелсе ғой. Кейбірі мүгедек арбасына таңылса, енді бірі көз жұмып жатады. Ең сорақысы – иттің кесірі балаға тиетіні. Абайсыз қимыл қаншама адамның тағдырына балта шабады десеңізші?!

Статистикалық мәліметтердің өзі қорқынышты. Алматы облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мәліметінше, өткен жылы медициналық мекемелерге 7334 адам ит қапты деп шағымданған. Сондай-ақ, барлығының медициналық көмекке жүгінбей, қолдарын бір сілтейтіндерін ескерсек ше?!

Қараусыз ит – құтырма, лептоспироз, токсоплазмоз, дифиллоботриоз деп басталатын ұзын-сонар тізімдегі түрлі аурудың қоздырушысы. Қауып алса, арты құтырма ауруына әкеліп соғуы бек мүмкін. Сондықтан да, шұғыл медициналық көмек көрсетіліп қана қоймай, ары қарайғы ем-дом алу қажет. Егер ретін білсеңіз, алғашқы медициналық көмекті де көрсете аласыз. Ол үшін алдымен жара орнын тазалап, байлап қою керек. Содан кейін барып маман көмегіне жүгініп, жараны тіктіру әрі 24 сағат ішінде құтырмаға қарсы екпе салдыруды ұмытпаған жөн.

Бұралқы иттерден бөлек, мысық та қауіп туғызады. Оған Талдықорған қаласы тұрғыны Назымның басынан өткен мына оқиға дәлел. Жер үйде тұратын ол:

– Күнделікті үй шаруасымен айналысып жүрдім. Бір уақытта көше мысықтарының бірі кіріп кетті. Үйіміздегі «Рыжик» болса бөтен мысықты көре сала атылып, екеуі төбелесе кетті. Мен сыпыртқымен, қолыма түскен швабрамен айыруға тырыстым. Бірінші мойындарынан ұстап, ажыраттым. Ашуға берілген екеуі де қолымнан тырнап алды. Содан кейін сақтықта қорлық жоқ деп, ауруханаға бардым. Ол жерде екпе салып, дәрі жазып, жарақатты таңып берді. Қазір ойлап қарасам, сабынсу шашуым керек еді. Өйткені, мысықтар суға аса жолай бермейді ғой, – деді.

МЕЙІРІМ

Талдықорған қаласында 3-ші, 5-ші шағынаудандар мен «Хутор» маңында қаңғыбас иттер көбейіп кетті дегенді естіп, істің анық-қанығын зерттедік. Алдымен бұрынғы «Талдықорған қаласының ветеринария бөлімі» ММ ветеринарлық пункттері бар ветеринариялық стансыға хабарласқан едік. Мамандар қала тұрғындарынан күніне 30-40 қоңырау түсетіндігін жеткізді. Көбі: «Қалада қаңғыбас иттер қаптап кетті. Тек жүрсе ештеңе емес, көлденең адамға шауып, қабатындары көбейді. Әсіресе, балаларға қауіпті. Жағдайды ушықтырмау үшін бұралқы иттерді аулап, көзін жою керек», - дейді екен.

– Үйлердің арасымен жүру қауіпті. Бос жүргендері тістеп алудан тайынбайды. Егер иелері болса, байлаулы болуы керек. Жіберсе де, тұмсыққап кигізулері тиіс. Қасында адам болғаны дұрыс. Ал бұралқы иттерді ату керек, – дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Азамат.

Алайда талдықорғандықтардың бәрі бірдей бұл пікірді қостамайды. Бастарына іс түспеген тұрғындар ит аулаушылардың ісіне қарсы болып, олардың техникасын бүлдіріп, өздерін қарғап-сілеп кетеді екен. Ветеринарлық стансы қызметкерлері күніне 15-тен 40-қа дейін ит ұстайды. Алайда сұраныстың бәрін өтеуге үлгере алмаймыз дейді ит аулаушылар.

– Ит иелері өздерінің үй жануарлары қаппайтындығын айтады. Қожайыны басқа жақта, «досы» болса тұмсыққап пен байлаусыз балалар көп ойнайтын жерді айналшықтап жүреді. Оларға ит қашып, жоғалып кетеді-ау яки ойнап жүрген бала абайсызда құйрығынан басып кетіп, тістеп алады деген мәселе ойларына кіріп шықпайды. Біз, әдетте, мойнында қарғыбауы бар иттерге тиіспейміз. Бірақ адамдар қолына үйреткен жануарға да ие бола алмайды. Кей ата-аналар баласын мектепке «досымен» бірге жібереді. Соңынан басқа балалар зардап шегіп жатады, – дейді аға фельдшер Болатжан Тоғасов.

Ит жақсы өмірден емес, иесінің немқұрайдылығынан көше кезеді. Көшеден көретін әрбір ит-мысық – бұл біреудің үйіндегі асырандылар. Белгілі бір әнде «Ит «ит өмірден» тістейді» деген жол бар емес пе? Сол сияқты олар «ит өмірге» иесі қарамағандығынан тап болады. Кей асыл тұқымдысы бұралқымен шатысып, күшігін болса керек қылмай, көшеге лақтырып кетеді. Туа сала қатыгездік көрген олар өз тағдырына мойынсұнады.

Осы мәселеге қатысты «ЗООКЛУБ» қоғамдық қорының директоры Вероника Гузенко ит аулау мекемелерінің басым көпшілігі тиісті күтім мен барлық медициналық процедураларды өткізгеннен гөрі, жануарды оп-оңай ажал құшағына тапсыру оңай екенін айтады.

– Біріншіден, бұралқы ит пен мысықтарды аулап, көзін жоюға бөлініп жатқан миллиондаған ақшаның бір бөлігі ветеринарлық клиникалар мен жануарларды стеризациялауға бөлінсе, 5-7 жылдан кейін қалада қаңғыбас жануар қалмас еді. Екіншіден, асыранды ит-мысықтарын далаға қуып, қаңғыртып жіберетін иелерін жауапқа тартатын қатал заң керек, – деген Вероника Гузенко биостерилизация әдісін қолданған әлдеқайда дұрыстығын алға тартады. Қаңғыбас иттердің проблемасын олардың күшіктеуін тоқтататын стерилизация жүргізу арқылы шешуге болатынын айтқан ол:

– Екі ай ішінде жануарға ешкім тиісуге қақысы жоқ. Иесіз иттің санын реттеу үшін бірінші төртаяқтыға еш зиянсыз аулау жұмыстары жүргізілуі тиіс. Одан кейін стерилизация жүргізіліп, 60 күн бойы вольерларда күтім жасалады. Соңынан иесін табуға көмек қолын созамыз. Бірлестіктің әрбір мүшесі табылған бұралқыны мүмкіндігінше өзіне алып, ем-дом шараларын жүргізіп, жылылық пен мейірімге толы үй тауып беруге тырысады, – деп өз ойын жеткізді. Сондай-ақ, қоғамдық қор басшысы жеке тұрғын үй маңайында кездестірген әрбір иттің «ит өмірге» дейін үйі болғандығын айтады.

Одан бөлек, иесі бар иттердің өз ветеринарлық төлқұжаты болуы шарт. Итті жеті қазына деп білетін жандар олар үшін жауапты екендіктерін жадынан шығармауы тиіс. Ит иттігін жасаса кімге кінә артамыз деген мәселені ойлануымыз қажет.

ДОС

Қолға үйретілген төртаяқты өздерінің достарын қауіп-қатерден де құтқарады. Оның жарқын мысалы - Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі шығыс-европей овчаркасы Джульбарс. Жарты жылдың ішінде бір өзі 8 мыңға жуық мина мен 150 снарядтың көзін жоюға көмектескен. Одан басқа мысал, жарылыс құрылғыларын іздеуге үйретілген Джина гарнизонда ең үздіктердің бірі болған. Қызмет кезінде 20 фугас снарядын тапқан. Жауынгерлер овчкарканы сатып алғысы келіп, ол үшін қомақты қаржы ұсынған. Келіссөзден нәтиже шықпаған.

Маша атты мысық ше? Қыстың қақаған суығында анасы қорапқа тастап кеткен үш айлық баланы құтқарып қалған. Тоңып қалмасын деген Маша оны ажалдан аман алып қалды. Одан бөлек, ол өткен-кеткеннің көңілін қорапқа аударту үшін барын салды. Тістеді, секірді, тырмалады. Кейде ит-мысықтың адамнан гөрі мейірімділік пен жанашырлыққа толы екендігін естен шығарып жатамыз.

ТҮЙІН: Көшеде қаңғыбас бұралқыны кездестірсеңіз, аулақ болыңыз. Тиісті мекемеге бірден хабар бергеніңіз абзал. Егер қамқорлығыма аламын десеңіз, алдымен ветеринар дәрігерге көрсетіп алған дұрыс. Ал қамқорлығыңызға алғаннан кейін француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» шығармасындағы «Қолға үйреткеніміз үшін өзіміз жауаптымыз» деген жолды әркез естен шығармасақ екен.

Еңлік ҚАБДЕШ

Алматы облысы