ЛАЗЗАТ ТҰРЛАШОВҚА "АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ" АТАҒЫ БЕРІЛДІ

Уақыты: 12.04.2020
Оқылды: 1026
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Селекторлық режимде өткен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысынан кейін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Президент тапсырған жұмыстарға баса назар аудару керектігі жайлы айта келіп, жауапты басқарма басшылары мен орынбасарларына тапсырма жүктеді. Жиын соңында Амандық Ғаббасұлы өзінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовты 60 жас мерейтойымен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің құттықтау хатын оқып, табыс етті. Сонымен қатар, Лаззат Махатұлына «Алматы облысының Құрметті азаматы» төсбелгісін тапсырды.

Алдымен Мемлекет басшысымен өткен селекторлық жиынды тарқата кетсек. Маңызды жиынға барлық министрлік пен құқыққорғау органдарының басшылары және облыс, қала әкімдері қатысты. Отырысты жүргізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемді жаулаған індет жайлы сөз қозғап: «15 сәуірде төтенше жағдай режимі туралы Жарлығымның мерзімі аяқталады. Төтенше жағдай режимін, кем дегенде, сәуірдің аяғына дейін созуға тура келетіні қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Біз коронавируспен ауырудың шарықтау шегін әлі өткізген жоқпыз. Індетке қатысты жағдайды жеңілдетуге болмайды. Осы себепке байланысты карантин режимін елордада, Алматы мен Шымкентте және тиісті облыстарда сәуірдің аяғына дейін созуды тапсырамын. Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені, халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұл отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы», – деп атап өтті.

Бұдан кейін төтенше жағдай кезінде қандай шаралар атқарылып жатқандығы жайлы жауапты министрліктер ақпар берді.

Бірінші болып Үкімет басшысы  А.Мамин баяндама жасап, елдегі ахуалды жеткізді. Карантиндік жүйенің қатаң сақталуының арқасында індеттің өршуі біршама бәсеңдегені тілге тиек етілді. Мұнымен қоса, дағдарысқа қарсы жұмыстың да өз ретімен жүріп жатқаны баяндалды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Төтенше жағдай кезінде кіріссіз қалуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жіберілетін төлемге ұсыныстар түсіп, алдыңғы төлемдер қолдарына тигенін, әйтсе де мемлекеттен беріліп отырған көмекті алу кезінде бірқатар заңсыздықтар анықталып жатқанын жеткізді. Бұл қатарда ұсыныс беру кезінде жұмысынан айырылмағандар, мемлекеттік қызметкерлер, шет мемлекетке көшіп кеткендердің атынан есепшот ашқандар бар. Министрлік осы заңсыздықтардың алдын алу мақсатында іс-шара атқарып, оларды анықтап жатыр. Сондай-ақ, әлі де есепшот ашып үлгермегендер жеткілікті. Банк пен «Қазпошта» бөлімшелерінің алдында үйіріліп тұрған халықтың қарасы көп. Сондықтан, министрлік жаңа жобаны іске қосқан. Мәселен, өтінім беруші өзінің өтінішін онлайн режимде қалдырады, оны тиісті орындар нақтылағасын есепшоты ашылғанша 30 сәуірге дейін тосады. «Бұл да халықты сабырға шақырудың бір түрі, – деді ол. 

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та өзіне қатысты ақпараттармен бөлісіп, денсаулық саласындағы медицина қызметкерлерінің жай-күйін жеткізді.

Жауапты министрлердің сөзінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысты ширатуды тапсырды. Төтенше жағдай режимін қатаң сақтап, заңсыздыққа жол бермеу жайын қадап айтты. Мұнымен қоса бағдарламаның орындалу барысына жіті көңіл бөлуді, Үкіметке көп бағдарламалардың санын қысқартып, бір әмбебап бағдарлама құру керек шығар деген ұсынысын айтып, мұның бәрін қайта бір қарап шығуды жүктеді.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Алматы облысы