АЛАКӨЛДІК КӘСІПКЕР ДЕНЕ ҚЫЗУЫН ӨЛШЕЙТІН ҚҰРЫЛҒЫЛАР СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 11.04.2020
Оқылды: 832
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Айдынды Алакөл өңіріндегі тағы бір игілікті істі айта кеткеніміз жөн. Өңіріміздің өр тұлғалы азаматының бірі, «Белгібаев» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Нұрлан Белгібаев өз қаражатына ауданға 30 дана пирометр сыйға тартты.

Бұл құрылғы адамның дене қызуын анықтау үшін таптырмас дүние. Айта кетерлігі, әр аппараттың құны 32 мың теңгені құрайды.

Қазіргі жағдайға назар аударсақ, жылдам әрекет ету және қолымызды мезгілінен кеш сермемеу үшін өте қажетті қадамдар жасалуда. Соның бірі ретінде Нұрлан Белгібаевтың халыққа деген қамқорлығын ерекше атап  өтуге болады.

Аудан әкімі Әлібек Жақанбаев Нұрлан Бейсенбайұлына қалың жұртшылықтың ризашылығын жеткізіп, аталған құрылғыларды өңіріміздегі мекемелерге теңдей бөліп берді. Сонымен бірге, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен Жетісу жерінде түңлігін көтерген тегін бетперде тігу және халыққа тарату ісі Алакөл ауданында да өз жалғасын табуда.

Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен өңірмізде мың дана қорғаныш бетпердесі таратылып, жұрт риза болып қалды. Себебі, барлық жерде бетперде жетіспеушілігі орын алып, бір реттік бетперденің құны да көтеріле бастаған. Ал жастардың игілікті ісінің басты мақсаты көпреттік бетперде тігіп, сырқаттың алдын алу және ретсіз ақша жұмсауды тыю болып  отыр.

Бұл іске «JJ» фитнес орталығы да атсалысып, өз тарапынан 100 бетпердені халыққа тегін таратты. Аудан аумағында екі жыл шамасында өзінің қайырымдылық істерімен көрініп жатқан «Бір арман» еріктілер тобының мүшелері де қарап қалмай, көмек қолын созуда.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы