КОРОНАВИРУС: ПОЙЫЗДАН ТҮСКЕН АДАМДАРДЫ БАҚЫЛАУДА ҰСТАЙМЫЗ

Уақыты: 12.04.2020
Оқылды: 989
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Әлемді дүрліктірген коронавирус біздің елге келгелі өңірімізде дереу сақтық шаралары қолға алынып, аудан көлемінде зарарсыздандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Адам көп шоғырланатын базарлар мен қоғамдық орындар алаңына зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қоғамдық тәртіпті сақтау барынша күшейтіліп, сауда орындарының жұмыс уақытына шектеу қойылды. Шетелден келген азаматтарды бақылауда ұстау, ауру таралмауы үшін арнайы орындар белгіленді. Осы жайында толығырақ білмек болып Қаратал ауданы тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Ербол Сейсенбиновпен тілдескен едік.

– Ербол Қайырханұлы, әлем елдеріне таралған коронавирус жұқпасы бүкіл адамзатты алаңдатып отыр. Елімізде сақтық шаралары қабылданып, нақты іс-шаралар жасалып жатқаны белгілі. Ауданымыздағы хал-ахуал жайында әңгімелесеңіз. Жұқпалы індетке қарсы аудан көлемінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Дүниежүзінде коронавирус пандемиясының орын алуына байланысты Қазақстанда, соның ішінде Қаратал ауданында да белсенді жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, қазіргі таңда аудан бойынша орталықта адам көп жиналатын орындарды зарарсыздандыру жұмыстарын жасауға арнайы топ құрылды. Бұл іске дәрі тасымалдауға, шашуға арналған автокөлік жұмылдырылған. Мамандар адамдар көп шоғырланатын автобекет, теміржол вокзалы, халыққа қызмет көрсету орны, банк секілді ғимараттардың алдына құрамында хлоры бар дәрі шашады. Сондай-ақ, сауда орындары, қоғамдық тамақтану орындарында кәсіпкерлермен бірлесе індетке қарсы жұмыс жүргізу бойынша қаулылар таратылды. Осы қаулыға сәйкес әр кәсіпкер санитарлық режимді күшейтіп, ғимарат ауласын тазарту жұмыстарын жасауы керек. Қазақтан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес жұмыс уақыты қысқартылды.

– Қазіргі таңда ауданда зарарсыздандыру жұмыстарын толыққанды жүргізу үшін дезинфекция жасалатын қоспалар жеткілікті ме? Жалпы, зарарсыздандыру жұмыстары кезінде қандай препараттарды қолданасыздар?

– Иә, бүгінде аудан көлемінде зарарсыздандыру жұмыстарын жасау үшін қоспалар жеткілікті. Қазіргі таңда құрамында хлоры бар зарарсыздандырғыштарды қолданып жатырмыз.

– Адамдар Үштөбе теміржол бекеті арқылы ауданға келіп, кетіп жатады. Теміржол арқылы Қытай, Ресейге барып келетін жолаушылар бар. Пойыздан түскен адамдарды қалай бақылайсыздар? Тексеретін арнайы орындар бар ма?

– Қазіргі таңда пойыздан түскен адамдарды бақылауда ұстау бойынша медициналық қызметкер мен біздің басқармадан адамдар бөлінді. Келіп-кеткен жолаушыларға бақылау жүргізіп, кезекшілік ұйымдастырады. Шетелден келген азаматтар ҚР бас дәрігерінің қаулысына сәйкес бақылауда. Ресей, Оңтүстік Корея секілді елдерден келген адамдарды шекарадан өткен сәттен бастап қадағалауға алады. Қай елді мекенге келгені жайлы мәлімет жергілікті басқармаларға беріліп отыр. Біз адамдармен тікелей жұмыс жасап, қажет болған жағдайда оқшаулау жұмыстарын жүргіземіз. Ауру симптомы бар адамдар арнайы провизорлық орындарға жатқызылады. Ауданда коронавирус ауруымен ауырған адам тіркелген жоқ.

– Шетелден ауданға қанша азамат келді? Олармен қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Пандемия жарияланғаннан бастап біздің ауданға шетелден 23 азамат келген. Оларды үйде оқшаулау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жақын арада оқшаулау уақыты бітеді. Бас санитардың қаулысына сәйкес олар үйлерінде 14 күн жатады. Екі апта ішінде медициналық қызметкер барып, дене қызуын, симптомы бар ма, жоқ па, соны анықтайды. Он төрт күннен кейін он күндік «телефондық қоңырау» дейді, хабарласып, мән-жайды біліп отырамыз. Шетелден, Оңтүстік Кореядан, ең соңғы азамат 5 наурыз күні ауданға келді. Олардың барлығы біздің бақылауымызда.

– Біздің аудан облыс орталығы – Талдықорған қаласына жақын орналасқан. Жуырда Талдықорған қаласында өткен брифингте Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел бүгінде Талдықорған қаласында тәулік бойы жұмыс жасайтын 4 санитарлық пост қойылады деген еді. Бұл посттар Қаратал, Ескелді, Ақсу және Алматы тас жолына қойылады делінген. Осы жайында айтсаңыз.

– Иә, Талдықорған қаласымен шегаралас аудандарда санитарлық посттар жұмыс істеп тұр. Бұл посттарда құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен санитарлық эпидемиологиялық басқармасының мамандары арнайы тепловизорлармен жолаушыларды тексеріп жатыр. Жолаушылар арнайы анкета толтырып, мәлімет береді. Осының бәрі қауіпсіздік үшін жасалып жатқан шаралар. Коронавирусқа қарсы күрес күшейтілді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы