ТАЛДЫҚОРҒАН ӘУЕЖАЙЫ ДУБАЙ АЙМАҒЫНАН ҚАЙТҚАН 128 АЗАМАТТЫ ҚАБЫЛДАЙДЫ

Уақыты: 11.04.2020
Оқылды: 2250
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған əуежайы бүгін бортында Біріккен Араб Әмірліктерінен елге оралатын 128 қазақстандық азамат бар ұшақты қабылдайды. Бұл жайлы Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Біріккен Араб Әмірліктеріндегі "Шарджа" халықаралық әуежайынан Талдықорған бағытындағы әуе қызметін еліміздің белгілі авиакомпанияларының бірі жүзеге асырады.

Облыс орталығының əуежайы күшейтілген қауіпсіздік шараларын қабылдауда. Əуе қатынасының қызметкерлері вирусқа қарсы костюмдермен қамтамасыз етіледі. Жолаушылардың барлығы бортта бірден санитарлық дəрігерлердің тыңғылықты тексеруінен өтеді, олардың дене қызулары тепловизорлармен өлшенеді.

- Келген жолаушылармен неғұрлым аз байланыс жасауды қамтамасыз ететін алгоритм дайындалды. Облыс əкімінің тапсырмасына сəйкес, əуежай қызметкерлерінің, санитарлық  дəрігерлердің жəне осы операцияға тартылған басқа да азаматтардың əрекеттерінің əр қадамы хатталып,  ерекше бақыланатын болады. Отанына оралған қазақстандықтар автобустарға отырғызылып, карантинге жатқызылатын орынға жеткізіледі. Олардың бəрі коронавирус инфекциясына анализ тапсырады. Жолаушылардың барлық жүгі мен жеке заттары дезинфекциялау құралдарымен өңделеді. Келген азаматтардың карантиндік режимді сақтауын құқық қорғау органдары бақылайтын болады, - деп түсіндірді облыс əкімінің баспасөз қызметі өкілдері. "Бұлар сол жақта тұрып, жұмыс істеген немесе түрлі жағдайларға байланысты сол жақта қалып қойған біздің азаматтарымыз. Бұл рейстің қонуы мен оны қабылдау Республикалық штабпен келісілген жəне оны орындау, келген жолаушылар мен облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету - біздің азаматтық парызымыз", - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Карантин уақыты біткеннен кейін жолаушылар тұрғылықты жерлеріне жөнелтіледі. Алдын ала мәліметтер бойынша, ұшып келгендер Талдықорған немесе Текелі қалаларына карантинге жатқызылуы мүмкін.

Бүгінде 128 қазақстандық келе жатқан Біріккен Араб Әмірліктерінде коронавирус жұқтырғандар саны 3300-ден асқан. 16 адам көз жұмған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"