ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА ҰРЛЫҚ ҮСТІНДЕ ҰЙЫҚТАП ҚАЛҒАН МАСКҮНЕМ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 15.04.2020
Оқылды: 1057
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қарасай аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне Жаңатұрмыс ауылының 30 жастағы тұрғынынынан үйіне масаң күйдегі белгісіз адамның кіріп кеткені туралы хабар түскен. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 149-бабының 2-тармағы бойынша тергеу басталды.

Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары жеке үйдің бірінші қабатында ұйықтап жатқан ер адамды ұстап, оның 45 жастағы жергілікті тұрғын екенін анықтаған. Үй иесінің айтуынша, ол үйдің ауласында, ал оның анасы екінші қабатта үйді жинап жүрген. Үйіне кірген иесі төргі бөлмеде мас күйде ұйықтап жатқан «шақырылмаған қонақты» көрген. Ер адамның қонақ бөлмедегі үй иесінің жинап қойған алкогольдік ішімдіктерін, тәттілерін тауып алғаны және «заңсыз табысын» сол жерде ішіп-жегені белгілі болды. Сонымен қатар, ауылдасы оқиға орнында ұйықтап қалған.

Полицейлер оятқанда масаң күйдегі азамат оқиғаның қалай болғанын және не үшін бұл үйге келгенін түсіндіре алмаған. Есін жинаған күдікті азамат сот шешімі шыққанға дейін мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.

Тұрғынжайға онда тұратын адамның еркiнен тыс кiру және ол жерде заңсыз тiнту жасау дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 149-бабының 2-тармағына сәйкес "шақырылмаған қонақ" сотта жауап беретін болады. Алматы облыстық полиция департаментінің мәіметінше, заңсыз әрекеті үшін ол айыппұл арқалаудан бастап, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды