АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖЕТІНШІ АДАМ КОРОНАВИРУСТАН АЙЫҚТЫ

Уақыты: 15.04.2020
Оқылды: 1015
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Еңбекшіқазақ ауданында коронавирус диагнозымен тіркелген алғашқы науқас ауруханадан шығарылды. Ол Алматы облысы бойынша аталған індеттен жазылған жетінші адам. Сондай-ақ, Қарасай ауданында да бір адам вирустан айықты. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Науқастанып, жазылып шыққан 59 жастағы азамат - Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласының тұрғыны. Ол 26 наурызда Өзбекстаннан үйлену тойында болып келген. 28 наурызда шұғыл медициналық көмек бригадасы оны Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек би ауылындағы ауылдық аурухананың обсервациялық бөліміне жеткізген еді.

Науқаспен қарым-қатынас жасаған 13 адамнан ауруханада вирусологияға талдау алынды. Олардың барлығының нәтижесі теріс болып шықты. Науқасқа 14 сәуірде қайта жасалған талдау қорытындысы теріс нәтиже көрсетті. Пациенттің шағымы жоқ, жағдайы қанағаттанарлық.

Мұның алдында Қарасай ауданы, Қаскелең қалалық инфекциялық ауруханасынан тағы бір адам емделіп шықты.

Еске салсақ, 1952 жылы туған Жамбыл ауданының тұрғыны ауруханаға 30 наурыз күні түскен болатын. Пациентпен қарым-қатынас жасаған адамдардың барлығы анықталып, дәрігерлер бақылауына алынған. 14 сәуірде сырқаттан қайталай алынған вирусологиялық анализ қорытындысы теріс нәтиже көрсетті. Қазір пациенттің жағдайы жақсы, шағымы жоқ. Сонымен, Алматы облысында коронавирустан жазылғандар саны 7 адам болды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды