БӘС ТІГЕТІН БУКМЕКЕРЛІК КЕҢСЕЛЕР ҚАПШАҒАЙҒА КӨШІРІЛЕДІ

Уақыты: 16.09.2020
Оқылды: 1017
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қапшағай қаласына букмекерлік компаниялар көшірілмек. Бұл жайында Қапшағай қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Заң жобасына енгізілген өзгерістерге байланысты республика көлеміндегі букмекерлік кеңселердің ауысатын аймағы Қапшағай екені белгілі. Соған орай, Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаевтың төрағалығымен жиын өтті. Қазақстан Букмекерлер қауымдастығы, Букмекерлік өзін-өзі реттеу ұйымы, мемлекеттік мекемелер мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен болған басқосуда алдымен кеңселердің қаланың қай аумағында орналасатындығы талқыланды.

Жиында ойынханаларға қарастырылған Алматинская, Сейфулина, Индустриальная көшелерінің бойы букмекерлік кеңселерге де ұсынылды. Өз кезегінде арнайы келген меймандар жүргіншілер көп жүріп-тұратын аумақтар берілсе деген өтініштерін айтты. Сонымен қатар, ол нысандарға қатысты су, жарық, жылу, жиілік күші жоғары интернет секілді бірқатар талаптар да қойылды.

Жалпы, санақ бойынша елімізде 99 кеңсе болса, соның 66-сы қазіргі таңда нақты жұмыс істеп жатыр. Негізі өңірге кеңселер көптеп қоныс тепсе, қаланың әлеуметтік-экономикалық динамикасы ұлғайып, халықтың жұмыспен қамтылуы артпақ. Одан басқа, аймақтағы салық түсімінің молаюына бірден-бір ықпал етпек.

Жиын соңында қонақтар тарапынан қажеттіліктері нақты көрсетілген хат жазылып, соның нәтижесінде қала басшылығы және сала мамандары бірлесіп, жұмыс істейтін болып шешілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"