АДАМ ӨЛТІРУ ДЕРЕГІ БОЙЫНША ТЕРГЕЛІП ЖАТҚАН АЗАМАТТАН ЕСІРТКІ ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 09.10.2020
Оқылды: 1260
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының полицейлері кісі өлімін тергеу барысында күдіктіден ірі көлемдегі есірткі затын тапты.

Шелек полиция бөлімінің кезекші бөліміне Еңбекшіқазақ ауданындағы ауылдардың бірінің тұрғынынан көшеде зорлық-зомбылық белгілері бар мәйіттің табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған дерек  ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 1-бөлігі «Адам өлтіру» бойынша тіркелді. Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы іш қуысына салынған пышақ жарақаты салдарынан қаза тапқан 32 жастағы жергілікті тұрғынның жеке басын анықтады.

- Қылмысқа қатысы бар деген адамдардың барлығын тексере отырып, Шелек полиция бөлімі ЖПҚБ учаскелік инспекторлары 1991 жылы кісі өлтіргені үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылған және ауласынан қан іздері табылған 54 жастағы Қ.Бижанов ауылының тұрғынын анықтап, ұстады. Сонымен қатар, оның ас үйінен қан іздері бар пышақ та табылды. Ұсталған адам ұсынылған дәлелдемелерден кейін кісі өлтіргенін толық мойындады, - дейді Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Талғат Сейілханов.

Оқиға болған орынды тексеру барысында Шелек полиция бөлімінің тергеушісі, полиция капитаны Г.Адактилос кәсіпқойлық пен ұқыптылық танытып, гаражда құрал-саймандар мен тақталардың астына жасырылған, сараптама марихуана деп таныған, жалпы салмағы 2 келі, 570 грамм болатын, есірткі заты бар 6 пакетті тапты.

Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы, 3-бөлігі («Ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау»)  бойынша тіркелді.

Күдікті қазіргі таңда қамауға алынған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан