БЕС ТҰРҒЫН "ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ" АТАНДЫ

Уақыты: 11.10.2020
Оқылды: 1309
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорғанның Қала күні аясында Салтанат сарайында мерекелік шара өтті. Онда денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне пәтер кілті табысталып, елге еңбегі сіңген жандарға «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сонымен қатар, мерекеге орай өткізілген байқауда топ жарғандар марапатталып, бағалы сыйлыққа ие болды.

Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов мерекемен құттықтап, облыс орталығының даму қарқыны мен жаңадан бой көтеріп, халық игілігіне қызмет етіп жатқан нысандарды сөз етті. «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағын айқындайтын куәлік пен төсбелгі Алматы облысы және Қазақстан Республикасының спорт саласында Еңбегі сіңген азамат Рахымбек Төлендінов, Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының әртісі Мәкен Нұрмұхамбетова, Талдықорған обаға қарсы күрес стансысы директорының орынбасары Валерий Сапожников, зейнеткер Хабдулла Ибрайымханов және «JLC сүт» ЖШС директоры Ольга Богдановаға берілді. Сондай-ақ, Ғалымжан Райылұлы Қала күніне орай ұйымдастырылған ән, жыр челленджінің жеңімпаздарына ноутбук пен ұялы телефон сыйлады.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли болса, Жетісу жеріндегі ауылшаруашылығы, құрылыс саласындағы көрсеткіштерді тілге тиек етіп, коронавирус індетімен күресуге бағытталған ауқымды шараларды назарға ұсынды.

- Індетпен күрес шараларына жергілікті бюджеттен 12,1 миллиард теңге бөлінді, соның 7,3 миллиард теңгесі екінші толқынға дайындық шараларына бағатталып отыр. Үш компьютерлік томограф, 18 рентген аппараты, 150 өкпені жасанды желдету және басқа да медициналық құрал-жабдықтар сатып алдық. 180 "Жедел жәрдем" көлігі мен 12 жылжымалы медициналық кешен жаңаланды. "Жедел жәрдем" бригадасының саны 165-тен 205-ке көбейді. Бұл тұрғыда демеушілердің көмегі де көп тиді. 55 күнде инфекциялық аурухана тұрғызылды, – деген Рустам Әли медицина мамандарының қажырлы еңбектерін ерекше атап өтті. Осы салада тер төгіп жүрген 16 қызметкерге пәтер кілтін табыстап, жыл соңына дейін тағы 48 үй берілетінін қуанышпен хабарлады.

Салтанатты шара барысында жүрекжарды лебіздерін арнаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Талдықорған обаға қарсы күрес стансысы директорының орынбасары Валерий Сапожников, Алматы облыстық «Jetіsý» газетінің бас редакторы Әміре Әрін және Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков Талдықорғанның күн санап көркейіп жатқанын, әлем жұрты көз тігіп, арнайы көру үшін келетінін мақтанышпен айтты.

Салтанатты шара коцерттік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар Талдықорған жайлы туындыларды орындады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы