ӘРБІР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ ӘДІЛ ЖӘНЕ ҚАРАПАЙЫМ БОЛУЫ ТИІС

Уақыты: 11.10.2020
Оқылды: 1310
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ләззат БЕЙСЕҚҰЛОВА Текелі қаласы әкімдігінің басшылығымен және қызметкерлерімен кездесті. Онда мемлекеттік қызмет саласындағы әдеп қағидаларын сақтау, мінез-құлық стандарты, имидж, қоғам тарапынан айтылған сынға себепкер болмау мәселелері айтылды және талқыланды.

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекеттік қызметтегі маңызды фактор барлық мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін немесе қызметтік әдеп қағидаларын сақтауы болып табылады. Өздеріңіз білетіндей, мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық бейнесіне жоғары талаптар қояды.

Қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін атқаратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны - Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенім білдіреді.

Мемлекеттік қызметшілер қызметтік уақыттағы мінез-құлықтың жалпы стандарттарын, сондай-ақ, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттарын ұстануға, адал, әділ, қарапайым болуға, қабылданатын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге, өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, жалпы алғанда елдің мемлекеттік қызметінің имиджін қалыптастыратын жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды ұстануға тиіс.

Мемлекеттік қызмет үшін имидждің функционалдық және мәртебелік мәні бар. Бұл халықтың оған деген сенім деңгейінің көрсеткіші және қоғамның басқарушылық қызметтің, мемлекет жүргізіп отырған қайта құрулардың тиімділігін бағалау өлшемі болып табылады.

Қазіргі уақытта мемлекет қызметшілердің имиджін арттыру қажеттілігіне қатысты мәселелерге елеулі көңіл бөледі. Мемлекеттік жүйені дамытудағы басым бағыттардың бірі - Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшісінің жағымды имиджін қалыптастыру және нығайту. Жиында осы бағыттағы мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, алдағы уақытта мемлекеттік аппаратты қысқарту мен оңтайландырудың, мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің факторлық-балдық жүйесін енгізудің, ауыл әкімдерін сайлаудың маңызды аспектілері мен қыр-сыры қозғалды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"