«Ауыл аманаты» – тиімді жоба

Уақыты: 09.10.2023
Оқылды: 833
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға жақсы көмегін тигізуде. Айта кетейік, халық табысын арттыруға бағытталған аталмыш жобаны іске асыруға биыл өңірге республикалық бюджеттен 3,2 млрд. теңге бөлінді.

Қаратал ауданы Жасталап ауылының тұрғыны Ерғазы Болат «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде жылдық 2,5% мөлшерлемемен 3 млн. 420 мың теңге қарыз алды. Осы қаражаттың 3 млн. теңгесі 6 сиыр, қалғаны шөп сатып алуға жұмсалады.

– Аспандияр ағамен бірге мал өсіреміз. Біз 7 жылға қарыз алдық. Төлемді 2025 жылдан бастаймыз. Бір жыл үзіліс болады. Яғни, бұл қаражат жинап, содан кейін оларды дұрыс таратудың жақсы мүмкіндігі. Оған қоса жылдық 2,5% ғана. Сол себепті «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындары үшін тиімді деп санаймыз, – дейді Ерғазы Болат.

Бүгінде ағайындыларда 20 бас ірі қара бар. Бұл олардың табысының негізгі көзі және олар өз күштерімен қажеттінің бәрін қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді.

Көксу ауданы Мұсабек ауылынан келген тағы бір ауыл тұрғыны Әнуар Мұсабек «Ауыл аманаты» жобасының мүмкіндігін пайдаланып, алынған қаражатты 10 жыл бойы айналысып келе жатқан мал шаруашылығы саласын дамытуға бағыттады.

– Жоба аясында алынған қаражатқа 8 млн. 400 мың теңгеге 200 бас ұсақ мал сатып алынды. Қойдан басқа сиыр мен жылқы бар. Бұл жақсы жоба және менің көптеген ауылдасым оған қатысқысы келеді, – дейді фермер.

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» шеңберіндегі несие мерзімі 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін, ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы несиенің ең көп сомасы - 2,5 мың АЕК немесе 8,6 млн. теңге, шағын және орта шаруа (фермер) қожалықтары немесе ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін (зәкірлік кооперация) - 8 мың АЕК немесе 27,6 млн. теңгеге дейін, номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5% - дан аспайды.

Айгүл Байжұмақызы
Фото: ашық дереккөзден