Бизнес ауқымы ұлғая түседі

Уақыты: 29.01.2018
Оқылды: 1308
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгінде отандық бизнес дамудың даңғыл жолын тауып, өз жұмысын жүйелі жалғастыруда. Әсіресе, біздің облыста билік пен бизнес қоян-қолтық араласып жұмыс атқаратындықтан кәсіпкерлердің мүддесін қорғау жақсы жолға қойылған. Айталық, өткен жылдың соңында  облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен облыстық кәсіпкерлер палатасы Талдықорған қаласындағы Көрме кешеніне көшіп, Нариман Әбілшайықовтың басшылығымен тыңғылықты жұмыс атқаруға кірісті.

«Жас келсе – іске» дегендей, жақында жаңа басшы өңірдегі кәсіпкерлік саласы жайында жазып жүрген журналистердің басын қосып, облыстық палатаның жұмыс жағдайымен таныстырды. Алдымен көпшілік директордың бастауымен Көрме кешенінде орналасқан палатаның жұмыс ретін және өңіріміздегі кәсіпорындар өндірген өнімдерден жинақталған көрмені тамашалады. Сондай-ақ, палата тарапынан кәсіпкерлерге ұсынылатын қызметтер, ондағы мамандардың біліктілігі, өткен жылы атқарылған жұмыс қорытындысы туралы ақпарат алды. 
Палата директорының айтуынша, өткен жылы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша 233 өтініш тіркеліп, олардың 80 пайызы кәсіпкерлердің пайдасына шешіліпті. Сондай-ақ, республикалық және жергілікті 40 әкімшілік кедергі анықталып, оның 13-і алынып тасталған. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша 42 тегін семинар өткізіліп, 1338 жетекші және жұмысшы біліктілігін арттырса, 145 ауылшаруашылық кооперативы құрылып, оның 28-і қаржыландырылған. Облыстың визит картасы әзірленіп, туризм саласы бойынша кәсіпкерлердің реестрі дайындалған. Кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бойынша құны 5 млрд. теңге болатын 432 бизнес-жоспар әзірленіп, оның ішінде 68 жоба 217,1 млн. теңге көлемінде қаржыландырылыпты. Сонымен қатар, 8 мың кәсіпкерге 6437 сервистік қызмет көрсетіліп, кеңес берілген. «Бастау бизнес» аясында 285 қатысушы 1 млрд. теңгеден астам несие алыпты. Отандық тауар өндірушілерді қолдау аясында 1,4 млрд. теңге сомасына келісімшарт жасауға қолдау көрсетілген. Адами капиталды дамыту бағыты бойынша атқарылған жұмыстар да көңіл қуантады. Былтырғы жылы кәсіпкерлікті дамыту мақсатымен 23 инвестициялық жоба ұсынылып, нәтижесінде 450 млн. теңге болатын 2 жоба қаржыландырылған. 
Өткен жылғы жұмыс барысында аудан орталықтарында ғана емес, ауылдық жерлерде де белсенді жұмыс жасалды. Расымен, ауылдық жерлерде тұратын кәсіпкерлер қолдауға мұқтаж. Олар заңдағы соңғы өзгертулер, жеңілдіктер және бизнесті қолдау тетіктері туралы біле бермейді. Осыған орай, өткен жылы аудандық және қалалық филиалдардың жанынан алғашқылардың бірі болып кәсіпкерлер кеңесі құрылды, оның құрамына ауылдар мен өңірлердегі танымал бизнесмендер топтастырылған. Палата директоры бұл кеңестің рөлін арттыру бағытындағы жұмыстарды биылғы жылы да жалғастырмақ. 
Облыстық палатаның жұмыс ауқымымен толық танысып шыққан журналистер бұдан кейін «дөңгелек үстел» басында өңірлік кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіріп отырған келеңсіздіктер төңірегінде әңгіме өрбітті. Журналистер тарапынан туындаған сұрақтарға Нариман Бақтыбайұлы толыққанды жауап беріп отырды. Осы барыста ортаға түскен сұрақтардың тізімі жасалып, оларды шешудің жолдары да сөз болды. 

Қажет АНДАС