ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ БАҚЫЛАУДА

Уақыты: 09.08.2016
Оқылды: 1691
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Осыдан тұп-тура 3 жыл бұрын облыс орталығы мен Бал­пық би кентінің арасын, нақ­тырақ айтқанда, 24 шақы­рым жолды (235-259 км.) қайта жаңарту жұмысы басталды. Осылайша, тапсырыс беруші мен мердігер компания «Корпо­рация Прогресс» ЖШС-нің ара­сындағы жөндеу туралы келі­сім­шарт 2013 жыл­дың қыркүйегінде жасалып, жұмыс құны 7,592 млрд. теңгеге бағаланған болатын. Осы ретте  мемлекеттік бағдар­ламалардың қарқынды түрде іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы мен депутаттар корпусының өкілдері жасалып жатқан жолдың қазіргі жағдайымен танысып қайтты.

 

Кемшілік жоқ емес. Ол туралы «Нұр Отан» пар­тиясы облыстық филиалы төр­аға­сының бірінші орын­басары Ғалиасқар Сары­баев айтып берді. Әрі осы жол жайында қарапайым халық тарапынан түскен арыз-тілектің де аз емес­тігін жеткізді. Мәселен, биылғы жылы жол құры­лы­сына жоспарланған қара­жаттың  3,055 млрд. теңгесі бөлінсе де, осы аралық әлі күнге дейін жүргіншілер үшін қиындық туғызып келеді.

Бұл туралы «Каз­Авто­Жол» АҚ-ның облыстық фи­лиалы директорының орын­басары Болатбек Айт­баев: «Алғашында жұмыс 2015 жы­лы аяқталуы тиіс еді, бір­қатар себептерге байла­нысты мерзім 2016 жылдың желтоқсан айына дейін ұзар­тылып отыр. Со­нымен қатар, елді мекен тұрғындары жол­ды жөндеу жұмысына келі­сімдерін бер­меді. Себебі, жолды басып өтетін кейбір аймақтар сол жолдың бо­йын­да орна­лас­қан үйлердің иесіне тиесілі. Мұндай жағ­дайда шағын аумақтарды тек сатып алып қана жөндеу жүргізуге бо­ла­ды. Тиісінше жол жөндеу жұмысы бас­қаша жоба­лана­тын болды. Жоба қазір  ша­ма­мен 50 күнге созылатын мем­лекет­тік сараптамадан өткізілуде. Қолайлы шешім табылғаннан кейін жұмыс жалғасатын бо­ла­ды. 2016 жылдың жел­тоқ­сан айына дейін транзиттік тасы­мал­дау қозғалысы ас­фальт-бетон төселген бір жолақты жолмен іске асады, – деп мәлімдеді.

Сондай-ақ, кейбір ай­мақ­тарда Балпық би мен Бақ­тыбай кентін сумен қам­тама­сыз етіп отырған құры­лым­дар бар (шағын көпір­лер, су құ­быр­лары). Қазір мерді­герлер 25 су құбырын жөндеу жұмы­сын аяқтады. Ал Те­ректі ауы­лы мен Тал­ды­қор­ған қаласы аралығын жал­ғайтын жалпы жол құ­ры­лысы келесі жылдың ая­ғында то­лық аяқталмақ.

Мердігер компания өкіл­дерінің сөзін тыңдап, алдағы нақты жоспарларға назар аударған Ғалиасқар Төлен­діұлы жол жасаудағы бір­қа­тар кемшіліктерді атап өтіп, алдағы уақытта олқы­лық­тардың орнын толтыруды тапсырды.

– «Нұр Отан» партиясы өз кезегінде мемлекеттік маңы­зы бар бұл жобаны қатаң бақылауда ұстайтын бола­ды. Бұл үшін бізде арнайы комиссия жасақ­талды, – дей­ді «Нұр Отан» партиясы облыстық фи­лиалы төр­аға­сы­ның бірінші орынбасары.

Сол күні «нұротан­дық­тар» Көксу ауданындағы шаруа қожалықтарында болып, олар­­мен емен­жар­қын әңгі­мелесті.

 

Қ. ӘБДІҒАПАР.