КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ

Уақыты: 09.08.2016
Оқылды: 1927
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жаңа оқу жылының басталуына аздаған уақыт қалды. Мектептердің оған даярлығын пысықтау күн тәртібіндегі мәселе. Осыған орай Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, білім бөлімінің басшысы Болат Тұрысбеков және бірқатар  депутаттар күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқан білім шаңырақтарында болды.

 

Депутаттар алғашқы кезек­те Көктал ауылындағы Е. Бер­лі­қожа атындағы №11 орта мектептің құрылыс жұмы­сы­мен танысты.  Толықтай күр­делі жөндеуден өткізіліп жат­қан 1161 оқушы білім алатын мектепте құрылыс жұмысы қызу жүруде. Ол үшін 150 құрылысшы еңбектеніп, білім шаңырағын мерзімінен кешік­тірмей тапсыруға барын салу­да. Бүгінгі күні мектептің ша­тыры жабылып, есік-тере­зе­лері орнатылуда. Электр сым­дары тартылып, жылыту жүйе­сін жүргізу аяқталуда.  Енді левкас жүргізу, линолеум салу, сырлау жұмыстары күтіп тұр.

Жалпы білім шаңы­рағы­ның күрделі жөндеуіне жергі­лікті бюджеттен 272 млн. теңге қарастырылған. Оған қосымша материалдық-техникалық база­ны нығайтуға 20 млн. теңге бөлінген. Бұл қаржыға мәжіліс залының орындықтары, спорт­залға қажетті толық құрал-саймандар алынып, педагогика және психология кабинеті, ұлдарға арналған шеберхана темір және ағаш өңдеу құрыл­ғыларымен жабдықталмақ. Ал қыздарға арналған технология, химия, физика, биология ка­бинет­тері жаңа модификация бойынша өткен жылы жасақ­талған болатын.

1982 жылы салынған атал­мыш білім шаңырағының әб­ден тозығы жеткен еді. Содан бері бірде-бір рет жөндеу көр­меген мектептің шатырынан су өтіп, едені қисайып, есік-тере­зелері ескірген. Бүгінгі таңда қабыр­ғалары пеноплекспен қап­талып, жылылануда. Құрылыс жұмы­сын «BMNK» сервис» ЖШС жүргізуде. Мектеп құры­лысына жауапты мердігер Тор­ғайбек Мырзайымханов жөндеу жұмы­сы тамыздың 25-іне дейін аяқта­латынына уәде беріп отыр.

– Мектебіміздің толықтай жаңалануы көңілімізге қуаныш ұялатады. Тұрғындардың да жылы лебізін естіп жатырмыз. Ауылға көрік беріп тұрған мәде­ниет ошағы – осы мектеп. Бар­лық іс-шаралар осында өтеді. Ең бастысы, жаңарған мектеп жас жеткіншектерімізді білім алуға бұрынғыдан бетер құл­шындыра түсіп, жаңа оқу жы­лы­на ерекше күш-жігермен ке­луі­не септігін тигізеді, – деді бізбен қуанышын бөліскен мек­теп директоры Қайрат Сар­қы­тов.

Қалада күрделі жөндеу жұ­мы­сынан өтіп жатқан екінші нысан №42 балабақша. Бал­дырғандар мекені де 1983 жылы салынған. Содан бері тоқтаусыз бүлдіршіндердің  игілігі үшін қызмет етіп келеді. Тек ғима­рат­тың тозығы жетіп, әбден ескір­ген. Есіктері дұрыс жа­был­майды, терезелерінен жел соға­ды. Жылыту жүйесі де ескірген. Электр тогы жиі істен шығып қалады. Бұл ғимаратқа да то­лық­тай жөндеу жұмысы жүр­­гізіліп, шатыр, еден, су құ­быры жүйесі ауыстырылуда. Құ­ры­лыс жұмысын «Ютком» ЖШС жүргізуде. Балабақшаны күр­делі жөндеуден өткізуге 180 млн. теңге қаржы бөлінген. Ал материалдық-техникалық база­ны жақсартуға 20 млн. теңге қарастырылған. 

– Бұл қаржыға толықтай балабақша жиһаздарын сатып ала алмаймыз. Сондықтан то­зы­ғы жеткен мүліктерді жар­тылай ауыстырып, қажетке жарайтындарын қайта өңдеу, жөндеуден өткізбекпіз. Ең қа­жет­ті деген заттарды сатып аламыз. Қаржының басым бө­лі­гі бейнебақылау қондыр­ғыларын алуға жұмсалмақ. Бұрын бейнебақылау жүйесі мүлде болмаған. Бүгінгі талап­қа сай болсын деп балабақшаға толықтай бейнебақылау қон­дыр­ғыларын орнатпақпыз, – дейді балалбақша меңгерушісі Гүлниса Тұлымшақова.

Бұдан кейінгі уақытта бүл­дір­шіндердің де жаңарған ба­ла­бақшада тәрбие алатындығы қуантады. Тек құрылыс жұ­мыстарының мерзімінен сәл кешіктіріліп жатқандығы депу­таттарды да алаңдатуда. Сон­дықтан құрылыс жұмысын қар­­­қындатып, балабақшаны жаңа оқу жылына дейін аяқтау қажеттігі тапсырылды.

 

Алма ЕСЕНБАЕВА.