Жетістік бар, табыс мол

Уақыты: 12.03.2018
Оқылды: 1079
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ескелді ауданының әкімі Бағлан ТӘНЕКЕНОВ өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізіп, былтыр атқарылған жұмыстарының нәтижесін таныстырды.

Облыс орталығының іргесіндегі ауданда жетістік жетерлік, табыс мол екен. Атап айтқанда, былтыр аудан бюджетінің көрсеткіші 5 миллиард 880 миллион теңгеге жеткен. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар аясында бірқатар жобалар жүзеге асырылып, жаңа нысандар мен кәсіпорындар пайдалануға берілген. Алдағы кезеңде ауыл тұрғындары үшін аса маңызды саналатын ауызсумен қамтамасыз ету ісі жүйелі жүргізіліп, биыл Биғаш, Көктөбе, Қаратал, Жетісу және Жастар ауылдарының ауызсу жүйелерін жасау жалғасады. Сондай-ақ, аудандық маңызы бар жолдарға күрделі,  орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оған 264,8 миллион теңге қарастырылып отыр.
Одан бөлек «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен балабақша, дәрігерлік амбулатория салу үшін қажетті қаражат бөлінген. Аудан тұрғындары үшін Қарабұлақ, Бақтыбай, Жалғызағаш, Жетісу, Сырымбет, Қаратал, Қайнарлы, Ақын Сара ауылдарына тұрғын үймен қамтылған учаскелік полиция бекеттерін салу үшін қаражат бөлінуі айтулы жаңалық болып отыр. Өйткені тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғам тыныштығы бүгінгі күні аса маңызды мәселеге айналып отыр.
Осындай жетістіктерді тізбелеп таныстырып өткен аудан әкімі Бағлан Сағындықұлы:
– Биыл инвесторлардың көмегімен бірқатар жоба іске асырылады. Солардың қатарында ауданда «International Mofeed» ЖШС ұсынған, жылына 15 мың тонна майбұршақ өңдейтін, құны 350 миллион теңге болатын зауытты айтуға болады. 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін өндіріс орнының қоймалары күрделі жөндеуден өткізіліп, зауытқа қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс берілді, – деп нақты істердің нәтижесін көпшілік назарына ұсынды. – Наурыз айынан бастап «АСПМК-519» ЖШС Шажа өзеніне қуаттылығы 29 МВт-тық, құны 7 миллиард теңге болатын «ГЭС-2» су электрстансысының құрылысын бастауды жоспарлауда. Бұл жоба 15 жаңа жұмыс орнын ашады. Сонымен қатар, әктас өндіретін «Коман» ЖШС және гигиеналық қағаз өнімдерін шығаратын «Прима-Т» ЖШС өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа технологиямен жаңартылуды көздеуде. Бүгінде аудан жұртшылығына сапалы өнім ұсынып отырған «Сүт Мастер-М» ЖШС құны 1 миллиард теңгені құрайтын, 256 бас сүтті сиырға арналған тауарлы-сүт ферма салмақшы. 28 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін бұл жоба инвестициялық деп танылып, жер учаскесіне және құрылыс жұмыстарын жүргізуге қажетті құжат алынуда.
Бұл Ескелді ауданында атқарылуы тиіс істердің бір парасы. Одан бөлек, Ешкіөлмес ауылында «Салем Құс» ЖШС 10 мың бас бөдене өсіруді қолға алса, Жеңдік ауылында «Балық Қаратал» ЖШС жылына 50 тонна балық өнімін ұсынатын форель өсіруде. Одан бөлек, ауданда туристік нысандар, қонақүйлер, дәмді тағам ұсынатын мейрамханалар мен дәмханалар, мал бордақылау алаңдары, жылыжайлар, алма бақтары, түйетауық өсіретін құс фабрикасы ашылып, шағын және орта кәсіпкерлік өркендеп келеді. Бір сөзбен айтқанда, Ескелді ауданының табысы мол, жетістігі көңіл қуантады.
Брифингтің екінші бөлімінде аудан әкімі Бағлан Тәнекенов тілшілер қойған сауалдарға жауап берді.

Мәди ӘСЕТҰЛЫ