АДАМИ КАПИТАЛ - БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Уақыты: 06.04.2018
Оқылды: 1242
Бөлім: ЭКОНОМИКА

    Қазақстан халқы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауларынан тың жаңалықтар күтіп, болашаққа деген сенімдері мен үміттерін ұштай түседі. Өйткені, бұл Жолдауларда ел дамуының жаңа межелері белгіленіп, халықтың әлеуметтік-рухани жаңғыруының көкжиектері айқындалады. 


    Өткен жылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында Елбасы Н. Назарбаев экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыруына қол жеткізу, цифрлы технологияны қолдану, жаңа индустрияларды өркендету, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторын дамыту, цифрлы индустрияны жеделдету арқылы Қазақстанды бәсекелестікке қабілетті елге айналдыру міндеттерін қойғаны есімізде. Мемлекет басшысының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында осы орайдағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру бағдарланып отыр. Елбасы осы ретте он түрлі міндетті алға қойды. Ол Қазақстанның индустриясын ең жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналдыру, өндірістік үдерістерді цифрландыру арқылы өнеркәсіптегі еңбек өнімділігін арттыру, ресурстық әлеуетті тиімді пайдалану, өндіріске ақпараттық технологиялық шешімдерді батыл енгізу, агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру, көлік пен логистикалық инфрақұрылымды одан әрі жетілдіру, адами капиталды дамыту міндеттерін қамтиды. 
    Қазақстан әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беріп, қарқынды экономикалық даму жолына бет алды. Еліміздің 2050-ші жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясы жүзеге асырылуда. Біз конституциялық реформаны жүзеге асырып, еліміздің Үшінші  жаңғыруын бастадық. Рухани жаңғыру бағыты бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Президент өз мәлімдемесінде адамзат баласының жаңа өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басқанын және заманауи технологиялардың әлемді өзгертіп жатқанын атап өтті.  “Жаһандық технологиялық өзгерістерге жаңа сын-қатерлермен қатар өсуге арналған жаңа мүмкіндіктер де тән. Бұл әлемнің дамыған  30 елінің қатарына жеделдетіп енуімізге арналған тарихи мүмкіндігіміз», –  деді  Елбасы. 
   Жолдаудың жетінші тарауында рухани-әлеуметтік мәселелер орынды қозғалып отыр. Ол – адами капиталдың жаңа сапасы туралы мәселе. «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет» деген Мемлекет басшысы одан әрі бұл міндетті шешудің жолдарын нақтылай түседі. Соның ең бастысы білім беру бағдарламаларын өзгерістерге үнемі бейімдеу және жаңа білімді меңгертуге бейімдеу болып табылады. Бұл үрдіс бүгінде білім мекемелерінің жаңартылған білім мазмұнына көшуі арқылы жүзеге асырылуда. Назарбаев зияткерлік мектебі тәжірибесі бойынша облыстағы 758 мектептің 1, 2, 5, 7-сыныптары жаңартылған білім беру мазмұны бағдарламасымен жұмыс істеуде. Осы жылдың қыркүйегінен 3, 6, 8-сыныптар, 2019 жылдың 1 қыркүйегінен 4, 9, 10- сыныптар, 2020 жылы 11-сыныптар жаңартылған білім мазмұнымен оқуға біртіндеп көшіріледі. Бүгінгі күнге облыста жаңартылған білім мазмұны бағдарламасы бойынша 18 182 педагогтың  білімі жетілдірілді. 
   Биылғы Жолдауда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мұғалімдердің жалақысын көтеруді тапсырды. «Жаңартылған мазмұн дегеніміз – халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары. Бұлар біздің балаларымызға қажетті функциялық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабілетін дарытады. Сонымен қатар, 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін санаттардың жаңа кестесін енгізуді тапсырамын. Категорияларды бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беру керек. Бұл педагогтарды өздерін ұдайы жетілдіруге ынталандыратын болады. Нәтижесінде, мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 проценттен 50 процентке дейін өседі. Бұл үшін биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажет» делінген Жолдауда.  Аталған тапсырмаға сәйкес үстіміздегі жылы 1, 2, 3, 5, 6, 7, 8-сынып мұғалімдерінің жалақысы көтеріледі. 
    Сонымен бірге, биыл мұғалімдердің біліктілік деңгейін анықтау арқылы қосымша ақы тағайындайтын жаңа жүйе енгізіледі. «Жаңа жүйеге сәйкес, ұлттық біліктілік тестін тапсырып, өз деңгейлерін растау арқылы мұғалімдер жалақыларын 20-50 процентке дейін көтере алады. 
    «Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында. Расында біздегі білімнің күрделілігіне ата-ана да, бала да, тіпті мұғалімдердің өздері де жиі шағымданады.  Бұл бағытта  2017 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің  «Үй тапсырмасын реттеу туралы» бұйрығы қабылданған. Соның нәтижесінде, бүгінде балаларға арналған үй тапсырмалары   (үштен бір есеге) қысқартылды. Соған сәйкес, енді үйге берілетін тапсырма 150 минуттан аспауы керек. Бұл 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді. Демалыс, мереке күндері тапсырма берілмейді. Тек мәтін оқуға, ғылыми жұмыстарға қатысты жеңіл жүктемелер болуы мүмкін. 
Бүгінде аса жоғары жылдамдықпен өзгеріп отырған технологиялар адамзат тіршілігінің барлық салаларын қамтып қана қоймай, оны түбегейлі өзгерте аларлық әлеуетке ие болып тұр. 
    Жолдауда белгіленген басты міндеттердің бірі – білім жүйесін цифрландыру мәселесі облысымызда жолға қойылған. Облыстың 676 мектебі кеңжолақты интернет желісіне қосылған (89%). 611 мектеп 4-10 мбит/с жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз етілді. 2017 жылы облыстағы мектептерді сапалық сандық білім беру контентіне 189,9 млн. теңге нысаналы трансферт бөлінді. 238 білім беру ұйымы «онлайн» режимде және 499 мектеп «офлайн» режимде білім беру контентімен қамтамасыз етілді. 2018 жылға сандық білім беру контентіне қосуға 147 млн. теңге қаражат бөлініп, 665 мектепті «онлайн» режиміне, 72 білім ошағын «офлайн» режиміне қосу жоспарланды.
   Мектептерді пән кабинеттерімен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Жалпы білім беретін мектептердің 50,1% жаңа модификациялы және лингафонды-мультимедиялық кабинеттермен қамтамасыз етілген. 2018 жылға мультимедиялық құрылғылармен қамтамасыз етуге 465 млн. теңге бөлінді. 187 мектепті 937 комплект құрылғымен қамтамасыз ету жоспарлануда.
    «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде. 2019 жылдан 10-11- сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады. Нәтижесінде, біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады», – деп Елбасы үштілділікті ілгерілету мәселесіне қатысты да тапсырмаларды нақтылап көрсетті. Облыста үштілділік білім беруге көшу бойынша  жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Биылғы оқу жылының басынан облыстың 8 мектебінде пилоттық режимде жаратылыстану-математикалық пәндер ағылшын тілінде жүргізілуде. 
Үштілділікті енгізу аясында жаратылыстану-математика бағытындағы 1095 педагог (физика, химия, биология, информатика) біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Ағылшын тілі пәнінің 655 мұғалімі жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен, 318 педагог Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен курстан өтті.
   Сонымен қатар, бүгінгі күні тілді меңгерудің А1, А2 деңгейін 687 педагог, В1, B2 деңгейін –175, С1 деңгейін 162 мұғалім иеленді. Қазіргі кезде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерден білім беретін 270 мұғалім ағылшын тілін меңгеру курстарында білімін жетілдіруде. 
   «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасының аясында 2017-2018 оқу жылында мемлекеттік тапсырыспен 7474 адам, оның ішінде 1535 адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде оқуға қабылданды.
Аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология мәселесіне тоқталып өткен Елбасының: «Терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек» деуі ой саларлық мәселе. Осы орайда Елбасы: «Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді», – деп айқындап берді. Жаңа әліпбиге қатысты «2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажет» деген Президенттің талабы мен тапсырмасы нық әрі айқын. Бұл тапсырма өскелең ұрпақты тәрбиелеп, бағыт-бағдар беретін бізге, білім саласы қызметкерлеріне тікелей қатысты.
   Осынау аса маңызды мемлекеттік құжатта еліміздің ішкі және сыртқы ахуалына егжей-тегжейлі талдау жасалып, өркендеудегі басым бағыттар айқындалды, халықаралық және мемлекетаралық қатынастарға баға берілді, барлық маңызды мәселелер мен қатерлерді шешу жолдары табылды.
   Жолдауда еліміздегі барлық азаматтардың күш-жігерін біріктіруге ерекше мән беріліп отыр. Президент отандастарына барлық қауіп-қатерлерді еңсеру үшін және экономикада, қоғам мен мемлекет дамуындағы жаңа сапалық тұрғыдағы деңгейге көтерілу үшін ой-ниеттер мен іс-әрекеттерді біріктіруге шақырады.
Мемлекет басшысы алға қойған ауқымды мақсаттарды іске асыру үшін бәріміз күш-жігерімізді біріктіріп, бірге әрекет етуіміз керек.

Дәурен Жүнісов, 
облыстық білім 
басқармасының басшысы