Жаңа зауыт салынады

Уақыты: 13.04.2018
Оқылды: 1241
Бөлім: ЭКОНОМИКА

2019 жылы облыста «Kazakh Invest» ҰК» АҚ қолдауымен және түрік инвесторларының қатысуымен өсімдіктерді қорғайтын құралдарды өндіру бойынша зауыт салынады.

Түрік холдингі «АгроБест Груп» атынан шетел инвесторы Қазақстанда гербицидтер, инсектицидтер, фунгицидтер және дән улағыштар мен глифосатты шығару үшін 30 млн. АҚШ долларын салмақ. «Kazakh Invest» ҰК» АҚ барлық қажетті рұқсаттар мен мемлекеттік қолдау шараларын алуда осы жобаны қолдайды. Осылайша, аталған жобаны іске асыру үшін Талғар ауданында орналасқан «Қайрат» индустриалды аймағында жер телімі таңдалды. 
Инвестор таяу арада жобалау жұмыстарына кірісуді жоспарлап отыр. Зауыт құрылысы жыл басында басталып, келесі жылы аяқталмақ. Өнімнің 60 пайыздан астамы ішкі нарықты қамтып, қалғаны Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа нарықтарға жіберілетін болады. Салынатын зауыттың жалпы өндірістік қуаты жылына 12 мың тоннаға дейін пестицидтер өндірісін құрамақ. Өңірде шамамен екі жүз жұмыс орны құрылмақ. 
Айта кетейік, «АгроБест Груп» түрік компаниясының негізі 2002 жылы қаланған және ол пестицидтердің әлемдік нарығының маңызды қатысушысы саналады. Өндірістің жылдық көлемі 35 мың тонна пестицид, өнім ISO талаптарына сәйкес шығарылады. «АгроБест Груп» өнімі Түркіменстан, Өзбекстан, Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, Судан, Сирия және тағы басқа өсімдіктерді қорғайтын химиялық құралдар нарығында ұсынылған. 

Айгүл Байжұмақызы