СУПЕРКОМПЬЮТЕРГЕ ЖАБДЫҚТАР ҚАЙ ЕЛДЕН ЖЕТКІЗІЛЕДІ?

Уақыты: 06.09.2024
Оқылды: 214
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі елімізде жасанды интеллект жүйелерін құру саласында адами ресурстар жеткілікті екенін мәлім етті.


«Министрлік суперкомпьютер үшін жабдыққа Америка Құрама Штаттарына алдын ала тапсырыс берді. Дегенмен, Қазақстанға жабдықты жеткізу мерзімі АҚШ үкіметінің Қазақстан Республикасына чиптерді экспорттау туралы қорытындысын шығаруына байланысты. Америкалық тарап экспорт лицензиясын алу процесі ұзаққа созылатынын хабарлады. Бұл тұрғыда экспорттық лицензияны беру үдерісін жеделдету бойынша тиісті шаралар іске асырылып жатыр», - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Аталған ведомствоның мәліметінше, суперкомпьютерді құру құны әлі бекітілген жоқ.

«Қазақстанда жасанды интеллект жүйелерін құру және оқыту үшін жеткілікті адами ресурстар бар», - деп нақтылады Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен.

Еске салсақ, биыл елімізде суперкомпьютер іске қосылатыны хабарланды. 

2024 жылы ақпан айында «Самұрық-Қазына», Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Presight Қазақстанда суперкомпьютер жасау жобасының негізгі шарттары туралы келісімге қол қойды.