ЕГІН БІТІК ШЫҚТЫ

Уақыты: 21.09.2024
Оқылды: 41
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Биылғы егіннің бітік шыққаны ауыл шаруашылығымен айналысатын адамдарды қуантып отыр.


Сондықтан да қазіргі кезең диқандар үшін қауырт шақ. Жаздай күтіп-баптаған өнімінің нәтижелі жемісін көретін мезгілде ауа райының қолайлы кезін тиімді әрі уақытылы пайдаланып, егістік алқаптарындағы өнімді шығынсыз жинап алу маңызды. Аудан бойынша дәнді дақылдар 54 657 гектар жерге себілген. Бүгінге дейін шаруа қожалықтары 49 362 гектардағы өнімді жинады. Олардың орташа өнімділігі гектарына 25 центнерден айналуда.   

Барлығы 15210,8 гектар күздік бидай алқабынан жиналған орташа өнімділік гектарына 23,5 центнерді құрап отыр. Жаздық арпа-бидай, сұлы, тары, қарақұмықтың орташа өнімділігі де көңіл тоғайтады. Сонымен бірге бұршақ, құмай, сүрлемдік жүгері сепкен шаруалардың да ісі оңға басып тұр. Қазіргі таңда егіс алқабында 82 дана комбайн дала төсін дүбірге бөлеп жүр.  Бұл орайда мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықта шек жоқ. 

Диқандар қуатты техникаға ие болып, егін орағын уақытылы аяқтауға мүмкіндік алды. Мамандардың пікірінше, биыл аудан шаруаларының әр гектардан жинаған өнімінің өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда біраз жоғары. Себебі, өңірде жауын-шашын мол болып, жаздай бел шешпей еңбек еткен шаруа адамының жұмысының нәтижесін көруге мүмкіндік бар. Егінге орақ салған шаруалардың ендігі мақсаты өнімді дер кезінде ысырапсыз жинап, қамбаға құю. 

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы