ҚЫЗЫЛША ӨСІРУ ҚАРҚЫН АЛЫП КЕЛЕДІ

Уақыты: 27.04.2018
Оқылды: 2402
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жетісу жеріне жасаған сапарында қант қызылшасы саласын дамыту жайлы нақты тапсырма берген болатын. Сол тапсырма бойынша қазір облыста ауқымды жұмыс атқарылуда. Бұл жұмысты жүзеге асыруды «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ өз назарында ұстап отыр. Бірнеше жыл бойы облыстық әкімдік «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ арқылы ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін техника және өнімділігі жоғары, сапалы тұқымдармен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, бірнеше жыл тоқтап тұрған Ақсу қант зауытын іске қосып, қант қызылшасын өңдеу ісін жандандырды. 

 

   Елдегі 18 миллион халықтың сұранысын қамтамасыз ету үшін 400 мың тонна қант керек. Өткен жылы отандық қант зауыттары өндірген шекер қазақстандықтардың қантқа деген қажеттілігінің 13%-ын ғана қамтамасыз етті. Былтыр толықтай қайта жабдықталған Көксу қант зауыты 325 мың тонна, 10 жылдан кейін іске қосылған Ақсу қант зауыты 70 мың тонна, тұрақты жұмыс істеп келген Жамбыл облысындағы Меркі қант зауыты 200 мың тонна қант қызылшасын өңдеп, 50 тонна қант алды. 
   Ғалымдардың пайымынша, қант қызылшасына деген сұраныстың 25%-ы орындалғанда сол елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Біз осы деңгейге жету үшін кем дегенде  жылына 1 миллион тонна шикізат жинауымыз керек. Жетісулықтар осы мақсатқа жету үшін барын сала еңбек етуде. Өткен жылы 9 мың гектардан астам жерге қант қызылшасын өсірген жерлестеріміз биыл қызылша егілетін аумақты 11 мың гектардан асырмақ. Осы қарқынмен жүрсек 2021 жылы миллион тонна шикізат жинау мүмкін болады.
   Қазіргі таңда қант қызылшасы бағытында облыста 15 сервистік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Олардың қуаты  6 мың гектар жердегі қант қызылшасын егу, баптау, жинауға жетеді. Демек, 11 мың гектар жердегі жұмыстың 80 пайызы жаңа техниканың, қалғаны адам күшімен атқарылады. Биыл тағы 7 сервистік қызмет көрсету орталығы құрылмақ. Бұл жұмыс сапасын жақсарта түседі. 
   Сапалы тұқымның жетіспеушілігі де диқандардың құлшынысына қолбайлау болып тұр. Өкінішке қарай, олардың өнімділігі жоғары болғанымен құны тым қымбат, жерсіндіру үшін жалықпай баптау керек. Сондықтан оған екінің бірінің қолы жете бермейді. Сапалы тұқым мәселесін шешу үшін  ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі 200 млн. теңге қаржы бөліп, отандық қант қызылшасы тұқымын өңдейтін кәсіпорындарды қаржыландыруға көшті. Егер жоба сәтті жүзеге асса диқандар бағасы арзан, зиянкестерге төзімді, берекелілігі жоғары тұқымдардың игілігін көрмек. Сонымен қатар, өткен жылы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында қант қызылшасының “Тиссерин” (Франция) және “Игорь” (Германия) тұқымдары сынақтан өткізіліп, жоғары көрсеткіш көрсетті. 
   Сапалы тұқым мәселесін шешумен облыстық әкімдік те айналысуда. Биыл «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ арқылы Франция мен Германиядан өнімділігі жоғары 33 мың тонна қант қызылшасының тұқымы әкелініп, 1 сәуірден бастап диқандарға таратылды. Мамандардың айтуынша, генетикалық әлеуеті күшті, өнімділігі жоғары “Ардан”, “Дануб”, “Тиссерин”, “Игорь” және “Гримм” сияқты шетелдік тұқымдардан гектарына  1000 центнерден өнім алуға болады. Сондай-ақ, бұл тұқымдар зиянкестерге де төзімді.
   Өңірде Панфилов ауданындағы «Қамқорлық» ЖШС ұсынып отырған Ялтушковская, КазСив, Ай-Шолпан сияқты тұқымдарды егіп, мол өнім алып жүргендер де көп. «Қамқорлық» ЖШС-нің директоры Әлен Жолдасовтан білгеніміздей, аталған шаруашылық өндірген қант қызылшасының тұқымы өткен жылы мың гектар жерге егіліп, гектарына 450-650 центнерге дейін өнім жинапты. Алайда, «Қамқорлық» ЖШС базасындағы тұқым өңдейтін құрылғылар ескіргендіктен сапалы тұқымды молынан өңдеп, жұрттың сұранысын толық қамтамасыз ете алмай отыр. Осыған орай облыс әкімі Амандық Баталов биыл 25 млн. теңге қаржы бөліп, шаруашылықтың құрал-жабдығын жаңартуға қол ұшын бермек. Демек, бұл мәселе де оң шешімін таппақ.

Қажет АНДАС.