ЛЕПСІ БАЛЫ МЕН МАЛ ЕТІ ҚЫТАЙЛЫҚТАРДЫҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН ТУДЫРДЫ

Уақыты: 11.05.2018
Оқылды: 1668
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Қазақстандық тәтті бал өнімдері енді Қытай мемлекетінің нарығына кіретін болады. Осыған байланысты азық-түлік қауіпсіздігін бақылау және бал өндіретін кәсіпорындар мен омарта шаруашылықтарының тыныс-тіршілігімен жете танысу үшін Қытай Халық Республикасының аккредитация және сертификация агенттігі бас басқармасының сарапшылары елге келді. 

 

   Инспекциялық топ Елбасының отандық ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің экспорттық әлеуетін арттыру, бірінші кезекте агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігі мен экспорттық өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін 2,5 есеге арттыру қажет деп белгілеген тапсырмасы негізінде шақырылып отыр. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің қолдауымен қытайлық сарапшылардың инспекциялық тобы Алакөл ауданына ат басын тіреді. 
   ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Олжас Аусабаевтың айтуынша, қытайлық сарапшылар Алматы қаласы мен Шығыс, Батыс және Оңтүстік Қазақстан облыстарында да болып, бал өндірумен айналысатын бірқатар өнеркәсіп орындарын аралап қайтқан. Ендігі кезекте аталған топ жұмыс қорытындысын шығарып, қазақстандық балды Қытай нарығына шығару туралы шешім қабылдайтын болады. Бұл отандық тауар өндірушілер үшін дамудың перспективалы бағыттарын ашып, өнім көлемін ұлғайтуға және техникалық, экономикалық әлеуетті арттыруға мүмкіндік бермек. 
   Жұмыс барысында, сондай-ақ, ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің өкілдері қытайлық сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өңірдегі ең ірі асыл тұқымды «Ангус» және «Герефорд» репродукторларын көрсетті және ет өңдейтін комбинаттармен бірге бордақылау алаңының жұмыстарымен таныстырды. Қытайлық сарапшылар Қапшағай қаласындағы балық шаруашылығының жұмысын да көріп, жоғары бағалап қайтты. 

Лепсінің 
тәтті балы


   Қытайлық сарапшылар табиғаты тамаша жерде орналасқан Лепсі ауылына табан тіреді. Айта кетейік, тау етегінен орын тепкен бұл ауыл түрлі өсімдік пен жануарлар әлеміне бай. Көптеген атақты саяхатшылар мұндай керемет аймақтың сұлулығына тамсанып, Лепсіні «тау қарының күміспен көмкерілген зүбаржат тасына» балапты. Расында ауылға кіре берген мезетте-ақ көзтартарлық сұлу табиғаты алыстан менмұндалап, еріксіз өзіне қаратады. Саф таза ауасы да тынысыңды кеңейтіп, бір сәтке көңіл-күйді серпілтеді. Лепсіде болған әйгілі саяхатшы Петр Семенов Тян-Шаньский бұл жерді «Астық пен бал өлкесі» деп атапты. Тіпті уездік қаланың елтаңбасында да омарта бейнеленген екен. Жергілікті бал Романовтар әулетінің патша дастарқанына да ұдайы жіберіліп тұрған. Сөйтіп, әлемдегі ең үздік бал деп танылыпты. 
   Ара шаруашылығымен айналысу жергілікті жұртшылықтың негізгі кәсібіне айналған. Ата-бабасынан бері ара өсірушілер ешқандай химикат, қоспалар мен тәттілеуіш заттар араластырмай-ақ бал алудың қыры мен сырын сақтап қалған. Лепсі балының құрамында балдырған, көкжалбыз, киікоты, сәлбен, андыз, күреот, жуа, итмұрын, жабайы эспарцет, таңқурай, алма ағашы, шайқурай, жалбыз сияқты көптеген емдік өсімдіктер түрі бар. Таулы аймақтарда өскен өсімдіктер гүлінің шырынымен қоректенген ара балының сапасы жоғары бағаланады. Тау балының емдік қасиеті көп. Ол иммундық жүйені қалпына келтіріп, ағзаның вирустық және инфекциялық ауруларға қарсы тұру қабілетін арттырады. Әсіресе тұмау тигенде, ангинада, трахеитте, ларингитте пайдасы зор. Жүрек-қантамыр, бауыр аурулары мен атеросклероз, қалқанша без функциялары бұзылғанда да көмегі ерекше. Ентікпе мен бас айналуда, жүйке жұқарғанда және ұйқысыздықта да қолдану ұсынылады. Тіпті, қант диабетіне де пайдалы, оны тұтынғанда инсулин талап етілмейді. 
   Жалпы, адам күніне кем дегенде 100 грамм бал тұтыну керек. Себебі, онда дәрумендер мен минералды заттар, моносахаридтер, органикалық және органикалық емес қышқылдар мен көміртектер көп. Таңертең ашқарынға бір шәй қасық бал қосылған бір стақан су ішу қажет. Бұл ас қорытуды жақсартып, теріні жасартады және бой сергітіп, жүйкені тыныштандырады. Лепсі балы 1913 жылы әлемдегі ең үздік бал деп танылды. Сол кездегі жергілікті ара өсірушілер Ақ патшаның сарайына жөке ағашынан жасалған бөшкелермен бал жеткізіп отырған. Ыдыс табиғи таза өнімнің пайдалы қасиеттері мен хош иісінің жоғалмай, ұзақ сақталуына мүмкіндік туғызған. 
   Осындай үрдісті қайта жаңғырту мақсатында 2016 жылы Лепсі ауылында «Лепсі-өнімі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылған. Заман талабына сай бой көтерген кәсіпорын қажетті құралдармен толық жабдықталыпты. Құрылғылар автоматты түрде жұмыс атқарып тұр. Іші мұнтаздай таза әрі жарық. Қазір бұл жерде оннан аса адам еңбек етеді. Бал жергілікті омарташылардан жиналып, арнайы зертханада мұқият тексеруден өткізіледі. Сөйтіп, сапасы анықталады. Бұдан соң арнайы ыдыстарға құйылып, тұтынушыларға жөнелтіледі. Бүгінде экологиялық жағынан табиғи таза өнімдерге деген сұраныс аз емес көрінеді. Тіпті шетелдіктер де қызығушылық танытып отыр. 
   Бал ағаш пен шыны ыдыстардан жасалған қораптарда сақталады. Дайын өнімдердің алғашқысы сынақ ретінде Ресейге жөнелтіліпті. Ендігі кезекте «Қазақстанда жасалған» деген атпен алыс, жақын шет мемлекеттерге де шығарылмақ. Осыған байланысты Біріккен Араб Әмірлігі, Қытай, Корея, Жапон мемлекеттері сияқты басқа да елдермен келіссөздер жүргізіліп, осы бағытта жұмыстар атқарылуда. 
   Аталмыш серіктестік басшысы Фархат Абузяров кәсіпорынның жетістігі туралы қысқаша әңгімеледі. Мәселен, 2016 жылы зауыт ХХІ  халықаралық «Апиславия» омарташылар конгресінің бес номинациясының бірінде алтын жүлдегер атаныпты. Өткен жылдың қыркүйек айында Түркияда өткен омарташылардың «Апимондия» халықаралық конгресіне де қатысып, әр елден келген сарапшылар мен сауда компанияларының өкілдері тарапынан мақтауларға ие болған. «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауында бірінші орын алып, қуанышқа кенелген. 
Кәсіпорында, сондай-ақ, таулы аймақтарда өсетін жабайы жеміс-жидек түрлерінен тосаптар жасалып, компот қайнатылады. Былтыр 6 тонна тосап дайындалыпты. Биыл да өнім көлемін ұлғайтып, жеміс-жидек өңдейтін цехтар орнатылмақ. Осылайша өндіріс ошағы кеңейтілетін болады. Дәмі тіл үйіреді. Әсіресе, өнім сапасына ерекше мән берілген. Кәсіпорында алғашқы жылы 40 тонна өнім өндірілген, ал биыл бұл көрсеткіш 300 тоннаға дейін жетеді деп күтіліп отыр. Бүгінде балдың жетпіс пайызы Шығыс Қазақстан облысында өндіріледі. Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында да омарта шаруашылығымен айналысатындар аз емес.    

Шаруасы шалқыған «Арқарлы-майбүйрек»   


   Қытайлық сарапшылар «Арқарлы Майбүйрек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен де танысты. Бұл жердегі жұмыс жайын шаруашылық директорының орынбасары Ержан Нүсіпов әңгімеледі. Жалпы, бұл серіктестікте малшылардың алаңсыз еңбек етуіне қажет жағдайдың бәрі қарастырылыпты. Заманауи үлгіде бой көтерген жатақханалары бар. Жуынып-шайынып, тамақтанатын орындары да барлық талапқа сай. 
   Жалпы, шаруашылықтың жұмысы 2013 жылы басталған. Алғашында Австралиядан бес мыңнан аса тұқымы асыл «Ангус» және «Герефорд» ірі қарасын әкеліп, қазіргі таңда мал санын он бес мыңға жеткізіп отыр. Жайылымдық жер көлемі 50 мың гектарды құрайды. Осы жерде бағылатын мал заман талабына сай электрленген қоршау ішінде жайылады. Қоршаудағы мал табиғи таза шөппен қоректеніп, үнемі бақылауда тұрады. Яғни, мұндай әдіс адам күшін аз қажет етеді. Суы да тартылған. Ветеринарлық қызмет те уақытылы көрсетіледі. Шетелден әкелінген мал басының саны бойынша аталмыш шаруашылық республикада алдыңғы лектен көрінуде. 
   Қазіргі кезде шаруашылықта асыл тұқымды мал саны еселеп артып, әсіресе аналық мал басын көбейтуге ерекше ден қойылған.  Шаруашылық жұмыстарына қажет техникалармен де толық қамтамасыз етілген. Серіктестік қазір талай адамның жұмыспен қамтылуына жол ашып отыр. Жас мамандар да бар. 
   Солардың бірі Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Мұқағали Жамбайұлы. Ол өзінің осы серіктестікте жұмыс істеп келе жатқанына төрт жыл болғанын айтты. Алматы қаласындағы менеджмент университеті деп аталатын жоғары оқу орнында экономист мамандығы бойынша білім алып, өзінің қалауымен осы жерге жұмысқа орналасқан. Бүгінде ол қаладан емес, ауылды жерден жұмыс тауып отырғанына қуанады. Айлық жалақысы да жаман емес. Жүз мың теңгеден асады. Ендігі кезекте ол ауылшаруашылығының дамуына күш салып, саланың өсіп-өркендеуіне үлес қоссам дейді. Алдағы уақытқа жоспарлаған арман-мақсаттары да ұшан-теңіз. 
   Аталмыш шаруашылық асыл тұқымды ірі қара мал санын алдағы бес жылда 30 мыңға жеткізуді мақсат тұтып отыр. Жаз айында қуаттылығы 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы жұмысын бастамақ. Қазір осы бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Алматы қаласының маңына да 20 мың басқа арналған мал бордақылайтын орын салу көзделіп отыр. Сонымен бірге ет өңдейтін комбинат ашылып, шұжық дайындайтын цех іске қосылмақ. Мал сойылатын орын салынып, жаңа жұмыс орындары құрылатын болады. Жергілікті тұрғындар да қолда бар мал тұқымын асылдандырудың тиімділігін түсініп, шаруашылықтан бұқашықтар сатып алуға ынта білдіруде. Былтыр ірі қара мал еті Ресей мен Қырғыз еліне экспортталыпты. Ал биыл Қытай мен Иран мемлекетіне шығарылмақ. Табиғи таза жемшөппен азықтанатын мал етіне басқа да шет мемлекеттер қызығушылық танытып отырған көрінеді. Мамандардың айтуынша, ірі қара мал биылғы қыстан қиналмай аман-сау шыққан. 
   Бұдан соң ірі қара өсіруге машықтанған «Шынжылы» шаруа қожалығының тіршілігін көріп қайттық. Шаруашылық негізінен «Арқарлы-Майбүйрекке» қызмет көрсетеді. Серіктестік аталмыш шаруашылықтың малын бағып-қағып өсіріп, төлдетіп береді. Осы қызметтеріне қарай «Шынжылы» шаруашылығына еңбекақы төленеді. Қожалықта малшылар мен механизаторлар және мал дәрігерлері жұмыс істейді. Олардың айлық жалақылары да жаман емес, жүз мың теңгеден асады. Қосымша сыйақы да беріліп отырады. Шаруашылық жетекшісі Мұхтар Қиынов бізді етті бағыттағы «Ангус» және «Герефорд» ірі қарасы бағылып жатқан жайлауға әкелді. Оның сөзінше, қазір оларда үш мың басқа жуық ірі қара бағылады. Соның басым бөлігі аналық бас. Бұл жердегі мал да жаңа технология бойынша жасалған электрлі қоршау ішінде бағылады. 
   Бір сөзбен айтқанда, малдың күйі жақсы әрі оларға ерекше күтім көрсетіледі. Қожалық 2015 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Шаруашылықта қазір 6 мың гектарға жуық жер бар. Жемшөп сол жерден әзірленеді. Мұхтар  Болатұлы көктемгі мал төлдету науқанының ойдағыдай жүріп жатқанын да сөз етті. Ендігі кезекте шаруашылық жетекшісі жеке мал алып, шаруашылық жұмысын өрістетпек ниетте. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА.
Алакөл ауданы