ДСҰ тұсындағы алғашқы дау

Уақыты: 05.06.2018
Оқылды: 1097
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі бойынша он тоғыз жылға созылған келіссөздер 2015 жылы аяқталған еді. Оның нәтижесі еліміздің аталмыш ұйымға толыққанды мүшесі ретінде кіруі болды. Жаһанданған нарыққа кіру мүмкіндігі отандық өндірісті ДСҰ мүше елдеріне өнімді экспорттау кезінде кемсітуден қорғауды қамтамасыз етеді, өзіміздің ішкі нарығымызды заманауи әрі екіжақты қатынасқа зиянсыз қорғау институттарын ұсынады. ДСҰ мүшелігіне кіру Қазақстан үшін көп еңбекті қажет еткен елеулі қадам. Мысалы, еліміздің  50-ге жуық нормативті-құқықтық актілеріне өзгеріс еңгізілді, үйлесім мақсатында Кедендік одақ тұсында қабылданған 10-нан астам келісім сәйкестендірілді. Нәтижесінде отандық өнеркәсіп өкілдеріне әлемдегі ең дамыған елдердің ұлан-ғайыр нарығы ашылды. Сондай-ақ, біздің ішкі нарық та еркін айналымға түсті.

Дүниежүзілік сауда ұйымының ең елеулі органы – Дауларды шешу жөніндегі мекеме болып саналады және 2017 жылдың қыркүйегінде Украина тарапынан осы органға Қазақстанға қарсы шағым түсті. Бұл Қазақстан үшін ДСҰ мүшесі ретінде қарастырылатын бірінші дау болып саналады. Қазақстан тарабы консультацияға қосылатынын хабарлады. Сонымен қатар, Ресей тарапына консультацияға қатысуға шақыру жіберілген еді. Еуразиялық экономикалық одақ бойынша одақтасымыз ұсынысымызды қабылдады. 
Осы жерде талап бізге қойылса да, неліктен бірінші кезекте көрші елден көмек сұрап отырмыз деген сұрақ туындайды. Шындығында Украина өзінде өндірілген құбырдың кейбір түрін Еуразиялық экономикалық одақ аймағына импорттау үшін демпингқа қарсы салымдардың мерзімін тағы бес жылға ұзарту бойынша шешіммен келіспейді. Кедендік одақ аясында 2011 жылы қабылданған антидемпинг салығы 2016 жылдың маусымында шыққан ЕЭО Экономикалық комиссиясының қайта қарау нәтижесі бойынша 18,9 пайыздан 37,8 пайызға дейінгі көлемде барынша рұқсат етілетін мерзімге ұзартылды. 
Қайта қарау шарасына отандық нарық атынан «ТМК-Казтрубпром» ЖШС қатысқан. Ресми құжаттарда оның одақ кеңістігіндегі тауар үлесі жайлы ақпарат коммерциялық құпия деп көрсетілген, бірақ түрлі ақпарат көздеріне сәйкес үлес мөлшері 10 пайызға жетер-жетпес. Яғни, 2011 жылы ЕЭО-ның құбыр өндірісінің шамамен 80 пайызын құрайтын өндірушілердің өкілдері Украинада шығатын құбырлар импортында демпинг орын алды және бұл адал сауда қағидаларына қарсы келеді деген шағым түсірді. Шағым бойынша ЕЭО Экономикалық комиссиясы антидемпингтік салық салуды ұйғарады. Бірақ бұл мәселенің тамыры тереңде. 
2001 және 2005 жылдар аралығында Финн-Ресейлік Сауда палатасының бастамасымен Украина құбыр өндірісінің Ресейге жіберілетін тауар көлемін квотамен реттеу жүзеге асады. Яғни, «Интерпайп» корпорациясы Ресейге экспорт көлемін өз еркімен шектеуге келісіп отырды. Сол кезде украиндық құбырлардың Ресей нарығындағы үлесі шамамен 9-12 пайыз аралығында болды. Бірақ 2005 жылы екі тарап келісімге келе алмағандықтан құбыр айналымы еркін нарықтың ережелеріне ғана бағынды. Дәл 2005 жылдан бастап Ресей құбыр өндірісі саласына 2 млрд.-қа жуық АҚШ доллары көлемінде инвестиция салады. Ресей Украина тарабымен ұсынылған компромистік ұсыныстардан бас тартып, антидемпингтік зерттеу біткен күні келіссөздерді үзді. Бірақ ол жылдар аралығында Ресейдің құбыр өндірісі ешқандай зиян шекпеген, керісінше, 5,6 пайызға ұлғайып, табыс мөлшерін 10 пайызға дейін өсірген. Оған қарамастан 2005 жылы Ресей Үкіметі Украинадан шығатын құбырдың 5 түріне 8,9% –55,3% аралығында антидемпинг салығын салады. 
Демпинг саясаты әдетте нарықты агрессивті басып алу мақсатында қолданылады. Бір өндіруші тауарды өзіндік құнынан немесе қалыпты бағадан төмен бағамен сатып, өзге өндірушілердің банкротқа ұшырауын күтеді. Бәсекелестері ондай бағаға шыдамай нарықтан кеткенде, демпингтік бағамен сататын өндіруші монополистке айналады. “Укртрубопром” компаниясының бас директоры Леонид Ксаверчуктың пікірінше, Ресей өндірушілерінің тауар тиімділігі шамамен 15 пайыз көлемінде, ал украиндық өндірушілерде 7 пайыз. Сонымен қатар, украиндық саладағы жұмысшылардың жалақысы ресейлік жұмысшылардың жалақыларынан шамамен 200 АҚШ долларына кем. Сондықтан украиндық құбырдың арзан болуына демпингтің қатысы жоқ деген пікір бар. Ал Ресей Үкіметі украиндық құбыр өндірісіне үкімет тарапынан берілген қарыздарды қайта құрылымдау, өсімақыларды кешіру және өзге де преференциялар нысанындағы мемлекеттік көмекті 1,2 млрд. АҚШ долларына бағалаған. Ондай жеңілдіктердің әсері шамамен 2012 жылға дейін орын алуы мүмкін деген баға берілген.
Сонымен, Ресей 2005 отандық өндірушіні қорғау мақсатында қабылдаған салық 2011 жылы ұқсас мөлшерде ұзартылды. Бірақ алдыңғы протекционистік шараға қарағанда, 2010 жылы Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері ортақ    Кедендік одақ құрғандықтан бұл салықты өзге одақтастар ipso facto қабылдады. Бірақ ол кезде не Ресей, не Қазақстан ДСҰ мүшесі болмады, сондықтан саяси қатынастардың әсерінен тыс болатындай дауды шешудің құралдары табылмады. 2016 жылы антидемпинг шарасының мерзімі аяқталу себебімен өткізілген қайта қарау нәтижесінде комиссия антидемпингтік салықты алып тастаған жағдайда ЕЭО мүшелерінің ұлттық экономикасына зардап келуі мүмкін деген ұйғарымға келді. Украиналық тарап антидемпингтік қайта қарау заңнамаға сәйкес жүргізілмегеніне сілтеме жасайды. Олар 1994 жылғы ГАТТ келісімінің        6-тармағы 3.1, 3.4, 3.5, 5.2, 5.3, 6.1, 6.2, 6.8, 8.3, 11.1, 11.3, 12.2 баптары, Қосымша II бұзылды деген айып тағады. Осы баптардың тіпті біреуі шынымен бұзылғандығы дәлелденсе, ЕЭО мүшелеріне салық салуды тоқтатып, зардап шеккен тараптарға компенсация төлеуге міндеттелуі мүмкін. 
Дау бойынша консультация әлі өткен жоқ, шамамен осы жылдың жазына жоспарланған, бірақ жалпы және алдын ала айтатын болсақ, Украина тарабы қайта қарау кезінде барлық тарапқа тең дәрежеде қорғану, айғақтар ұсыну мүмкіндігі берілмегенін мәлімдейді. Яғни олардың ойынша, кейбір елеулі айғақтар зерттеу барысында назардан тыс қалған және қосымша анықталуы тиіс мәліметтер алғашқы қалпында сөзсіз ақиқат ретінде қабылданған. Сонымен қатар, 1994 жылғы Антидемпинг кодексінде міндетті деп қарастырылған талдауға жататын көрсеткіштер зерттелмеген деген айып бар. Сондай-ақ, зерттеудің нәтижесі болып саналатын баяндамада мәліметтердің елеулі бөлігі коммерциялық құпия деп көрсетілген. Украина тарабы ол мәліметтердің табиғатына сәйкес коммерциялық құпия бола алмайтынын дәлелдеуге дайын және олардың дәлелдейтініне күмән жоқ. Бірақ комиссия мүшелері ол мәліметтердің сипаты негізінде емес, ол мәліметтерді ұсынған кезде жасаған мәміле негізінде құпиялылық статус көзделгенін және ақпарат ұсынған кейбір шағым беруші өндірушілердің құрылымдық нысаны жабық акционерлік қоғам болғандығын айтады. Зерттеу кезінде комиссия украиндық компаниялардың бухгалтериясынан тауар тасымалдау және өндіріс әкімшілігіне кеткен шығындарды өнімнің өзіндік құнына қоспағанын анықтады. Өнімнің қалыпты бағасын анықтау кезінде экспорттаушы елдің нарығы мен үшінші елдерге сатқан кездегі бағасын салыстырды. Бұл заңнамаға сәйкес тәжірибе. Яғни саралау кезінде қалыпты баға, өзіндік құн, экспорттық үлес, үшінші елдерден импорт динамикасы, ішкі сұраныс деңгейі, ішкі өндіріс көлемі, тағы басқа көрсеткішкер зерттелген. Басым көпшілік істерде бұл көрсеткіштер демпингті анықтауға жетеді. Ал осыған ұқсас жай, 2004 жылы АҚШ Қытайға қарсы мұнай құбырлары бойынша антидемпинг шаралары бойынша дауда қарастырылған көрсеткіштер шеңбері демпинг және оның салдарын нақты анықтау үшін жеткілікті болса, онда өзге көрсеткіштерді қарастыру, егер олардың қаралуы нәтиженің елеулі өзгеруіне алып келмесе, міндетті емес деп Апелляциялық құрам өзінің баяндамасында көрсеткен. Сондай-ақ, комиссия мүшелері антидемпингтік қайта қарау мақсаты демпинг пен залал байланысын анықтау емес, шаралар жойылған кездегі залалдың қайта басталу мүмкіндігін анықтау екенін ерекше атап өткен. 
Үшінші елдерге экспорттау бағасын салыстыру барысында құбырдың аталған бес түрі баратын елдердің басым бөлігі украиналық өнімге 5 пайыздан 42 пайызға дейін антидемпингтік салық орнатқаны мәлім болды. Мұндай шаралар әр елдің жеке зерттеуі бойынша ма, әлде Ресей тәжірибесін қолдану арқылы орын алды ма, нақты айту қиын. Бірақ Украина тарабы ұлттық өндіріс шеккен зардап пен баға демпингінің арасында себеп-салдар байланысы дәлелденбегенін айтады. Шынымен ДСҰ шартына сәйкес демпингке қарсы шара қолдану үшін демпинг пен ұлттық экономикаға зиян арасындағы байланысты дәлелдеу қажет және ондай дәлелдер позитивті айғақтарға негізделуі тиіс. Кінәсіздік презумпциясы бойынша ондай айғақтардың болмағанын не жеткіліксіздігін дәлелдеу украиналық тараптың мойнында.  
Істің мәні жөнінде толық ақпарат беру тым көлемді мәтінге айналады. Десек те, бұрын орын алған прецеденттерге сүйеніп көптеген тұжырымдар мен болжамда айтуға болады. Бірақ тараптардың нақты дауға қатысты ұйғарымдарын саралап, толыққанды зерттеу жасау үшін кем дегенде бірінші отырыс өту қажет. Ал мұндай істер онжылдықтарға созылуы мүмкін. Сондықтан, ДСҰ аясындағы бірінші даудың Қазақстан үшін қалай аяқталатыны кемінде 5-6 жылдың  ішінде белгілі болмайды.
 

Сырым Әбіл,
әл-Фараби атындағы КазҰУ-дің магистранты