Техника сенімді, жұмыс өнімді

Уақыты: 07.06.2018
Оқылды: 1139
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгінде балқаштықтар күріш егуді белгіленген мерзімде табысты аяқтап, жемшөп дайындауға, нақтырақ айтатын болсақ, жоңышқа шабуға қызу кірісіп кетті. Мұны біз Ақдала ауылының маңындағы «Өтес-Ақдала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жоңышқа алқабында болғанда байқадық. 

– Серіктестікке қарасты 3400 гектар суармалы жердің 1100 гектарына күріш егілген, 1200 гектары арпа-бидайға, оған қосымша 400 гектар алқап сүрлемдік жүгеріге арналды, – дейді бізбен әңгімесінде ЖШС директоры Марс Дәулетбаев. – Негізгі мақсатымыз мал бордақылау кешеніндегі ірі қараға құнарлы азық дайындау болғандықтан бүгінде осы шаруаға қызу кірісіп жатырмыз. Ауа райы салқындау болғандықтан жылдағыдан кештеу кіріссек те өткізіп алған уақыттың орнын толтырамыз ғой деген ойдамыз.
Осы уақытқа дейін бордақыда тұрған ірі қараға балауса азық дайындалып келсе, енді егіс айналымындағы жоңышқаға шалғы түсті. Дайындалған азықтың негізгі бөлігі, жоғарыда айтып өткеніміздей, бордақыда тұрған малды азықпен қамтамасыз етуге жұмсалса, енді бір бөлігі серіктестіктің өз жұмысшыларын қамтамасыз етуге, сонымен бірге елді мекендегі қартаң адамдар мен көп балалы отбасыларына көмек көрсетуге жұмсалады екен. Одан артылғаны, әрине, сатуға шығарылады.
Сөз орайы келгенде, серіктестік жұмысшыларына белгілі бір мөлшердегі жемшөптің тегін берілетіндігін де айта кетейік. Маусым кезінде істеген жұмысының мөлшеріне қарай 300 мың теңгеге дейін жалақы алатын механизаторлар мен комбайншыларға, нақты жалақымен жұмыс істейтіндерге бұл үлкен көмек десек те болады.
Серіктестікте маусым кезінде  120-дан астам адам жұмысқа тартылады екен. Жемшөп дайындап, астық оратындардан басқасы мал бордақылау кешені мен мал сою цехындағы, күріш ақтау зауытындағы шаруалармен айналысады. 
Бірқатар шаруашылықтарда техниканы жаңарту мәселесі өзекті болса, аталған серіктестікте бұл мәселе оңтайлы шешімін тапқан. «Техникамыз жеткілікті. Өткен жылдары сервистік дайындау орталығы арқылы 2 комбайн, соның ішінде шынжыр табанды «Енисей» комбайнын, бірнеше тракторды жаңадан алғанбыз. Бұл орайда да проблемамыз жоқ деуге болады», – дейді Марс Қайшымбекұлы сенімді қалыппен. 
Техника сенімді болғаннан кейін жұмыстың да өнімді болатыны белгілі ғой. Сол айтқандай, серіктестік өткен жылы күріш егістігінің әр гектарынан 40 центнерден астам дән алып, мол өнімге қол жеткізген. Алдағы уақытта күн ысып, ауа райы қалыпқа түскендей болса, биылға деген болжамдары да жоғары. Еңбек ұжымындағы бас инженер Ғалым Құрманов, бригадирлер Нұржақан Ақмолдаев, Исатай Жүнісбаев, Серік Ахметов, механизаторлар Серғали Ақбаев, Ерланбек Оразбековтей майталмандар барда қандай биік меженің де орындалатыны айдан анық.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ