Оқытудың пайдасы мол

Уақыты: 11.06.2018
Оқылды: 950
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ел бойынша «Алтын сапа» Президент премиясы және «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының қатысушыларына арналған оқыту семинары жалғасуда. Семинар байқау қатысушыларына кеңесші-әдістемелік көмек беруге, ережелерді түсіндіруге, сапа саласындағы халықаралық байқаулар туралы баяндауға бағытталған.    

Талдықорған қаласында атамыш семинарды кәсіпорын басшылары мен топ-менеджерлері үшін «Атамекен» ҚР ҰКП республикалық байқауларды ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Әбдікәрімова өткізді. «Алтын Сапа» премиясы сапа саласындағы елеулі жетістіктерге жеткен кәсіпорындарға тапсырылады. Байқауға нарықта 3 жылдан кем емес жұмыс істеп келе жатқан компаниялар қатыса алады. Салтанат Әбдікәрімованың сөзінше, биыл «Алтын сапаға» бірқатар өзгеріс енгізілген. 
– «Қатысушылар «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызметтер көрсететін үздік кәсіпорын» және жаңадан тағайындалған «Азық-түлік тауарларын немесе ауылшаруашылығы өнімін шығаратын үздік кәсіпорын» атты аталым бойынша жеңімпаз атанады. Кәсіпкерлерді ынталандыру мен қолдау білдіру мақсатында және олардың халықаралық байқауларға қатысуына көмек ретінде 1млн. теңге көлемінде қаржылай марапат бар. Сонымен бірге ақтық кезеңге шыққан кәсіпорындарды сарапшылар тобының өндіріс орнында зерттеуі қарастырылған тағы бір кезең қосылды» – деді спикер. 
Бұған қоса «Үздік индустриалдық жоба» мен «Үздік инновациялық жоба» арнайы сыйлықтары тағайындалды. Сапа байқауының тағы бір жаңалығы – өтінімді онлайн режимде altynsapa.kz сайты арқылы тапсыруға болады және онда қатысушылар туралы ақпарат жарияланады. Қатысушылар материалдарын мемлекеттік басқару органдарының басшылары, сапа саласындағы мамандар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құралатын сарапшылық комиссиясы бағалайтын болады. 
 Биыл «Galaksy» компаниялар тобы «Aлтын сапада» бағын сынап көрмек. Кәсіпорын елдегі құрылыс мақсатындағы жоғары сапалы алюминий профилін шығаратын ірі отандық өндіруші саналады. «Galaksy» өндірумен қатар  түрлі күрделі профильдерді жылжыту мен сатумен айналысады. Сонымен бірге терезелер мен есіктер, ішкі қалқалар мен құбырлардың жеке профиль жүйесін әзірлеумен де айналысады. 
Ал «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпаздарын үш номинация бойынша ақшалай (1-орын 300 мың теңге,  2-орын 200 мың теңге, 3-орын 150 мың теңге) марапаттайды. 
Олар «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлар». Өңірлік байқаудың 9 жеңімпазы республикалық байқауға қатысуға мүмкіндік алады. «Көрме-байқаудың өңірлік кезеңінің 144 жеңімпазының ішінде сарапшылар комиссиясы 27 финалистті анықтайды. Өз кезегінде олардың арасындағы жеңімпаздар онлайн дауыс беру арқылы анықталады. Оған Қазақстанның барлық тұрғыны қатыса алады», –дейді Салтанат Әбдікәрімова. 
Биыл облыс орталығында «Қазақстанның үздік тауары» байқауы маусым айының соңына жоспарланған. Талдықорғандық «MEDISSON 2008» компаниясы дәл осы өңірлік байқаудың алғашқы қатысушыларының бірі болмақ. 
Кәсіпорын директоры Алексей Шайкиннің айтуынша, осылайша компания жалпы Қазақстанға танымалдылығын арттыруды көздеп отыр. «Біздің компанияның негізі 2008 жылы қаланған. Медициналық мақсаттағы жиһаз шығарумен айналысады. Өнімдерді металл, ағаш, ағаш-жаңқалы тақтадан жасаймыз. Бүгінде 30 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. «Қазақстанның үздік тауары» байқауына алғаш қатысудамыз. Бұл біз үшін жақсы тәжірибе болады», – дейді Алексей Шайкин.   
Оқу семинарының соңында барлық қатысушыға сертификат табысталды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, «Алтын сапа» мен «Қазақстанның үздік тауарына» өтінім қабылдау әлі де жалғасуда. Қазіргі таңда оған 50-ден астам кәсіпорын қатысуға ниет білдірген. 

 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА