Бақ өсіру технологиясы түсіндірілді

Уақыты: 11.06.2018
Оқылды: 1627
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ауылшаруашылығын дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Ол мемлекеттің экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған. 

Жолдаудың Үшінші бағыты «Ақылды технологиялар»  агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігіне арналды. Елбасы Жолдауында: «Егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есеге арттыруға болады» деген болатын. Дәл осы тапсырмалар негізге алынып, ауылшаруашылығы өнімдерін өркендету жолын талқылау мақсатында Шарын ауылында Панфилов, Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле және Ұйғыр ауданындағы ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруші кәсіпкерлер мен мамандардың қатысуымен семинар өтті. 
Семинар «Шонжы Агро» ЖШС-нің өрік бағынан бастау алды. Онда бақ өсірудің технологиясы мен аурулары жайында мамандар мағлұмат берді. Семинар тізгінін ұстаған об-           лыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Сексембай Бекішов жиынға қатысушыларға семинардың негізгі мақсат-міндеттерін түсіндірді. Сонымен бірге ауылшаруашылығын жандандыру бағытында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер жайында сөз қозғалып, ауданның бақ отырғызу бойынша алдыңғы қатарда екендігі жеткізілді. Бұдан соң Қазақ Ұлттық университетінің өсімдіктерді қорғау және карантин бөлімінің сектор меңгерушісі Бақыт Көпжасаров өрікке қауіпті аурулар жайында анықтама берді. 
Бүгінде елде өрікке қауіпті аурудың анықталғаны айтылып, оған нақты дәрінің әлі күнге табылмай отырғаны жайында сөз қозғалды. Бұл аурулар шет мемлекеттерден әкелінген көшеттерден жұғып отырған көрінеді. Сол себепті бақ отырғызу алдында арнайы сертификаты бар, кепілдік бере алатын көшет өндірушілерден тауар алуға кеңес берілді. Семинарға көрші ауданнан келген қатысушылар өздерінің көкейкесті сауалдарын жолдап, мамандардан қанағаттанарлық жауап алды. 
Семинардың жалғасы Шарын ауылындағы «С. Абылай» шаруа қожалығының егістік алқабында жалғасты. Жемшөп өндіруде аудан бойынша алғашқы орында тұрған шарындықтар алдымен келген қонақтарға өздерінің шаруашылық техникаларын көрсетті. 
Олардың атқаратын қызметі мен күші және қаншалықты жұмыс атқара алатыны жайында аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Лутпулла Хавайдуллаев айтып берді. Бұған қызығушылық танытқандар сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды. Келесі кезекте «ЮНАЙТ» ЖШС өздерінің ауылшаруашылығы техникаларының қызметімен таныстырып, тәжірибе ретінде бес гектар жерге дәнді дақыл сеуіп көрсетті. Аталмыш техникалардың күніне 30 гектар жерді игеруге шамасы жетеді. Жерді тыңайтқышпен қамтамасыз ету, жүгерінің сапасын анықтау, оны егудің технологиясы мен суару жолдары жөнінде өздерінің тиімді әдіс-тәсілдерін көрсеткен компаниялар да аз болған жоқ. Мұнда олар тамшылатып суарудың әрбір өсімдікке пайдалы тұстарын нақты дәлелдермен көрсетті. 
Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Коюмчан Омаров Ұйғыр ауданында бірнеше жыл әкім болғанын, сол кезден бері Шарын ауылының тұрғындары ауылшаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқанын әңгімелеп, ауданға бақ, жүгері өсіруге қолдау көрсетілсе деген ойын жеткізді. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауында:  «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек», – деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан бақ өсіріп, егін егіп, маңдай терлеткеннің арқасында мол өнімге кенеліп жүрген шарындықтар жаңа технология бойынша жұмыс істеуге әруақытта дайын екендіктерін жеткізді. 
Аудан басшысы Шухрат Нурахунов өңірде мал, егін шаруашылығы мен бақ өсіру, жылыжай салу сияқты жұмыстардың жыл санап жақсарып келе жатқанын айтып, семинарды қорытындылады. 

Думан САРТБАЕВ
Ұйғыр ауданы