Өркен жайған "Өтес БиоАзия"

Уақыты: 17.06.2018
Оқылды: 1027
Бөлім: ЭКОНОМИКА
Балқаш ауданындағы ірі шаруашылықтардың бірі ретінде белгілі кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Дүйсенбек Нұрланов жетекшілік ететін «Өтес БиоАзия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін айтар едік. Аталған серіктестікке  қарасты шаруашылықтардың бірі бүгінде мал бордақылап, оны союмен айналысса, енді бірі бордақыдағы малға жемшөп дайындап, арпа-бидай, күріш өсіреді, тағы бірі асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Әрқайсысы өз ісіне маманданғандықтан түпкі нәтиже де жоғары. Бұған Балқаш ауданына іссапармен барғанда айқын көз жеткіздік.

5000 бас бордақыланады

Ақдала ауылының маңында орналасқан мал бордақылау кешенін автокөлікпен аралауға тура келді. «Өтес БиоАзия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің айтарлықтай үлкен аумақты алып жатқан, 5000 бас ірі қара малын бордақылауға арналған бұл кешенін жаяу аралап шығуға бір күн болмаса да бірталай уақыт кететінін байқадық. 
Мал бордақылау кешені соңғы     4-5 жылда жұмыс қарқынын арттырып, жобалық қуатында жұмыс істей бастаған. Өткен жылы жобалық қуатынан да асып түсіп, толымды көрсеткіштерге қол жеткізген кәсіпорын болашағының жарқын екені ешқандай дәлелдеуді қажет етпейді.
Арнайы жобамен айналасы ашық, бастырма тәріздес етіп жасалынған, ұзындығы 240 метрлік мал қорасының әрқайсысына 800 бас ірі қара сыяды екен. Осындай әлденеше қорада әр жастағы 4000 бастай мал бордақылануда. 
– Бір мезетте 5 мың басты бордақыда ұстамаймыз. Тиісті қоңдылыққа жеткендерін сойып, өткізіп, босаған орынға қайтадан мал қойып, алмастырып отырамыз, – дейді біздің жолбастаушымыз серіктестіктің атқарушы директоры Шахан Ауғамбаев.
– Өзіміз де мал өсіретіндіктен бұл орайда көп проблема туындай қоймайды. Бордақыға қойылатын малдың 30-40 проценті өзімізден екендігін айтсақ, атқарылып жатқан жұмыс ауқымын бағамдауға болады.  
Әңгімелесе келе білгеніміздей, «Өтес БиоАзия» ЖШС көп жылдан бері қазақтың ақбас сиырын, сантагертруда, ангус тұқымын өсірушілердің Республикалық палатасына мүше екен. Мұның өзі сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен дүниеге келіп жатқан ғылыми жаңалықтардан хабардар болып қана қоймай, өңірлермен, мал өсіретін ірі шаруашылықтармен өзара тиімді байланыстарды қалыптастыруға да мүмкіндік береді. Оның кешен алаңын бордақыға қойылатын малмен толықтыруға да ықпалы үлкен. Содан кейін де шығар, мал әкелушілердің қатарында Алматы облысынан өзге Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарының шаруалары да аталады. 
Серіктестіктің өз сайты жұмыс істейді. Сала бойынша соңғы жаңалықтардан хабардар болып отыруға, кешен алаңын малмен толықтыруға мұның да себі тиеді. 
Бір жүріп өткенде байқағанымыз – бордақыда тұрған бұқашықтар негізінен біркелкі көрінді. Бұл компанияның өзінің де мал өсіретіндігінің, көп ретте ірі шаруашылықтармен ынтымақтаса жұмыс істейтіндігінің нәтижесі. 
– Бордақылау алаңына мал өткізушілер мемлекет тарапынан қолдау көріп келді. Олай дейтінім, фермерлер өздерінің бұқашықтарын өткізген кезде субсидия алатын. Былтыр ондай субсидия берілмесе де мал өткізушілердің қатары азайған жоқ, – деген Шахан Айдарбекұлына «Субсидия берілмесе, мал өткізушілерді не нәрсе қызықтырады?» деген сұрағымызды іркіп қала алмадық. Оған берілген жауап қысқа да нұсқа болды. Жеке тұрғындар мен фермерлерді, серіктестік басшыларын ірі қараны сатып алу бағасының айтарлықтай жоғары екендігі қызықтырады екен. 
Субсидия демекші, мемлекет қолдауын көру үшін мал алаңға әкелінген соң кем дегенде 100 күн, яғни 4 ай мөлшерінде бордақылануы тиіс. Осы уақыт ішінде бордақыдағы мал 100-150 келіге дейін салмақ қосады. Серіктестіктің табысы да негізінен осы көрсеткіштен құралады.
Мұндағы жұмыс процесі толықтай автоматтандырылған. Балауса азық, жем беру жұмыстарының барлығы техниканың күшімен атқарылады. Суару жайында да осылай деуге болады. Шетелдік технологияға негізделген арнайы жүйе тереңнен тартылып, арнайы науаларға берілетін суды қыс айларының өзінде 14-17 градус жылылықта ұстап тұрады. 

Жемшөп те өздерінен 

Бордақылау алаңы табыспен жұмыс істеуі үшін өзінің берік жемшөп базасы болуы керек. Семіртуге қойылған малға көктем айларынан бастап берілетін балауса азық пен жемшөпті басқа шаруашылықтардан сатып алатын болса, тым қымбатқа түседі. Бұл өз кезегінде өндірілетін еттің өзіндік құнының қымбаттауына әкеліп соғатындығы белгілі. Оған жол бермес үшін серіктестіктің еншілес кәсіпорыны саналатын «Өтес-Ақдала» ЖШС негізінен жемшөп дайындаумен айналысады. 
Әрине, Балқаш өңірінде өсірілетін негізгі дақыл – күріш те назардан тыс қалмайды. Серіктестікке қарасты 3400 гектар суармалы жердің 1100 гектары аталған дақылға арналыпты. Жиналған ақ күріш аудан орталығы – Бақанас ауылында орналасқан зауытта ақталып, тұтынушыға жол тартады. Сөз орайы келгенде бұл зауыттың да серіктестіктің өз меншігінде екендігін айта кетейік.
Суармалы алқаптың қалған бөлігінде, жоғарыда атап өткеніміздей, жемдік дәнді дақыл мен жоңышқа, сүрлемдік жүгері өсіріледі. Көктем шыға бордақылау алаңына жаңадан шабылған көк балауса жеткізіле бастайтын болса, Бақанаста орналасқан жем-азық цехы алаңды құрама жеммен қамтамасыз етеді. Пішендеме мен сүрлем дайындау да осы серіктестік ұжымының мойнында. Бұл жайында «Өтес-Ақдала» ЖШС-нің директоры Марс Дәулетбаев әңгімелеп берді. Маусым кезінде 120-дан астам тұрғынды жұмыспен қамтитын, заманауи техникамен толықтай жабдықталған серіктестіктің жетекшісі қызу жұмыстың енді басталғанын атап өткен болатын.

Талапқа сай сойылады

Аумағы әлденеше ондаған гектарды алып жатқан кешен мал бордақылау алаңы мен мал сою цехынан, оған қосымша машина-трактор паркінен тұрады. Арнайы келгеннен кейін осындағы мал сою цехының жұмысымен де танысып шығуды ұйғардық. Аралау барысында герман технологиясы бойынша жабдықталған бұл цехтың да қандай жоғары талапқа болсын сай келетіндігіне көзіміз жетті.
Ақ халат киіп, басымызға, аяқкиімнің сыртына целлофан жабындыларын іліп дегендей, тазалық талаптарының бәрін сақтаған соң ішке ендік. Бір цехта сойылатын мал тұрса, енді бірінде тушасы арнайы ілгектерге ілініп, терісі сыпырылуда. Жұмыстың ыңғайына қарай қасапшы тұрған алаңқайды көтеріп немесе төмендетуге болады. 
Ірі қара мал тушаларын зыр қаққан электр араларымен бөліп, тоңазытқыштарға жөнелтіп жатқандардың да қимылдары ширақ. Сенімді қозғалыстарына, ширақ қимылдарына қарап мұндағылардың әрқайсының өз ісін жақсы білетіндіктері байқалады. Сондай жұмысшылардың бірі Мейрамбек Нүсіпәлінің де айтарлықтай мол тәжірибе жинақтап қалғаны көрініп тұр. 
Тоңазытқыштардың бірінде 70-75 мал тушасын сақтауға болады екен. Келесісі бұдан екі еседей кішірек. Жұмыстың ретіне қарай бірі сәл ғана салқын болатын болса, енді бірі 38 градусқа дейінгі суықтықты ұстайды. Тоңазытқыштан шыққан жерге таразы қойылған, соған орай дайындалған етті бірден тиеп жібере беруге болады. Мәселен, кеше ғана сойылған 50 бас малдың еті түн ішінде тиісті орындарға жөнелтіліпті. Жұмыс процесі осылайша тоқтамай бір-бірімен жүйелі жалғаса береді.
Шаруаның әр саласындағыдай, бұл жерде де қауырт кезеңдер, қарбалас шақтар орын алатын болып шықты. Атқарушы директордың айтуынша, өткен жаңа жылдың алдында, наурыз айында мал көп сойылыпты. Соңғы төрт күннің ішінде де 200 бастай мал сойылған.
– Мүмкіндігінше талаптың бәрін сақтауға тырысамыз. Бұл орайда бірқатар жетістіктерге жеттік деуімізге де болады, – дейді бұл жерде де бізге жолбастаушы болып жүрген Шахан Айдарбекұлы. – Алайда мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Мал сойылатын, ет жаймаланатын орындардың тазалығын, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тағы бір арнайы жүйе бар. Алдағы уақытта соны енгізсек деп отырмыз.
Мал еті негізінен Алматы мен Қапшағай қалаларына жіберіледі. Ашығына көшкенде, серіктестікте дайындалатын жоғары сапалы мал еті аталған екі қаладағы алушылардан артылмайды екен. Ондағылар «Өтес БиоАзия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіретін еттің дәміне әбден үйреніп алған деуге де болады. 
Өз ісінің білгір маманы саналатын Шахан Айдарбекұлы бұл мәселе жайында сағаттап әңгімелеуге бар. Алматы зооветинститутын бітірген ол біраз уақыт бойы бұрынғы Торғай облысының шаруашылықтарында, содан кейінгі жерде Алматы қаласының ветеринарлық клиникасында жұмыс істеген екен. Өзі оқыған институттың аспирантурасында білім алып, студенттерге дәріс берген де кезі бар. Содан кейін де шығар, білгір маманның әрбір пікірі дәлелді, көкейге қонымды. 
– Ет сапасы, ең алдымен, малдың тұқымына байланысты. Қазақтың ақ бас сиыры мен сантагертруда, ангус тұқымдары осы етті бағытта шығарылғандықтан оның етінің дәмі де бөлекше болып келеді. Біздің бордақылау алаңынан өткен малдың еті әдетте жоғары сортқа жатқызылады, – дейді ол. 
Осы жерде еншілес «Агрофирма «Өтес» ЖШС-нің негізінен асыл тұқымды мал өсірумен айналысатындығын бөліп айта кетейік. Онда күтіп-бағылатын асыл тұқымды 2-3 мың бас сиырдан туатын мың бастан астам еркек мал жыл сайын бордақыға қойылады. Сондай жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы 5 айы ішінде 570 тоннадай мал еті дайындалған.
Бір айта кетерлігі – ауыл адамдары немесе басқа ұжым басшылары өтініш білдіріп жатса, серіктестік олардың да малдарын қабылдап алып, арнайы прейскурант бойынша сойып береді. 

Халал өнім шығарылады

Бүгінде халал өнімге деген сұраныс өте жоғары. Әйтсе де «халал» деген жазуды көзің көре тұрып, көңіліңнің сенбейтін сәттері көп екендігін жасыра алмаймыз. Өйткені, бұл сөзді өнімнің тезірек өтуі үшін ешқандай негізсіз жазып қоятындар да жоқ емес. «Өтес БиоАзия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болғанымызда бұл орайдағы талаптардың қатаң сақталатындығына көз жеткіздік. 
Ең алдымен, мал соятын қасапшылардың орталық мешітте оқып келіп, халал куәлігін, яғни арнайы сертификат алғандығын айта кетейік. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы берген мұндай куәліктер арнайы бөлмеге көрнекі орынға ілініп қойылған. Осындай нөмір бірінші куәлік Абдулла Мәулеттің атына беріліпті. Осылайша Қазақстан бойынша халал ет дайындайтын нөмір екінші, үшінші, төртінші қасапшылардың аты-жөндері жазылған куәліктер қабырғада тізіліп тұр. Бір таңғаларлығы, олар орталық мешітке жыл сайын барып оқып, халал ет дайындайтын қасапшы екендіктерін қайта дәлелдеп, сертификаттарын жаңғыртып тұрады екен. Сайтта да жұмысшылардың ондай оқу курсынан өткендігі жайында тайға таңба басқандай анық жазылған.
Басты бір шарт – малды «Аллах акбар» деп бет сипап барып, құбылаға қаратып бауыздау емес пе? Мұнда арнайы қондырғы малдың басын құбылаға қаратып жығып беріп, бауыздауға дайындайды екен. Өз кезегінде мал адам қолымен бауыздалып, халалдың содан кейінгі шарттары да қатаң сақталады. 
Ет комбинаты дегенде біздің ойымызға әдетте малды ауыр балғамен соғып құлатады екен, әйтпесе токпен өлтіреді екен дегендей алыпқашпа әңгімелердің оралатыны анық қой. Ондай жабайы әдіспен өлтірілген мал етінің халал болмайтындығы өз алдына, дәмінің де татый қоймайтындығы ғылыми дәлелденген. Соны ойлағанда серіктестік өндірген еттің өтімділігінің, дәмділігінің бір сыры осы халал ұғымында жатқан жоқ па екен деген ой көңілге оралмай қоймайды.
Санитарлық норма қатаң сақталады
Мал сою цехына барар жерде ең алдымен көзге түсетіні – дезбарьер, яғни алаңға кіретін автокөлік дөңгелектерін зарарсыздандыратын арнайы ерітінді толтырылған орын. Бұл жерде басқа да ветеринарлық, санитарлық талаптардың қатаң сақталатындығы көзге ұрып тұр. 
Жұмысшылардың киім ауыстыратын, жуынып-шайынатын бөлмелері жабдықталған. Германиялық кәсіпкерлер жабдықтарын орнатып, жергілікті мамандарды біраз нәрсеге үйреткенде бұл мәселені де назардан қағыс қалдырмағандары байқалады. Мәселен, өндірістік аймақтан шыққан қан-жыны аралас су арнайы құбырмен бөлек ғимаратқа жиналып, тазалау үрдісінен өтеді екен. Осылайша 6-7 сатылы тазалаудан өтетін кәріз сулары ең соңғы биотазалау процесінен кейін артылған су ағызылатын каналға жіберіледі. 

Болашақ – ірі шаруашылықтарда

Соңғы жылдары шаруа қожалықтарын ірілендіруге ден қойылғаны белгілі. Шахан Айдарбекұлы бұл тұжырымды шын ниетімен қолдайды. Оның айтуынша, шетелдердегі ет экспорттаудан дүниежүзі бойынша бірінші орынды алатын АҚШ-тағы осындай алаңдарға бір мезгілде 60-70 мың бас мал бордақыға қойылады. Ет экспортының көлемін арттыру үшін өзіміздегі мал басын да барынша молайтуымыз керек, яғни негізгі бағыт ірілендіру болуы тиіс. Технологиялық процесс үзілмеуі керек. Мәселен, мал төлдеді, бұзау өсіп, бөлінді, сүтті тұқымы сүт өндіру саласына, етті тұқымдысы бордақыға кетті. Мал сойылып, ет шұжыққа айналды. Осылайша технологиялық цикл тұйықталуы тиіс. 
Шетелдерде бір кәсіпкер малды бордақылаумен, екіншісі союмен, үшіншісі сатумен, төртіншісі тері өңдеумен айналысады. Біз де соған келіп тұрмыз деп есептейді ол. Мәселен, бұрынғы ет комбинаттарында малдың терісі ғана емес, тұяғы мен мүйізі, бәрі-бәрі пайдаланылатын. Сүйегі ұнға айналдырылып, терісі иленіп, пайдаға асырылатын. Ондай технологиялық процесс үзілгендіктен, білікті мамандарды жоғалтып алғандықтан біз онымен көп айналыспаймыз. Содан кейін де сойылған малдың терісін бір кәсіпкер алып кетеді. Ал ішек-қарынға қытайлық кәсіпкерлер тарапынан тапсырыс көп түсетін көрінеді. 
Әрине, өнім терең өңдеуден өтіп жатса, дайын өнім де қымбатқа сатылады ғой. Онда пайданың да молырақ түсетіні сөзсіз. Бұл орайдағы жұмыстарды ынталандыру үшін үкімет тарапынан да субсидия қарастырылуда. Атқарушы директордың айтуынша, бұлайша терең өңдеуден өткен өнімнің әр келісіне 175 теңгеден субсидия төлеу көзделуде. Жүзеге асып жатса, бұл қадамның да шаруаларға үлкен қолдау болатыны сөзсіз. Сөз орайы келгенде серіктестіктің де өнімді терең өңдеуге қатысты бірқатар жоспарлары бар екендігін айта кеткен жөн шығар.
Серіктестік өткен жылдары Қырғызстанға 30 тоннадай мал етін экспорттаған екен. Одан кейінгі жерде мал еті, жоғарыда айтып өткеніміздей, Алматы мен Қапшағайдан артылмайды. Болашақта ет экспортын арттырамыз десек, бордақыланатын мал санын 60-70 мың басқа жеткізбей болмайды. 
Әрине, ірі кешендерге бұқашықтар өткізіп тұру үшін белгілі бір дәрежеде ұсақ шаруашылықтар да қажет. Онсыз болмайды. Дегенмен де, болашақтың ірі шаруашылықтарда екендігі ешбір дәлелдеуді қажет етпейді. 

Жұмысшыларға жағдай жасалған

Мал бордақылау кешені ең алдымен іргесінде тұрған Ақдала ауылының тұрғындарын жұмыспен қамтиды. Бұл жерде маусымдық ерекшеліктерге қарай жұмысшылар саны 25-тен 50 адамға дейін өзгеріп тұрады. Яғни, мал қабылдап, оны соятын кездері, басқа да қауырт жұмыстар туындаған шақта қажеттілікке қарай жұмыспен қамтылатындардың саны да көбейеді. 
Жұмысшыларға берілетін тұрақты жалақы орташа алғанда 60 мың теңге болғанымен маусым кездерінде жемшөп дайындап, астық оратындар істеген жұмысына қарай 300 мың теңгеге дейін табыс табады екен. Ұжым мүшелеріне жағдайына қарай белгілі бір мөлшердегі шөп тегін беріледі. 
Тәжірибелі аға жұмысшы Света Досмайылова мен мал дәрігері Берік Нұрпейісов, жас мамандар Дәурен Береке мен Абдулла Мәулет еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүргендер қатарында.

Серіктестіктің атқарушы директоры Шахан Ауғамбаев: «Бір мезетте  5 мың басты бордақыда ұстамаймыз. Тиісті қоңдылыққа жеткендерін сойып, өткізіп, босаған орынға қайтадан мал қойып, алмастырып отырамыз. Өзіміз де мал өсіретіндіктен бұл орайда көп проблема туындай қоймайды. Бордақыға қойылатын малдың 30-40 проценті өзімізден екендігін айтсақ, атқарылып жатқан жұмыс ауқымын бағамдауға болады»,– дейді.

 

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ