Шаңыраққа жылу сыйлаған

Уақыты: 17.06.2018
Оқылды: 1505
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Әлеуметтің әлеуетін жақсарту жолында Жетісу жұртшылығын көгілдір отымен қамтамасыз ету басты мәселелердің біріне айналуда. Сондықтан да ауыл-аймақтарды газдандыру жұмыстарына өңір басшылығы баса назар аударып, халықтың көгілдір отынмен қамтамасыз етілуіне айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінде табиғаты көркем Талғар ауданында газдандыру жұмыстары жанданып келеді. Көпшілікті көгілдір отынмен қамтамасыз етуде бірнеше компаниялар жұмыс жасауда. Соның бірі облыстық мәслихаттың депутаты Нұрбаев Данияр Молдиярұлы басшылық жасайтын «Тәуекел газ құбырының» қимылы қарқынды.

Елбасының стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асырып, дамыған мемлекеттер қатарына қосылу жолында жасалып жатқан жұмыстардың маңызды бір саласының осы газдандыру мәселесіне тірелері сөзсіз. Аймақтарға көгілдір отынның келуі осыған дейін от жағып, көмір тасып, күл шығарудың машақатын көрген тұрғындардың тұрмысын жеңілдетумен қатар табиғаттың зиянды түтіннен тазарып, экологияның жақсаруына да ықпалын тигізері сөзсіз. Ал туризмнің қайнар көзіне айналған Талғар ауданы үшін мұның тиімділігі тіптен арта түскен. 
Талғар ауданының аумағына 11 селолық, 1 қалалық округ кіреді. Тұрғындарды көгілдір отынмен қамту жұмыстарының басталғанына 6-7 жылға аяқ басты. Алматыдай ірі мегаполиспен іргелес жатқан ауданның Бесағаш ауылынан бастау алған газ құбырының Талғар қаласына жетуі тұрғындарды өзгеше қуанышқа бөлеуде.
Арынды Ақсуда кіндік қаны тамған Данияр Молдиярұлы  газ саласындағы білікті мамандардың бірі ретінде танылып келеді. Орта мектепті үздік бітірген талапты жас алғашқы еңбек жолын қарапайым ұсталықтан бастап, «Алға» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жүргізуші болып та еңбек етті. Шағын және орта бизнес қанат жая бастаған осы жылдары Талдықорған қаласындағы «Қатипа» сүт кәсіпорнының менеджері ретінде  бес жылға таяу белсене еңбек еткен Данияр Нұрбаев қай кәсіптің болсын кілтін ашып, ілгерілету іскерлікпен қатар білімді де қажет ететіндігін сезінеді. Осы мақсатта еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында дәріс алып, құқықтық, экономикалық білім көкжиегін кеңейтуге күш салады. Атап айтсақ,  2008 жылы Ө. Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын «құқықтану», одан кейін Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «мұнай-газ ісі», ал 2015 жылы Т. Рысқұлов атындағы экономика университетін «экономика» мамандықтары бойынша тамамдап, білім қорын молайтуы кәсіпкерлік саласында нық қадам жасауына айрықша ықпал етеді.   Білімі-білігі толыққан Д. Молдиярұлы 2009 жылдан бастап «Тәуекел-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде тұрғын үй қоры және газ тұтынушы әлеуметтік нысандарының газдандыру шебері ретінде еңбекке араласып, осы саладағы тәжірибесін жани түседі. Мұның да өзіндік себебі жоқ емес. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Даниярдың әкесі Молдияр Нұрбаев аталған серіктестікті құрып, Қарасай ауданының Алматымен іргелес бірқатар ауылдарына газ құбырын тартумен айналысады. Алатаудың етегін ала жайғасқан Қарағайлы, Қырғауылды, Қарғалы сынды ауылдарға көгілдір газ келгендегі ел қуанышында шек болмаған. Халқымызды көгілдір отынмен қамтамасыз етуде аталған серіктестік жүйелі жұмыс жасап келеді. Газдандыру ісінің  білікті маманы М. Нұрбаев басшылық жасайтын «Тәуекел-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы күндері Алматы қаласындағы жаңа құрылған Наурызбай ауданы мен Қарасай ауданының Іргелі ауылына газ құбырын тартумен айналысуда.
Әке жолын жалғастырып, жетісулықтардың газбен қамтылуына қажыр-қайратын жұмылдыра білген Данияр Молдиярұлы басшылық жасайтын «Тәуекел газ құбыры» Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылы мен ондағы елді мекендерге шамамен 100 шақырымдық газ құбырын тартып, 10 мыңнан астам тұрғынның әл-ауқатының жақсаруына тың серпін берген.
– Ауылдарды көгілдір отынмен қамтамасыз етуде барлық қызмет түрлерін көрсетеміз. Оған монтаж жасау, сынақтан өткізу жұмыстары кіреді. Бұл орайда арнайы лицензиямыз да бар. Жалпы, көгілдір отынға қосылған тұтынушыларға жоғары сапада қызмет көрсетуге бар мүмкіндік жұмылдырылады. Ең бірінші мәселеде газ түсіру құнының халыққа қолжетімді болуы қадағаланады, – дейді «Тәуекел газ құбырының» басшысы Данияр Молдиярұлы. – Қазыналы қазақ елі газ қорына бай мемлекеттер қатарына жатады. Сондықтан да газды алыс қашықтыққа тасымалдау арқылы тұрғындарды сапалы отынмен қамтамасыз етуге болатындығын көптеген тәжірибелер дәлелдеуде. Біз де өз кезегімізде озық технологияларды пайдалана отырып, ұзақ уақытқа дейін қолдануға болатын құбыр желісін іске қосуды қолға алдық. Елімізді көгілдір отынмен қамтамасыз етуде түрлі жобалар мен бағдарламалардың іске асырылып жатқаны белгілі. Біздің серіктестік осы салада тиянақтылық танытып, атқарылған жұмыстардың сапасына баса назар аударуда, – дейді серіктестік басшысы. 
Бұған өткен қыстың қақаған сары аязында аталған аудан тұрғындарының көгілдір отыннан тапшылық көрмегені дәлел болса керек. «Тәуекел газ құбыры» серіктестігінің серпінді қимылының нәтижесінде Алматы-Талғар күрежолының бойында жатқан Бесағаштан бастап Тұздыбастау, Белбұлақ, Бірлік, Талдыбұлақ, Қызылқайрат ауылдары жұртшылығының басым бөлігі газ құбырына қосылып, 15 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынның қызығын көруде. Бүгінде бұл жұмыстардың ауқымы артып, Алматы-Құлжа күрежолындағы Панфилов селолық округі де газдандырылуда. 
Жасыратыны жоқ, ел ішінде тұрмыстық жағдайы төмен және көпбалалы отбасылар, Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері, мүгедек жандар да көптеп кездеседі. Осы себепті, газ түсіруде қаржысы қолбайлау болған мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қолұшын созуды өзінің азаматтық  парызы санайтын серіктестік басшысы        Д. Нұрбаев «Тәуекел газ құбыры» қамтамасыз етіп отырған Жамбыл мен Талғар аудандарындағы бірнеше мешіт пен мектептердің, балабақша мен мүгедек балалар үйінің тегін қосылуына, сондай-ақ, жоғарыда атап өткеніміздей, әлеуметтік жағдайы төмен жандарға жеңілдіктер жасап, «көгілдір отынмен» қамтамасыз етудің мүмкіндіктерін қарастыруды назардан тыс қалдырмаған. 
Осы уақыт аралығында кәсіпкердің «Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалымен бірлескен қайырымдылыққа толы іс-шаралары жібін үзбей жалғасып келеді. Жаны жомарт, жүрегі кең азаматтың әлеуметтік мекемелерден бөлек соғыс және еңбек ардагерлеріне жасаған жақсылығы да аз емес. Мысалға айтсақ, биылғы жылы Талдыбұлақта тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Алхам Рахметжанов пен қызылқайраттық еңбек ардагері, қаламы қарымды тұрақты тілшіміз Иса Өскенбай аталарымызға тегін газ түсіріп беріп, ақ баталарын алған. Бұған қоса, тұрмысы төмен жандарға да жартылай жеңілдіктер жасап, «көгілдір отынның» рахатын көруге көмектерін аямаған. Жаны ізгілік пен мейірім-қайырымға толы Данияр Молдиярұлының қасиетті Рамазан айында да газға қосылуға ниетті тұрғындарға 30 пайыз жеңілдік жасағандығын ерекше атамақпыз. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысқан аудан тұрғындары «қыстың қамын жаз жасауға» әрекет етіп, «көгілдір отынға» қосылып қалуға тырысқан. Осы тұста жер жаннаты Жетісудың қалың жұртшылығының жан азығына айналған «Жетісу» газетінің ғасырлық мерейтойына тарту ретінде газет тілшісіне де газ түсіруде үлкен жеңілдік жасағанын айрықша атағым келеді.
Мұның барлығын жіпке тізгендей етіп жазуға аса құлық танытпаған азаматтың ар алдындағы адалдығы абыройын асырып, мерейін тасытып келеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекер айтқан ба? Көпті көріп, көңілге түйгені мол Молдияр әке мен Алтынсара ана ұлы Данияр мен қыздары Манат пен Эльмираның бойына ұлттық тәлім-тәрбиенің дәнін егіп, адамгершіліктің асыл қасиеттерін сіңірген. Қара шаңырақтың берекесі мен мерекесіне айналған  Данияр мен Лейлә Әділқызы екеуінің төрт баласы да ата жолын жалғастыруда өнегелі ұл-қыздар боп өсіп келеді. 
Жаны ізгілікке толы азамат халықтың жай-күйіне көңіл аударып, ел экономикасының ілгерілеуіне қарлығаштың қанатымен су сепкендей септігін тигізуден еш аянып қалмауда. Соның нәтижесінде  500-ге жуық адамды еңбекпен қамтып отырған «Тәуекел газ құбыры» ЖШС сынды үлкен ұжымға білікті басшы бола біліп, іскерлігімен танылған Данияр Молдиярұлы 2016 жылы наурызда Талғар ауданы №22 сайлау округі бойынша ҮІ шақырылған Алматы облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған. Содан беріде халық қалаулысы ретінде өзінің сайлауалды бағдарламаларының орындалуына жете мән беріп, әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелердің түйінін тарқатуға білім-білігін арнап келеді. Облыстық  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су және жылумен қамтамасыз ету желілері бойынша тұрақты комиссияның мүшесі ретінде де бірқатар проблемалардың шешім табуына атсалысуда. Қоғам дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген халық қалаулысы Д. Нұрбаевтың газдандыру мен қайырымдылық жасаудағы еселі еңбегі еленіп, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Құрмет грамотасымен, Елбасының және «Қазақстан ардагерлері» ассоциациясының Алғыс хатымен марапатталған.
Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулып, өршіл де намысты болып қалыптасуы жолындағы тәлім-тәрбиелік іс-шараларды қаржыландыру, мемлекеттік мерекелерде соғыс және еңбек ардагерлеріне әлеуметтік көмек көрсетуді дәстүрге айналдырған атымтай жомарт азамат Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесінде талдыбұлақтық соғыс ардагерлері А. Рахметжанов пен П. Кофтунға азық-түлік толы себеттер тарту етіп, сый-құрмет көрсетті.
Олай болса, жақсылық жасаған сайын кеудесін қуаныш кернеп, еңсесі биіктей түсетін облыстық мәслихаттың депутаты, «Тәуекел газ құбыры» ЖШС-нің директоры Данияр Молдиярұлының сан мыңдаған шаңыраққа жылу сыйлаудағы сүбелі еңбегі еселене бермек.

Ұлбосын ИСАБЕК
Талғар ауданы