ЕЛ КУБОГЫ САРАПҚА САЛЫНАДЫ

Уақыты: 19.06.2018
Оқылды: 972
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Облыста эндуро бойынша Қазақстан Республикасының кубогі үшін жарыс өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында чемпионаттың ақтық кезеңінің ұйымдастырушысы, Adventure Life қоғамдық ұйымының төрағасы Александр Артющенко мәлімдеді.

 

   Эндуро бойынша Қазақстан кубогы  сарапқа салынатын бәсеке – мотоцикл және квадроциклдармен жолсыздықта жылдамдық, уақыт пен шыдамдылық сынға түсетін біркүндік жарыс. Біріншілік кез келген ауа райы жағдайында бірнеше айналмадан, тауға өрмелеу, таудан түсу, табиғи және қолдан жасалған кедергілерден өтуден тұрады. Эндуро бойынша жарыс 4 кезеңнен тұрады. Алғашқы үш кезеңі Алматы және Қарағанды облыстарында өткізілді. 
– Жарыстың ақтық кезеңі Текеліде 23 маусым күні өтеді. Бұған дейін эндуро бойынша жарыс өткізілген жолда болады. Жарыс күрделі жолсыздықта ұйымдастырылып, классикалық эндуро жолына сәйкес трамплиндерден, түрлі бұрылыстардан құралады. Чемпионатқа Қазақстан, Ресей, Қырғызстаннан 100 мотоциклмен және квадроциклмен жарысушылар қатысады деп жоспарлап отырмыз, – деді Александр Артющенко.
   Марапаттау 6 класс бойынша бірінші және үшінші орындарға дейін өтіп, жеңімпаздар супер жүлдеге ие болады. Олар – Juniormoto 50 класы – 5-9 жас аралығы, Juniormoto 65 –  9-12 жас аралығы, Эндуро әуесқойлары –13 жастан жоғары, Soft эндуро – 14 жастан жоғары, Hard эндуро – 14 жастан жоғары, ATV 4x2 15 жастан жоғары азаматтар қатыса алады.
– Эндуро – ең шыдамды және мықты адамдардың жарысы. Қанда адреналин артып, кез келген адамды қалжыратып жібереді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, сайыста чемпиондар да жеңіліп жатады. Сондықтан дене күші мен тыңғылықты дайындық аса маңызды, – деді жарысқа қатысушы Игорь Пустынский.
   Облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілі Әсел Көбентаеваның айтуынша, спорттың экстремалды түрі бойынша жарыстың өткізілуі өңірдегі спорттық туризм әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
– Өздеріңіз білетіндей, осыған дейін облыста параплан бойынша Әлем кубогы өтті, ендігі таңда эндуро бойынша Қазақстан Кубогы ұйымдастырылуда. Бұл өз кезегінде Жетісу жерінің туристік әлеуетін, соның ішінде спорттық туризмді дамытудың перспективасын көрсетуде. Аталмыш шараларды ел ішінде, халықаралық деңгейде көптеп насихаттауымыз қажет, – деді спикер.
Айта кетейік, Қазақстан Кубогының басты мақсаты – дене шынықтыру мәдениеті мен спорттық туризмді насихаттау, мотоциклді спорт әуесқойлары арасында танымал ету, жастардың назарын спорттың техникалық түрлеріне аудару болып саналады.

Айгүл Байжұмақызы