Асқар Бекбергенов: "Кеден кедергісіз жұмыс істеу үрдісіне бет бұрды"

Уақыты: 21.06.2018
Оқылды: 1208
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жаһандану қарқын алған сайын кеденде жаңа талаптар жиынтығы артуда. Олардың негізгілерінің бірі  – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы тұрғысында озық технологиялар мен автоматтандыру процестерін енгізу және рұқсат құжаттары мен бақылау функцияларын азайту арқылы бизнес өкілдеріне қолайлылық жасау. Осы орайда кеден саласындағы электрондық декларациялау жүйесінің енгізілуі күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің біріне айналды. Осы бағытта жасалып жатқан жұмыс төңірегінде облыстық мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл» кеден бекетінің басшысы Асқар Бекбергеновті әңгімеге тартқан едік.

– Асқар Қорқытбайұлы, кеден саласында енгізілген электронды декларациялау төңірегінде әңгіме өте көп. Сондықтан да  сұхбатымызды  «Электронды декларациялаудың маңызы мен ерекшелігі неде?» деген сұрақтан бастасақ?
– Жалпы, кеден саясатының негізгі міндеттерінің бірі – сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға тиісті жағдай жасау және сыртқы сауда айналымын жетілдіру мақсатында кедендік бақылау мен ресімдеу функцияларын еш кедергісіз жүргізу. Яғни, шекарадан өтетін тауарлар мен көлік қозғалысын жеделдету, құжаттар санын азайту және кеден қызметкері мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушы арасындағы тікелей байланысқа жол бермеу. Ол үшін кедендік бақылау мен ресімдеудің бүкіл процестері автоматты түрде тәуекелді басқару циклына көшуі керек. Осы орайда 1 сәуірден бастап импортталатын тауарларға байланысты «Астана-1» автоматтандырылған электронды жүйесі енгізілгенін айта кеткен жөн. Бұл жүйенің ерекшелігі – сыртқы экономикалық қызметпен айналысушылар кедендік декларацияны ғаламтор арқылы  өзінің жұмыс істейтін кеңсесінде отырып-ақ жібере алады. 
«Астана-1» электронды жүйесінің  өркениет талабына байланысты ерекшелігіне тоқталар болсам, біріншіден, электронды декларациялау бірыңғай технологиялық платформа шеңберінде барлық процесті интеграциялауға мүмкіндік береді. Екіншіден, мәліметтерді ақпараттық талдау, статистикалық мәліметтер алу мен тиісті мониторинг жасау жеңілдейді. Үшіншіден, кедендік құжаттарды форматтауды бір жүйеге түсіреді. Төртіншіден, тәуекелді басқару мен пост-аудит жұмысын дамытуға ықпал етеді.  Бесіншіден,  кедендік төлемдерді өндіру мен есепке алу жұмыстарын автоматты түрде жүзеге асырады. Алтыншыдан, тауардың тиісті рұқсаттық құжаттары бойынша тарифтік емес бақылау шеңберінде басқа да бақылаушы органдармен байланыс шараларын бірыңғай  база бойынша автоматты түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мысалы, электронды декларациялау енгізілген екі айдан астам уақыт ішінде «Астана-1» электронды жүйесі бойынша «Алтынкөл» кеден бекетіне қарасты «Қалжат», «Жаркент», «Алтынкөл» өткізу пункттері мен шекара маңы халықаралық ынтымақтастығы «Қорғас» бақылау-өткізу пункттерін (МЦПС) қосқанда 2759 тауардың декларациясы ресімделді. Алдағы уақытта бұл цифрлық көрсеткіш бірнеше есеге көбейетіні анық. Сол үшін облыстық кірістер департаментінің ұжымы мен оның басшылары тарапынан сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға арнап консультативтік кеңестер мен «дөңгелек үстелдер» және семинарлар өткізіліп,  бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде түсіндіру қолға алынуда.
– Осы орайда кеден қызметкерінің және адам факторының ықпалынсыз жүзеге асырылатын «Тәуекелді басқару жүйесі» дегенге толық түсінік бере кетсеңіз?
– Тәуекелді басқару жүйесін енгізу Бүкіләлемдік сауда ұйымы мен Бүкілдүниежүзілік кеден ұйымының талаптары негізінде жүзеге асырылып отыр. Электронды декларациялау дегеніміз – сол тәуекелді басқару жүйесін автоматты түрде жүзеге асыратын тетік. Қазіргі уақытта осы екі халықаралық ұйымға мүше болу арқылы еліміздің экономикалық дамуы үшін халықаралық кеңістікке үлкен жол ашылды. Бізге аталған халықаралық ұйымдардың сарапшылары келіп, атқарылған істерге жоғары баға беруде. Сонымен қатар, Елбасы өзінің «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» атты бес институционалды реформасының 38-қадамында экспортерлар мен импортерлар үшін кедендік процедуралардан өту кезінде «Бір терезе» қағидатын енгізу, электронды декларациялау жүйесін дамыту және тауарға қатысты құжаттар саны мен оларды тексеруден өткізу уақытын қысқарту жөнінде маңызды міндеттер қойды. Еліміздің дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену үшін Бүкілдүниежүзілік банкінің «Doing Business» рейтингі бойынша барлық көрсеткішті  жақсарту жөнінде республика үкіметіне нақты тапсырмалар берді.  Осы орайда қолданыстағы заң саласындағы қолайлы реформаларды жүзеге асырудың, әкімшілік қысымға тосқауыл қоюдың, рұқсат беру         жүйесін жетілдіру мен оңайлатудың  және бизнес климатты жақсартуда тиісті процедураларды бір жүйеге келтірудің алғышарттары жасалды. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы аталмыш банктің сарапшылары жасаған рейтинг бойынша 2016 жылы 51-орында болса, 2017 жылы 35-орынға көтерілді.  Алдағы уақытта электрондық декларациялаудың енгізілуі мен тәуекелді басқару тетіктерінің жетілдірілуі біздің елдің «сыртқы сауда» индикаторы бойынша жұмыс нәтижелерін де жақсартары анық. Болашақта кеден саласы кедергісіз жұмыс істеуге толықтай көшеді. 
Ал енді тәуекелді басқаруға  тоқталсақ. Импортталатын тауарлардың құрылымына және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың тәуекел категориясына байланысты кедендік ресімдеу кезінде тауардың декларациялары «жасыл», «көгілдір», «сары» және «қызыл» дәліздерге бөлінеді.  Бұл дәліздердің барлығы кеден қызметкері арқылы емес, тәуекелді басқару жүйесі арқылы автоматты түрде айқындалады. Атап айтсақ,  кедендік ресімдеу кезінде тәуекелді басқару жүйесі автоматты түрде тауардың құрылымына байланысты «кедендік құнды тексеру», «сараптама жасау», «кедендік тексеру»  немесе белгілі бір тауарларға байланысты ғана тәуекелді көрсетуі мүмкін. Сол кезде кеден қызметкері тәуекел бейімі көрсеткен шеңберде ғана әрекет ете алады.  Атап айтсақ, кедендік ресімдеу кезінде  автоматты түрде тәуекелді басқару бойынша «жасыл дәлізге» түскен тауардың декларациясы ешбір кедергісіз және тексерусіз шығарыла береді. Әрбір тауар декларациясының тіркелген уақыты мен шығарылған уақыты автоматты түрде қатаң бақылауға алынған. Егерде тауардың декларациясының шығарылу мерзімі тәуекел бейімі бойынша көрсетілген дәліздегі  уақыттан  белгісіз себеппен асып кететін болса, онда кеден қызметкерінің үстінен  қызметтік тексеру жүргізіліп, тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Яғни, кеден қызметкері мен тауар иесінің немесе декларанттың арасында ешқандай тікелей байланысқа, былайша айтқанда адам факторының ықпал етуіне жол берілмейді және сол арқылы қоғам болып күресіп жатқан сыбайлас жемқорлық әрекеттерге тосқауыл қойылады. 
– Кедендік төлемдерді ұлғайту және құқық тәртібін бұзушылықтың  алдын алуда қандай нәтижелерге қол жеткізілді? 
– Бұл мәселе бойынша Алматы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінде  кеден заңдылығының қатаң сақталуына қатысты бақылау-профилактикалық шараларды жүзеге асыратын жұмысшы тобы бар. Кедендік ресімдеуден бастап кедендік тексеруге дейінгі барлық жұмыс процестері бақыланады. Әрбір кеденшінің іс-әрекеті басшылықтың ғана емес, ішкі қауіпсіздік қызметі мен экономикалық қылмысқа қарсы күрес қызметкерлерінің де назарында болады. Соның нәтижесінде тауардың декларациясында мәлімделетін тәуекелге жататын тауарлардың үлес салмағы он есеге азайып, кедендік төлемдерді өндіруде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілді. 
Бес айдың ішінде республикалық бюджетке кедендік төлемдер мен салықтардан түскен пайда 11 миллиард 164 миллион 616 мың теңгені құрады.  Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 52 пайызға артық. Бұған қоса импортталатын әр жүк көлігінен өндірілетін кедендік төлемдер орта есеппен екі есеге ұлғайды. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға тиімді жағдайлар жасау нәтижесінде тауар айналымы да күн санап артып келеді. Жалпы фискалдық сала ғана емес, кеден заңнамасын бұзуды әшкерелеу бағытында да оң өзгерістер бар. 
– «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастығы орталығы бақылау-өткізу  пункті ашылғанда көрініс берген проблемалар әлі бітпеген сияқты. Осы мәселенің себеп-салдарына тоқтала кетсеңіз?
– Әрине, жұмысымызда кемшілік жоқ деп айта алмаймын. Атқарылатын жұмыс әлі жетеді. «Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастығы орталығында ақшаға жалданып, басқа біреулердің («челноктардың») тауарын шығарып беретіндермен  («несундар») күрес табанды түрде жалғасуда. Ондайлар кедендік төлемнен жалтару үшін небір құйтырқы әрекеттерге барады. Дегенмен, қазір  тәртіп біршама орнады. Ең негізгісі –  ішкі істер органының қызметкерлерімен бірлесе отырып күрес жүргізудің нәтижесінде кеденшілер мен жекелеген адамдарға ықпал ететін бандиттік құрылымдардан құтылдық. «Несундарды» қатаң бақылауға алудың нәтижесінде  заңсыз тауар айналымы да азайды.  Орталықта   тиісті тәртіп орнату жолында негізгі шаралар жиынтығы қолға алынуда. Соның бірі – тауар айналымын есепке алуды цифрландырып, тауарды жолаушылар айналымынан бөлшектеу. Осы орайда, 10 мамырда департамент басшылығының ықпал етуімен көрші елмен  тиісті келісімдер жасалды. Қытай тарапы өз жағына тауар айналымы мен жолаушылар көлемін дұрыс бақылауға алу үшін дүкендерде сатылған тауарлар мен адамдардың есебін дұрыс жүргізу мақсатында серверлік қондырғы мен жүйені тестілеу турникетін орнатады. Бұл шара келісім бойынша 20 тамызға дейін аяқталуы тиіс. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді ғой қазақта. Сондықтан да бұл орталықта да темірдей тәртіп орнайтын күн алыс емес деп ойлаймын. 
Қорыта айтқанда, кеденде кедергі көп деген стереотиптік пікірден арылатын уақыт келді. Өз кәсібін сыртқы саудамен байланыстырамын деген адамдарға әрдайым есік ашық. Халықтың осыны білгені абзал.
 
 

Бекен Төлеужанұлы, 
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 
С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты