Жеңімпаздар марапатталды

Уақыты: 30.06.2018
Оқылды: 1289
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі өтті. Оған облыстың түкпір-түкпірінен келген елуден аса өндіріс ошақтары қатысып, өнімдері көпшіліктің назарына ұсынылды. Салтанат сарайында үздік деп танылған бірнеше кәсіпорын иелері марапатталып, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.

Байқауға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ арнайы келіп, ұйымдастырылған шараны тамашалады. Көрмені аралау кезінде кәсіпкерлермен жүздесіп, олардың еңбектеріне лайықты бағасын берді және ақыл-кеңестерімен де бөлісті. Сондай-ақ, бұл шараға «Атамекен» ҚР ҰКП байқауларды ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Әбдікәрімова, облыстық өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықова, кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов және бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың өкілдері шақырылды. 
Мерекелік шараға қатысқан тауар өндірушілер өздерінің өндіріс орындарында шығарған отандық өнімдерін сөрелерге жайғастырып, жиналғандардың назарына ұсынды. Мұндағы айрықша тауарлар тамашалаушыларды бейжай қалдырған жоқ. Оған қала тұрғындары мен қонақтарының үздік компаниялардың өнімдеріне қызығушылық таныта отырып, оларды өзіндік құнына сатып алғаны дәлел. Көрмеде ет, сүт, бал өнімдері мен нан түрі мол болды. Халық тұтынатын басқа да бұйымдар көп кездесті. 
Амандық Ғаббасұлы Салтанат сарайында жиналғандар алдында сөз сөйлеп, аталған сала бағытында облыс көлемінде жүзеге асырылып жатқан оңды істер мен қол жеткізіліп жатқан тың табыстарды әңгімелеп, кәсіпкерлердің ісіне табыстылық тіледі. Бұдан соң аймақтағы алдыңғы қатарлы өндіріс орындарының иелерін құттықтап, оларға барынша сый-құрмет көрсетті. Нәтижесінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халық тұтынатын үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлар» аталымдары бойынша үздік кәсіпорындар марапатталды.    
Мәселен, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша І орынға «Алюгал» ЖШС, ІІ орынға «КазТекИнвест» ЖШС, ІІІ орынға «Dolce Pharm» ЖШС ие болды. «Үздік азық-түлік тауарлар» аталымында І орынмен «Сұңқар» Алматы құсфабрикасы» ЖШС, ІІ орынмен «Danone Berkut» ЖШС, ІІІ орынмен «Шин Лайн» ЖШС марапатталды. «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталамында үздік болып  «Kagazy Recycling» ЖШС танылды. ІІ орын «Алматинская Матрасная Фабрика» ЖШС-не берілсе, ІІІ орын «Дархан МНМ» ЖШС-не табысталды. Сонымен бірге биыл «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» атты қосымша аталым тағайындалып, үздік компаниялар марапатталды. Бұл номинация бойынша І орын «Строитель» ЖШС, ІІ орын «Idea» дизайн студиясына, ІІІ орын «InSmart» компаниясына табыс етілді. 
Сонымен бірге бірінші орын иегерлеріне байқаудың республикалық кезеңіне қатысуына жолдама берілді. 
Еске салсақ, «Қазақстанның үздік тауары» байқауын 2006 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық кәсіпкерлердің өндірген өнімінің сапасын арттыруға бағытталған қызметін жандандыру, облыс нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жәрдемдесу, халық арасында сапа идеясын кеңінен таныту мақсатында тағайындаған болатын. 2015–2016 жылдары облыс кәсіпорындары арасында республикалық деңгейде «Рыбпром» ЖШС («Үздік азық-түлік тауарлар», 1-орын), «Алматы бояулары» ЖШС («Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», 3-орын) жеңімпаз атанды. Байқау тарихында облыстағы кәсіпорындар республикалық деңгейде 7 рет жүлделі орынға ие болған. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА