Аяқкиімге сұраныс жоғары

Уақыты: 10.07.2018
Оқылды: 1069
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Сарыөзектік  Асқат Талғарбаев екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың бірі. Туғаннан есту және сөйлеу қабілетінен айырылған. Десек те ол өте дарынды әрі ерекше күш-қуатқа ие. Сондықтан болар, алдына қойған мақсаттарына да біртіндеп қол жеткізіп келеді. 

Кәсіпкерлер палатасының Кербұлақ аудандық филиалының басшысы Болат Тастанбековтің айтуынша, Асқат филиалға келіп, кәсіпкерлік саласындағы соңғы жаңалықтар мен өзгерістер туралы жиі біліп тұрады.    
– «Қолынан бал тамған шебер болған соң Асқатқа аяқкиім тігу мен жөндеу цехын ашуды ұсындық. Бұл істе тәжірибесі бар. Өндірісті ұйымдастыру үрдісімен таныстырып, бизнес-жоспарды әзірлеп бердік. Кейін сурдоаудармасы бар «Бизнес Кеңесші» жобасына жазылды. Оқудан өтіп, білім алған соң мемлекеттік грант алуға өтінім берілді, – дейді Болат Батырханұлы. 
Асқат Талғарбаев жобасын сәтті қорғап, комиссия шешімімен «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ақысыз грантқа ие болды. 1,5 млн. теңге сомасындағы қаражат тиісті құрал-жабдықтар мен материалдар және шикізат алуға жұмсалды. Сонымен бірге, жас бизнес өкілін Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы тіркеу, құжаттарды дайындау бойынша сүйемелдеп, қолдау көрсетті. Аяқкиім тігу мен жөндеу цехы өткен жылдың соңында салтанатты түрде ашылды. 
Шараға аудан басшылығы, тұрғындар, кәсіпкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Бүгінгі таңда цехта Асқат сияқты мүмкіндігі шектеулі үш адам жұмыс істейді. Айына қырық пар аяқкиім тігіледі. Бұйымға қажет былғары Шығыс Қазақстаннан әкелінсе, ұсақ-түйек заттар ресейлік өндірушілердікі. Айта кетейік, аз уақыт ішінде ASKHAT брендімен шығарылған отандық өнімдер көпшіліктің ықыласына бөленіп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыстар түсуде. 
– «Жақында біз жүнді теріден тігілген жылы етікке Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан 2000 данаға тапсырыс алдық. Ендігі мақсат – осы сынды тапсырыстарды уақытында орындау үшін цехты кеңейту. Сонымен бірге, балаларға арналған аяқкиімдер шығаруды да жоспарлап отырмыз, – дейді кәсіпкер Асқат Талғарбаев. 
Еске салып өтейік, өткен жылы облыста кәсіпкерлік негіздері бойынша «Бизнес Кеңесші» екі күндік оқу курсына 1300 азамат қатысып, олардың 200-ге жуығы жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. 120 қатысушы жалпы сомасы 340,4 млн. теңге көлеміндегі қаржыландыруға қол жеткізді. 

Айгүл Байбосынова
Кербұлақ ауданы